Фото: Оңтүстік Қазақстан газеті
Бүгінде ғалымды да, шахтерді де, тіпті ел басқарған президентті де оқытатын ұстаз. Жасыратыны жоқ, Түркияда ұстазды жұмыстан тек президент шығара алса, біздегі ұстаздың жағдайы мүлдем бөлек. Өкініштісі елімізде білімді мұғалімдер саны азайып барады. Қоғамның мазасын қашырған бұл мәселе елімізде аз көтіріліп келе жатқан жоқ. Осы ретте, «Оңтүстік Қазақстан» газеті зейнеткер ұстаз Көшкінбай Елікбаевтың аталған мәселе төңірегіндегі ой толғауымен бөлісіпті.
«Оңтүстік Қазақстан» газетінің осы жылғы 48-нөмірінде жарық көрген «Ер мұғалімдерді көбейту керек немесе бүгінгі ұрпақтың бойында жігітке тән мінез жоғалып барады» (27.03.2018) атты мақала көптен бері жұрттың көкейінде жүрген мәселені көтеріпті. Бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселені сөз еткендіктен, байырғы ұстаз ретінде қолыма қалам алып, өз пікірімді жеткізгім келді, дейді зейнеткер ұстаз Көшкінбай Елікбаев.
Бүгінде мектептерде ер мұғалімдердің азайып бара жатқаны мені де алаңдатады. Оқушылар арасындағы қылмыс, бұзақылық, тәртіпсіздіктің азаймай отырғаны, ер балалардың білім алуға деген ықыласының төмендеп, ер жігітке тән мінезінің жоғалып бара жатқаны да осы ер мұғалімдердің аздығынан деп ойлаймын.
Педагог ғалымдардың, психологтардың пайымдауынша, туған күнінен бастап өз анасының тәрбиесінде болатын баланың балабақшада, мектепте әйел мұғалімнің тәрбиесіне қайта түсуі олардың еркектерге тән мінезінің қалыптасуына кері әсерін тигізеді екен. Байқап қарасақ, әйел мұғалімдер тәрбиелеген ер балалар қыз мінезді болып барады. Мектепте балалар еліктейтін, идеал тұтатын ер мұғалімдер аз, тіпті жоқтың қасы.
Бүгінгідей соғыссыз, бейбіт заманда орта білім беру мекемелеріндегі ер азаматтардың үлес салмағының 18-ақ пайыз болуы өте төмен көрсеткіш. Дабыл қағатын жағдай. Бұл ұлттың болашағына алаңдаған әрбір зиялы азаматтың мәселе көтеретіндей жағдайы. Өткен ғасырдың алпысыншы, жетпісінші жылдары мен мұғалім болған уақытта Төлеби ауданында бір ғана әйел «Манкент» мектебінің директоры болатын. Ал, қазір...
Қанша дегенмен, ер мұғалімдер мектепте темірдей тәртіпті талап ете алады. Ер мұғалімдері көп мектептің оқушылары сабаққа, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады. Ұстаздардың көбі ер азамат болған соң да мұғалімдік ең беделді мамандық еді. Оқушылар да, ата-аналар да мұғалімді қатты сыйлап, құрметтейтін. Мұғалімнің төбесі көрінгеннен оқушылар бас киімін қолына алып, шетке ығысып амандасатын. Ұстаздың киген киімі, сөйлеген сөзі, жүріс-тұрысы бүкіл ауылға үлгі еді. Қаншама ауыл балалары соларға еліктеп өсті.
Мұғалімге бала түгілі ата-ана да қарсы келмейтін. Оның сөзіне құлақ асып, құрметпен қарайтын. «Мұғалімдікі жөн» деген ұғымды сол ер мұғалімдер көп болған заман қалыптастырды деп ойлаймын.
Қазір мұғалім сол беделден айрылып қалды. Қит етсе кім жаман – мұғалім жаман. Иіні жұмсақ әйел мұғалімдер жылап-сықтап шыға келеді. «Ойбай, күн бермей жатыр...» деп әйелдік байбаламға салады. Осыдан барып, мектептен береке кетіп, ұстаздан бедел қашты. Балаларының тәрбиесіздігіне ата-ана бас салып, мұғалімді кінәлайды. Мұғалім қоғамдағы ең қауқарсыз, құқығы тапталған адамға айналды.
Кеңес өкіметі кезінде жоғары сынып оқушылары күзде 2-2,5 ай мерзімін ауыл шаруашылығы жұмыстарында, мақта терімде өткізетін. Мұндай жұмыстарға ер мұғалімдерді жіберетін. Балаға бас-көз бола алатындығы, тәртіпті қатаң бақылайтындығы үшін. Ер балалар қия баспайтын. Осының өзі мектепке ер мұғалімдерді көбейту керектігіне мысал болып тұрған жоқ па?!
Мақаладағы «... мектептегі ер мұғалімдерді көбейту үшін алдымен педагогикалық білім беретін жоғары оқу орындарына ер балаларды көптеп тарту керек» деген педагог ғалым З.Қабылбекованың пікірін қуаттаймын. Оның үстіне Білім және ғылым министрлігі ер балалардың мұғалімдік мамандыққа түсуі үшін жыл сайын арнайы жеңілдіктер: грант, квота бөліп тұрса деймін. Сондай-ақ, мектепке ер мұғалімдерді тарту үшін бірсыпыра шараларды қарастыру керек. Мұғалімдердің жалақысы төмен болғандықтан, ер мұғалімдер отбасын асырау үшін жалақысы жоғары басқа салаларға кетіп жатады. Мектепте оларды тұрақтандыру үшін жалақысын мемлекеттік қызметшілердің жалақысына теңестіру керек және материалдық-әлеуметтік жағдайына көмектескен жөн (тұрғын үй мәселесі, жылына бір рет курорт, профилакторийлерге тегін жолдама беру, т.б.).
Сонымен бірге мектептерде мұғалімдік мамандықтың елімізде аса құрметті, мәртебелі, қасиетті мамандық екенін шәкірттер санасына жеткізудің шаралары: әңгімелер, білім саласында жемісті еңбек еткен ұстаздармен кездесулер жүйелі түрде өткізіліп тұрса, мектеп бітірген түлектердің осы мамандыққа баруына кәдімгідей ықпал етер еді. Әкімдіктер, білім бөлімдері жас ер ұстаздарды мектеп директорлығына батыл тартуы керек. Осындай іс-шаралардың барлығы мектепке ер мұғалімдердің тартылуына себепші болмақ. Түптеп келгенде, бұл шаралар оқушы ер балалардың тәрбиесіне ықпал етіп, болашақта өмірден қиналмай орындарын табуына ықпалы тимек.
Елбасы сөзімен айтқанда «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары. Мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады». Олай болса, болашағымызға бей-жай қарамайық.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!