Көптілді игеру - қажеттілік - Білім|15 Қараша 2016, 12:05
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Көптілді игеру - қажеттілік

Халқымыз бұрыннан тіл абыройын биік көтеріп, "Өнер алды - қызыл тіл" деп, сөз өнерін бар өнердің алдына қойған, жоғары бағалаған. Ежелден тілге жетік, бірнеше тілді меңгерген адамдарды ерекше қадірлеген, тілдің құдіретті құрал екенін бағалаған. Ата-бабамыз "Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл" деген сөзін бүгінгі дәуірімізге арнап айтқандай. Қазір ғылымның қарыштап даму жолында көптілді білген жастар еркін самғап, әлемдік ғылым құпияларына оңай үңілуде, өз қабілетін мүмкіндігінше танытуда. Елбасы Н.Ә.Назарбаев: "Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын жоғары білімді ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі - мемлекеттік тіл, орыс тілі - ұлтаралық қатынас тіл және ағылшын тілі - жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі" деген болатын. Әлемнің алпауыт мемлекеттер қатарына кіруіміз үшін халықаралық тілдерді білуіміз керек. Сол халықаралық тілдердің ішінде еш- кімге шаң жұқтырмас, алда келе жатқан негізгі тіл - ағылшын тілі. Бизнес, туризм, ғылым, білім беру жүйесі, денсаулық сақтау саласы, ғаламтор, киномотограф, әлемдік жобалар, саяси кездесулер мен жиындар, спорттық жарыстар мен олимпиадалар ағылшын тілінсіз өткен емес. Ағылшын тілі - әлемде ең көп тараған тіл. 2 млрд.тан асатын халқы бар Ұлыбритания мен АҚШ-тың мемлкеттік тілі. Кітаптың 33 пайызы ағылшын тіліне, 15 пайызы француз тіліне, 1 пайызы неміс тіліне аударылады екен. Осы мәліметтерден ағылшын тілінің қолдану аясының кеңдігін байқауға болады. Қазақ данышпандары да тілді көп білу арқылы білімдерін толықтырып отырған. Атақты Әбу Насыр әл-Фараби 70-ке жуық тіл білген, ғылымдардың атасы атанған. Ел билеу ісінде хан, патшалар көп тілді білу міндетті саналған. Тіл білу арқылы өзге патшалықтың мәдениетін, салт-дәстүрін, саясатын түсініп отырған. Қазақ хандығын құруда ерекше аталатын Керей мен Жәнібек, ХVІІ ғасырда өмір сүрген Абылайхан мен үш жүздің билері: Төле, Қазыбек, Әйтеке билер араб, парсы, шағатай, орыс тілі, түркі, қытай, қалмақ тілдерін жетік білген, өте білімді болған, кез келген келіссөздерге тікелей өздері қатысып, дауды шешіп отырған. Шоқан Уәлихановтың орыс, шағатай, араб, парсы тілінен өзге "Ыстықкөл сапарының күнделіктері", "Жоңғария очерктері", "Қытай империясының батыс провинциясы және Құлжа қаласы" ғылыми еңбектерінен қырғыз, қытай тілін жақсы білгенін көруге болады. Ол көп тілді меңгергенінің арқасында ғылымда жетістіктерге жеткен жоқ па? Ұлы ақын Абай атамыз "Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да - бәрі орыста тұр. Зарарынан қашық болуға, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек... Сен оның тілін білсең көкірек көзің ашылады, әр біреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды...

Орыстың ғылымы, өнері - дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі" - деген. Жастайынан араб- парсы, шағатай тілін жақсы біліп өскен болашақ ақын, орта жастан асқанда орыс тілін өз бетінше оқып, тамаша туындыларды аударды. Алпауыт елдің мәдениетіне, әдебиетіне қызығушылығы артқанда орыс тілін оңай меңгерген. Көптілді меңгеру өмірдегі қажеттіліктен туындайды. Елбасы Н.Ә.Назарбаев ағылшын тілін ғылымға апаратын жол, осы тілде жаңалық ашуға болатынын айтып, халықаралық тілді меңгеруімізге назар аударып, жағдай жасап отыр. Бар ғылымның негізі қаланатын мектепте ағылшын тілі мен орыс тілін бастауыш сыныптарда оқыту жолға қойылды. Бұл дегеніміз әлемде алдыңғы қатарлы мемлекеттер қатарында болуға ұмтылыс, талпыныс. Қазақстанда бірнеше тілде сөйлейтін жастар жеткілікті. Көп тілді білу арқылы шетелдерге шығып, өзге халықтар мәдениеті мен салт-дәстүрлерімен танысып, көп нәрсеге қол жеткізуде. Мысалы, саяхаттау, кәсіп игеру, бизнеспен айналысу, ғылыммен шұғылдану, аудармашылық ісі, елшілік қызметтер сияқты мақсаттарға жетіп жатыр. Үштұғырлы тілді меңгеру - еркіндіктің, бостандықтың, бүкіл әлем бойынша оңай білімге қол жеткізудің жолы, кепілі. Қазақстанның жастары үш тілді жетік біліп тұрса, еліміз алпауыт мем- лекеттерді білімімен басып озарына сенімдімін.

Жанна ОМАРОВА, №39 "Қызылөзек" орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қараөзек ауылы


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер