BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Түркиялық туыстардың Астана туралы естелігі: Ұлы даладағы басты орда

Бүгінгі таңда 20 жасқа толып отырған Астана - Тәуелсіз Қазақстанның тарихи шежіресі. Жасампаздық дамуына жетелеген осы шежірені жазуда қазақ халқымен бірге көптеген ұлттардың қолтаңбасы да басылғаны шындық. Солардың бірі - түбіміз бір дейтін түркі жұрты. Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығында астана салу секілді батыл іске жұмыла кіріскен қазақ халқына Түркия тарапының қолдауы аз болған жоқ. Бұл ретте «ҚазАқпарат» агенттігі Астана туралы естеліктерін, лебізін білдірген Түркия тұлғаларының пікірін оқырман назарына ұсынады. Аталған пікірлер Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің қолдауымен дайындалғанын айта кеткіміз келеді.

Айхан Явружу: Астана - шығыстан туған жарық жұлдыз

«Аларко» компаниясы ретінде Қазақстанға 1990 жылдардың басында ат басын тіреген едік. Алғаш тоқтаған жеріміз - арайлы Алматы болды. Алатау бөктерінде орналасқан көне шаһар шын мәнінде әдемі екен. Айнала қоршаған асқар шыңдар, жасыл-желекке оранған шатқалдар, тау етегінде орналасқан қала көңілімізге бірден жақты. Жылдың қай мезгілі болмасын жанға жайлы. Әсіресе, көктем уақытында ақ бас таулар ақ тонын шешіп, көк көйлек кие бастағанда, өзіңді бір тылсым дүниеге енгендей сезінесің. Алматы - бұрынғы бас қала. Бүгінде бұл ұлы миссияны Астана арқалап, қазақтың көшін алға сүйреп келеді. Біз көрген тоқсаныншы жылдардың басында Ақмола деп аталатын кішкентай ғана кент еді. Солтүстік аймақтың климаты қатал жазық даласында орналасқан шағын шаһар көп ұзамай тоты құстай түрленіп, жердегі жұмаққа айналды. Ғажайып құбылыстың авторы - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Қаланың сәулеттік концепциясын әзірлеп, аумағын кеңейтті. Қазір отыз жыл бұрынғы Ақмола мен бүгінгі Астананың келбетін салыстырғанда, жер мен көктей айырмашылықты еш қиындықсыз байқауға болады.

Компаниямыздың жұмысын жауапты атқара отырып, бас айналдырар өзгерістер мен қарыштап дамудың куәсі болдық әрі екінші үйіміздің қалыптасуына қал-қадірімізше өз үлесімізді қостық. Бізге сенгені үшін, қызмет ету құрметіне лайық көргені үшін шексіз разылығымызды білдіреміз. Біз барлық теңеу жарасатын Астананың әр кірпішін бірге қаласқанымыз үшін бақыттымыз.

Астана - Шығыстан туған жарық жұлдыз, әлем шаһары. Әртүрлі мәдениет пен ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп отырған арман қала. Сұлулығында шек жоқ, сөзбен сипаттау оңай емес. 2012 жылы «Түркі әлемінің мәдени бас қаласы» ретінде танылып, республика көлеміндегі, халықаралық деңгейдегі жиындар тоғыз жолдың торабында өтті.

Батыс пен шығыс түйіскен сайын дала төсінде көпжақты саяси және экономикалық қарым-қатынас орнатып, мәдени-әлеуметтік ынтымақтастықты тоғыз жолдың торабында тоғыстырды.

Елбасының қолынан шыққан туынды, айбыны асқақ Астана Мәңгілік Ел болу жолында нық қадам басып, Мемлекет басшысымен бірге болашаққа бет алды.

Бауырластырыма осы жолда сәттілік және табыс тілеймін!

Айхан ЯВРУЖУ «Аларко» компаниялар тобы басқармасының төрағасы

Незих БАРУТ: Астана үшін Елбасыға алғыс айтамыз

Түркия Республикасының патриот азаматы және Қазақстанға инвестиция құйған жеке кәсіпкер ретінде Астананың 20 жылдық меретойымен құттықтап, әлемнің әйдік кереметін тек қазақ еліне ғана емес, түркі әлеміне сыйлаған Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жүрекжарды лебізімді, осы мақала арқылы шексіз алғысымды білдіргім келеді.

Тәуелсіздігін жария еткен күннен бастап Қазақстанның бағындырған белестерінің әр сатысында қолтаңбасын қалдырған Елбасы - өз бойындағы көшбасшылық қасиеті арқылы елінің гүлденуі мен әлемнің тұрақтылығы үшін үнемі қозғаушы күш бола білген қайраткер тұлға.

Отанының қысқа мерзім ішінде ғаламдық деңгейдегі мемлекет дәрежесіне көтерілуіне ағартушылық ақылмандығы, бейбітшілік пен келісімді ту еткен биік беделі ықпал етті. Жас республиканың саяси-экономикалық саладағы тұрақты өсу процесі дамушы елдер тарапынан бірден назарға ілігіп, алға жылжудың жарқын үлгісін көрсетті.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев дұрыс ұстанған стратегиялық бағыт пен аймақтық ерекшеліктерге, бай ресурстар мен халықтың өсу әлеуетіне нық сенім артты. Қазақстанды заманауи бас қала арқылы дамыту жолын таңдап, елдегі оң өзгерістердің символы Астананың бас сәулетшісі атанды.

Елбасының көшбасшылығымен 1997 жылы елорда болып бекітілген Астана 1999 жылы ЮНЕСКО шешімімен «Әлем қаласы», 2012 жылы «Түркі әлемінің мәдени астанасы» мәртебесіне ие болды.

Сәулет өнерінің жоғары жетістігі мен қаланы көркейту жұмыстары арқылы қысқа мерзім ішінде заман талабынан шығатын Астананың ұлттық бет-бейнесін бедерледі. ХХІ ғасырдың ең таңдаулы қалаларының біріне айналдырып, қоғамдық сананы жаңғыртты, алысты көріп, болашақты болжайтын стратег басшы екендігімен ерекшеленді.

Жас қаланы әртүрлі мәдени және этникалық топтардың тату-тәтті өмір сүріп отырған орталығы ретінде бүкіл әлем назарына ұсынды. Халық бір ауыздан қолдап, сайлаған басшы алыс-жақын көршілермен достық қарым-қатынас құрып, халықаралық байланыстарға басымдық берді. Бауырлас ел Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынасқа да ерекше мән беріп, екі мемлекеттің ынтымақтастығы стратегиялық деңгейге жетті.

Ортақ тарихи және мәдени байланыспен бірге, өзара ізгі ниет пен достыққа негізделген ара қатынас нәтижесінде Қазақстан - Түркияның аймақтағы ең маңызды саяси және экономикалық әріптесіне айналды.

Атажұрттың тәуелсіздігін алғаш таныған Түрік елі мен Қазақ жерінің ажырамас достығына екі тараптың мемлекет қайраткерлерінің қосқан үлесі орасан зор екендігін айта кеткен жөн, тарих оларды еш уақытта ұмытпайды.

Қазақ елі - Түркияда 106 жылдан бері дәрі-дәрмек секторында жұмыс істеп келе жатқан және 16 жыл бойы саланың үздігі ретінде мойындалған «Абди ИбраҺим» компаниясы мен жеке басыма ерекше қымбат мемлекет. Өйткені шетелдік операцияларды 2013 жылы алғаш Қазақстанға ашып, 2015 жылы өндіріс бастауға кіріскен «Абди ИбраҺим Глобал Фарм» компаниясы бүгінгі таңда ең озық, мақтаулы мекемелердің бірі. Осы аралықта 60 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылып, 12 мың шаршы метрлік жабық алаңды алып жатқан өнеркәсіп мекемесі 24 млн құты өндірді. 120 қызметкер зауытта еңбек етеді, жалпы алғанда 215 адам жұмыспен қамтылды.

«Абди ИбраҺим Глобал Фарм» компаниясы сусамыр дерті және басқа вирустарға қарсы екпелерден бастап, жүйке жүйесі, жүрек-қан тамырлары ауруларын емдейтін және алдын алатын 100 түрлі дәрі-дәрмек шығарады. 2020 жылы 100 түрлі дәрі-дәрмекпен әлемнің ең ірі компанияларының қатарына енбек жоспарымыз бар.

Қазақстандағы зауыттан жақын арада Ауғанстан, Әзербайжан және Грузияға тауар экспорттай бастайтынымызды қуанышпен жеткізгіміз келеді. Алдағы уақытта Еуразиялық Одақ пен ТМД елдеріне қарай қанат жаюға күш саламыз. Осы маңызды инвестициялық жобаны жүзеге асыру барысында Қазақстанның жергілікті өндірушіге қолдау көрсетіп, шетелдік инвесторларға жеңілдіктер ұсынылатынына және либералды экономиканың ережелеріне сәйкес айрықша мән берілетініне куә болдық.

Осы тұрғыдан келгенде Қазақстан өзге елдерден анағұрлым ерекшеленеді. Түркияның ең ірі дәрі-дәрмек өндіретін компаниясы ретінде Қазақстанға инвестиция салғанымызға және Елбасы жасақтаған мығым экономикалық жүйеде орын тапқанымызға дән разымыз. Барлық әріптестерімізді және ірі инвесторларды бауырлас елге инвестиция құюға шақырамыз.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жаһандық қалаға айналуға қадам басқан Астананың 20 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Елбасыға атадан қалған атамекеніне, перзентін үкілеп өсірген менің туған еліме деген ыстық ықыласы мен достық қарым-қатынасқа қосқан зор үлесі үшін алғыс айтамыз.

Орхан СЕЛЕН «Анажұрт» газетінің колумнисі: Жұлдыздай жарық қала

Кеңес одағы ыдырағаннан кейін тәуелсіздікке қол жеткізген Қазақстанның осы жылдар ішінде көзге түскен басты ерекшелігі - барлық даму мен өзгерістерді қақтығыссыз, талас-тартыссыз, бейбіт түрде жүзеге асырып отырғандығы. Кейбір елдерде басқару жүйесі бір-ақ күнде ауысып, аяғы қанды қырғын мен саяси төңкеріске ұласып кетіп жатқан жағдайлар баршылық. Бей-берекетсіздіктің алдын-алу үшін қайсар рух, қайратты күш-жігер керек.

Қазақстан халқы 1991 жылдың 25 желтоқсанынан бастап таңдаулы тұлға, алғыр басшы Нұрсұлтан Назарбаевқа бірауыздан қолдау көрсетіп, ел бірлігі мен ынтымағын берік сақтап келеді.

Нұрсұлтан Назарбаев - мықты мемлекеттік қайраткер, әлемдік деңгейдегі дана саясаткер. Түркиялықтардың бауырлас мақтанышын етене танып, ұстанған саясатын дұрыс түсінуі жаһанданып жатқан дүние алдында ұлттық позициямызды күшейтуге мүмкіндік береді. Түркияға Қазақстанды, ұлт лидерін насихаттау мақсатында атқарып отырған менің жұмыстарым да уақыт өте келе өз нәтижесін көрсетері сөзсіз.

Небір нәубеттер мен қиын-қыстау замандардан аман-есен өтіп, талай тұлғасы ұлтты ұйыстыру жолында құрбан болған Қазақ елі тәуелсіздіктің ширек ғасырында Нұрсұлтан Назарбаевтың шебер басқаруымен қуатты халыққа, іргелі елге айналды. Бұған ешкімнің таласы болмауы тиіс. Қазақстанда таңғажайып дүниелер жасалды. Айрықша кереметтің бірі деп ұлы дала елордасы - Астананы бөліп айтар едім.

Жаңа қаланы өз көзіммен көрдім және армансыз араладым. Менің түйгенім, Астана - тек заманауи талапқа сай салынған шаһар ғана емес. Астана - Азия құрлығында дамып, әлемнің жарық жұлдызына айналған мемлекеттің бет-бейнесі екен. Жан-жағыңызға мұқият көз салсаңыз, Қазақстанның қаншалықты бай ел екендігін бағамдайсыз. Әр кірпіші жаңа технологиямен, тың әдіспен қаланған. Қала тұрғындарының саны бір миллионмен шектелмей, алдағы 25 жылда Азияның ең ірі әрі қуатты орталығы болуға мүмкіндігі бар.

Қаланың кең даңғылдары мен алаңдары, саябақтары мен демалыс орындары, жаздық сахналары мен жаяу жолдары және шаһарды екіге жарып, еркелей аққан Есіл өзені жанға жайлылық сыйлайды. Күн сайын қонақ үйдің оныншы қабатынан тамашалап, жұлдыздай жарық көрініске тоя алмадым. Самаладай оттар кемпірқосақ сынды түрлі түске ауысып, көзді арбады. Көңілге жылылық ұялатып, жан сарайымды нұрландырды. «Жарық шаһар - Астана» деген тіркес еріксіз тіліме оралды. Қазақстанның асқақ астанасы туралы әңгімелеу оңай болмаса да әсемдігі әлі күнге ерекше сезімге бөлейді.

Астана - қазақ тілінде «бас қала» деген сөз екен. Бұрынғы аты Акмолинск (Патшалық Ресей тұсында), Целиноград (Кеңес одағы кезеңі), кейін Ақмола деп өзгертілген. Жас болса да халықаралық талапқа сай шаҺардың «Астана» атануы символикалық маңызға ие.

Астананың ел ордасы ретінде таңдалуының үш маңызды факторы бар деп санаймын:

1. Тәуелсіздікке қол жеткізген азат мемлекет тарихқа жаңа бас қаламен енуді дұрыс көрді.

2. Бұрынғы астана - Алматы қаласы елдің орталығынан алыс жатты.

3. Ресей шекарасына жақын аймақтарда халықтың санын көбейту қажеттілігі туды.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев саяси даналығымен қатар, қала тұрғызу шеберлігін Астана тәжірибесі арқылы көрсетті. КСРО-ның бодандығынан босап, 1991 жылы 16 желтоқсанда егемендігін жариялады. Айтуға оңай болғанымен, әміршіл жүйенің тырнағынан құтылу іс жүзінде жайдан-жай келе салған жоқ. 15 желтоқсанда коммунисттік партияның мүшесі болып, бір күннен кейін еркін нарықтық экономикаға көшу және осы процеске бейбіт түрде қол жеткізу әлеуметтанушылардың зерттеу нысанына ілігетін қызықты тақырыптың бірі екені сөзсіз. Өйткені бұл - тарихи мұғжиза, тосын құдірет. Алладан берілетін ерекше құбылыстың иесі - Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кетерлігі, қазақ халқы бір ғана ұлттан құралмайды. Қазақтар, орыстар, немістер, өзбектер, татарлар, украин, ұйғырлар, басқа да этнос өкілдері татулықты ту етіп, өзара түсіністікпен өмір сүріп жатыр. Бұл этникалық әралуандық пен діни құндылықтарды саяси құрал ретінде қолдануға жол бермеген Елбасының үлкен жетістігі. Сондықтан Мемлекет басшысы ХХ-ХХІ ғасырдың көшбасшысы ретінде тарихта қалады.

Табыстың кілті, мұғжизаның құдіреті Қазақстан ішінде ғана айтылмай, бүкіл әлемге жетуі тиіс. «Оның не қажеті бар?» деген сұрақтың жауабы қаншалықты қарапайым болса, соншалықты маңызды. Егер де қалар болсақ, әртүрлі ұлттар мен сенімдер әділетті түрде кикілжіңсіз өмір сүре алатын көрінеді. Елбасы сарабдал саясаткер ретінде замана туғызған «жатсыну» ауруынан алыс болды, керісінше алысты жақындатты, жақынды бауырына басты. Терең ойы және жетістікке жетуге ұмтылған талпынысы арқылы мүмкін емес дүниені шындыққа ұластырды.

Жақында қазақ жері туралы жазған жазбаларымды жинақтап, «Ғаламның жарық жұлдызы - Қазақстан» деген атаумен кітап шығардым. Жаңылыспағаныма сенімдімін.

Көпті көрдім, талай жерді араладым...

Тек Қазақстанда және Астанада ғана бақытты күй кештім.

Орхан СЕЛЕН «Анажұрт» газетінің колумнисі


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
30 Желтоқсан 2018, 12:54
Софияда Астана көшесі ашылды
29 Желтоқсан 2018, 12:42
Астана. Қысқы этюдтер
Пікірлер