Мектеп директоры ақша жинауға міндеттеп, қысым көрсетсе... - Білім|20 Қазан 2016, 09:57
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Мектеп директоры ақша жинауға міндеттеп, қысым көрсетсе...

Фото: Газета Диапазон

ҚР Конституциясында "Азаматтарға мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуға кепілдік беріледі" деп жазылған.

Демек, осы елдің азаматтары болғандықтан конституцияда жазылған ережелерге барлығы бағынуы керек. Алайда, адалдық пен әділдікке баулитын бірден- бір орын мектеп бола тұрса да, қазіргі таңда білім ошақтарының өзі жемқорлықтың айқын көрінісі іспетті. Олай деуге оқушылардан үздіксіз ақша жинау фактісі негіз болып отыр. Өйткені, жыл бойы мектеп қоры, сынып қоры, мектептің жөндеу жұмыстары мен мектепке қажетті жиһаздар сатып алу үшін қыруар ақша жиналады. Мектеп оқушыларының ата- аналары балаларынан мектеп басшылығы заңсыз ақша жинайтындығын алға тартса да, кейбіреуі оны ашық жариялауға жасқанады. Себебі, олардың бұл әрекеті баласының оқу үлгеріміне әсер етуі мүмкін. Оқушылардың өздерінің айтуынша да сабаққа берілген 45 минуттың кем дегенде 15 минутын сынып жетекшілері ақша жинаумен өткізеді. - Баламның айтуынша сынып жетекшілері сабаққа бара сала алдымен "оқуға", "сынып қорына" ақша әкелдіңдер ме деп, біраз уақытты сол үшін жұмсайды екен, - дейді 5-сынып оқушысының анасы Жауһар Қалиякперова. - Тіпті, кей кездері ақша жоқ болып, кешеуілдетсең баламыз барлығының көзінше ұрыс естимін дейді. Осылайша, қазіргі мектеп оқушылары оқу үлгерімінің нашарлығына емес, мектепке ақша бере алмағандығы үшін ұялатын болған.

Жаңа оқу жылы басталар уақытта ШҚО Білім басқармасының басшысы Айжан Садықова мектеп директорларымен кездесу өткізіп, осы мәселе жайы талқыланғандығын айтқан болатын. - Менің жеке блогыма ата- аналардан сынып қорына ақша жинау, мектептің ішкі-сыртқы абаттандыру жұмыстарына ата- аналарды тарту және жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты шағымдар түсіп жатады, - дейді Айжан Ерханқызы. - Үстілерінен шағым түскен мектеп директорларын Білім басқармасына шақыртып, ата-аналарға ондай талап қоюға ешқандай құқықтары жоқ екендігі қадағалап түсіндірілді. Облыстық бюджеттен жалпы мектептің жөндеу жұмыстарына ғана қаржы бөлініп, қалған ішкі, ұсақ-түйектері үшін ақша қарастырылмайтыны анық. Сол себепті де мектеп директорлары сыныптың ішкі жиһаздарын, сыныпқа жыл сайын жөндеу жұмыстарын жүргізуді оқушыларға жүктейді.

- Мен түсінемін, әр мектепке бюджеттен ондай жұмыстар үшін қаражат бөлінбейді. Яғни, тек жалақыға, ағымдағы шығындарға, ал мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына 3-4 жылда бір рет қаржы бөлінеді. Ал қалған басқа да керек-жарақтарын мектеп өзі сатып алады, - дейді Айжан ханым. - Міне, осы күрделі мәселені шешу үшін мектеп түлектерін тарту керек. Америкадағы бар "фандрейзинг" тәжірибесін қолданған тиімді. Басқарма басшысының айтқан тәжірибесі бойынша кез келген оқу орнының түлектері өз ассоциацияларын құрады, сол ассоциацияға мүшелік жарна төлеп отырады. Сол мүшелік жарна оқу орнының керек- жарақтарына жұмсалады.

Алайда, ата-аналардан жиналып жатқан қаржының қаншасы шынымен мектеп үлесіне, қаншасы директордың қалтасына кетіп жатқанын кім білсін. Әбден құныққан директорлар осы күнде оқушыларды қойып, оқытушылардан да ақша талап етеді. Мәселен, жақында ғана Солтүстік Қазақстан облысында директор өтірік адамдарды жұмысқа алып, соның атынан ай сайын тұрақты жалақы алып отырған екен. Соның салдарынан бюджетке 1 миллион 200 мың теңге шығын келіпті. Одан өзге елімізде оқытушылардың мектепке жұмысқа орналасуы үшін, сағат қостырып алғысы келсе, аттестациядан сүрінбей өтуі үшін де пара беретін оқиғалар жиі кездеседі. Осы орайда айта кетейік, ата-аналар мектеп директоры тарапынан ақша жинауға міндеттеліп, қысым көрген жағдайда ШҚО Білім басқармасының 70-28-28 сенім телефонына хабарласа алады.

Назерке Нұрболатқызы


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер