BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Жеңіс автобусында» майдан әндері шырқалды

Фото: автордан

Жеңіс күні қарсаңында Көкшетаудың қоғамдық көліктерінде қала тұрғындары үшін ерекше акция ұйымдастырылды, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Қоғамдық көліктер арнайы безендіріліп, «Жеңіс автобусы» деген айдар тағылды. Жүргізуші, кондуктор, кітапхана қызметкерлері әскери киім киіп, қолында гармоны бар музыкантты алып, жолаушылармен бірге майдан әндерін шырқады.

Майданда шырқалған әндерді жолаушылардың тыңдауы - өткен күннен естелік, бүгінгі күнге шүкіршілік екеніне көз жеткізетінін айтады көкшеліктер.

«Зұлмат жылдардағы қай әнді алсаңыз да, әр сөзінде сол жылдардың тарихы, мұңы мен сағынышы жатыр. Ұлы Отан соғысының әнұранына айналған «Қасиетті соғыс», «Жас қазақ», «Кестелі орамал», «Катюша», «В землянке», «Синий платочек», «День Победы» секілді әндер ел құлағына әбден сіңісті болып қалған», - дейді қала тұрғыны Елемес Батталов.

Автобусқа мінген қала тұрғындарына Ұлы Отан соғысына қатысты сауалдар қойылып, жауап бергендерге сыйлықтар үлестірілді.

Майдан даласында жауынгерлерді жігерлендірген «Катюша», «В землянке», «День Победы» сияқты бәріне таныс әндер орындалды. Акция «Сейнұр» және «Көкшетау автобус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің көмегімен жүргізілді.

«Жұртшылықты Отанын қорғауға, құрметтеуге үндейтін әнұрандық әндер, азаматтық әуендегі туындылардың мәні зор болды. Бұлардың барлығы өскелең ұрпақ бойынан патриоттық сезімдерді қалыптастырып, халыққа рух беруді мақсат тұтты. Биыл Ұлы Жеңіске жетпіс үш жыл толып отырғанымен, бүгінгі әншілеріміздің соғыс тақырыбындағы әндерді жаңғыртып, орындап жатқаны некен-саяқ. Бүгінгі жас өренді патриоттық рухта тәрбиелейтін жаңа әндердің, сап түзейтін әндердің жоқтығы жасырын емес», - дейді Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің студенті Айдана Сәкенқызы.

Мерекелік шара ардагерлер мен мектеп оқушыларының қатысуымен «Естеліктер жолымен» акциясына ұласты.

Қатысушылар қаланың естеліктерге толы тарихи орындарын аралап шықты. Олар №621 әскери зауытының цехы, №2447, №2396 госпитальдер орналасқан жерге барып, Кеңес Одағының Батырлары Талғат Бигелдинов пен Мәлік Ғабдуллиннің ескерткіштеріне тағзым етіп, Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ кеңес солдатының ескерткішіне, бауырластар зиратына, Кеңес Одағының Батыры Федор Глинин жерленген жерге барып, ұрыс даласында шейіт болған жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

«Бұл шараның басты мақсаты – кейінгі ұрпақ өкілдерін отансүйгіштік рухта тәрбиелеу. Осындай тағзым шаралары арқылы оларға да бейбіт күн үшін күрескен аға ұрпаққа құрметпен қарауға үйрету», - дейді еңбек ардагері, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рашид Гайнуллин.

Фото: автордан


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер