BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Сөзбен жеткізу мүмкін емес». Қазақстандық атақты спортшылар ту көтерілген сәттегі әсерлерін еске алды Эксклюзив

Фото: ашық дереккөзден

Бүгін – Қазақстан Республикасының рәміздері күні. 1992 жылы 4 маусымда Қазақстан туы, елтаңбасы және әнұраны қабылданды. Содан бері ел спортшылары бір тудың астында жарыстарға қатысып, жеңіс тұғырына көтеріліп келеді. Осы орайда Baq.kz тілшісі Қазақстан намысын халықаралық жарыстарда қорғап жүрген спортшылардан жарыста олардың жетістіктерінің құрметіне көтерілетін ту мен шырқалатын әнұранның мәні туралы сұрады.

Ольга Рыпакова, Лондон олимпиадасының чемпионы, Рио және Бейжің олимпиадасының қола жүлдегері

Спортшылар үлкен жарыстарда жеңіске жеткен кезде олар тұғырға көтеріледі. Сол тұғырдан жоғарыға көтеріліп жатқан өз елінің туын көріп, жеңімпаздың құрметіне қойылған әнұранды бірге шырқаған сәтте спортшының сезімін тілмен айтып жетізу мүмкін емес. Әртүрлі сезімді бастан кешесің, біріншіден, еліңмен мақтанасың. Елімізде спортта үлкен жетістікке жетуге барлық жағдай жасалған. Олимпиада ойындарын алсақ, марапаттау рәсімін қаншама миллион адам көреді, сол кезде мақтаныш сезімі болады. Екіншіден, елдің намысын, туын қорғау өте зор жауапкершілік, әр спортшы үшін үлкен стресс. Жарыстарда жеңімпаз атанған сәтте еліңнің алдында қарызыңды өтегендей сезімде боласың. Себебі спортшылар жетістікке жету үшін өте көп сыннан өтеді, қиын жаттығулар жасайды. Әрине, мемлекетіміз қолдау білдіреді, осы үміт пен қолдауына лайық болу үшін медаль жеңіп алу үлкен абырой, еңбектің ақталғаны.

Мен үшін рәміздер күні патриоттық күн. Бұл күні рәміздеріміздің тарихына, тәуелсіз еліміздің тарихына ерекше назар аударамыз. Балаларға осындай елде өмір сүрудің мәнін, қалай ел игілігі мен гүлденуі үшін лайықты өмір сүруге болатынын түсіндіреміз.

Абзал Әжғалиев, шорт-тректен әлем Кубогының жеңімпазы, Пхенчхан Олимпиадасында Қазақстан туын ұстап шыққан спортшы

Жеңіс тұғырына көтерілгенде ең бірінші ойыма келгені ол – армандар орындалатынына сендім. Қысқы спортта жетістіктерге жету өте қиын. Сол кезде басқа жарыстарда ұтуым керек деген алға мақсат қойдым. Еліміздің көк байрағы халықаралық жарыстарда желбірегенде қуаныш сезімі болды.

Биыл Пхенчханда өткен олимпиада ойындарында Қазақстан туын ұстап шықтым. Бұл жаңалықты маған олимпиаданың басталуына 1 ай қалғанда «сізді құттықтаймыз, сіз олимпиадада ту көтеріп шығасыз» деді. Мен ол кезде Голландия елінде оқу-жаттығу жиынында болдым. Мұндай жауапты іске дайын болған жоқпын, мен үшін күтпеген жағдай болды. Әу баста естігеннен бас тартқым келді, себебі ту ұстап шығу – үлкен жауапкершілікті қажет етеді және дайындалатын жарыстарым бар. Бірақ шешім қабылдап, бір ай қалғанда өзімді іштей дайындай бастадым. Олимпиаданың ашылу салтанаты басталар кезде бізді автобуспен стадионға алып келді. 30 минут қалған кезде кішкене дайындық жасадық. Стадионда қаншама мың адам, тікелей эфирден қаншама миллион адам осы салтанатты шараны көріп отырған соң және спортшылардың алдында ең бірінші болып ту ұстап шығатын болған соң басталар кезде «қалай болар екен» деген оймен қатты қобалжыдым. Ал стадионға кіріп келген сәтте қобалжығаным кетті. Еліміздің туын көтеріп шыққаныма қуаныштымын және де енді келесі олимпиадаға тыңғылықты дайындаламыз.

Әрбір елдің өз әнұраны мен байрағы болуы керек. Әнұран ойнағанда өзіңнің қайдан шыққаныңды түсінсең, патриоттық сезімді бастан кешесің. Біздің туымыз ерекше келеді және әдемі. Басқа елдердің туларына қарасаң жәй ғана бір түсте болады, кейбір елдердің туларын бір-бірінен айыра алмайсың, аса айырмашылығы жоқ. Ал біздің туымыз ерекше және де ешқандай елдікіне ұқсамайды.

Ақмарал Науатбек, жасөспірімдер арасында Азия чемпионы және Жастар арасында Азия чемпионатының күміс жүлдегері

Жеңіске жетіп, Қазақстан туы көтеріліп жатқан кезде оған қарайсың, әнұран ойнайды. Мақтаныш сезімі болады. Сол кезде Қазақстан туының қандай әдемі екенін, қандай мән алып келе жатқанын түсінесің. Басқа елдің туын алып қарасаңыз көбінесе үш түрлі түс болады. Әнұранымыздың соншалықты әуезділігі ұнайды. Мен үшін отандық телеарналар сені қанша рет эфирден көрсеткені маңызды емес, ең маңыздысы – басқа елде жүргенде сенің құрметіңе Қазақстанның әнұраны ойналып, туымыздың желбірегені. Сол кезде ғана жеңімпаз атануға бар күш-жігеріңді салғаныңды, тер төккеніңді және жеңіс тұғырынан көрінген сәтте бойыңды мақтаныш сезімі билейтінін түсінесің, өзіңе сенім артқандардың сенімін ақтағаным үшін қатты қуанамын. Қарапайым мен секілді қыздың жетістіктерін көргенде басқалар баласын спортқа берсе немесе балалардың өздері менің кішкентай жеңістерімді көріп жігерленсе, мұның бәрі бекер емес деген сөз.

Дина Жоламан, бокстан әлем чемпионы

Қазақстан рәміздері мен үшін тәуелсіздіктің белгісі және менің отанымның, халқымның еркіндігінің белгісі. Мен спортшымын ол ең бірінші мемлекет басқаратын президенттер басқа елге барғанда, екіншіден спортшы үлкен халықаралық жарыстарда жеңіске жеткенде ел әнұраны ойналып, көк байрағымыз көтеріледі. Спортшы ретінде айтарым, жеңіске жеткен сәтте тұғырда тұрасың, еліңнің туы көтеріліп, әнұраның шырқалғанда сенен бақытты жан болмайды, яғни бұдан асқан бақыт жоқ. Дәл сол минуттарда үнемі көзім жасқа толып, мақтаныш сезімі болады. Дәл сол сәтте өз елімнің намысын лайықты түрде қорғап шықтым деп сезінемін.

Елдос Сметов, дзюдодан Әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы, Азия чемпионы

Барша қазақстандықтарды шын жүректен рәміздер күнімен құттықтаймын. Әрқашан да еліміздің абыройы асқақтай берсін, көк туымыз желбірей берсін деген тілектеміз. Біздің спорттағы жетістіктерімізге орай еліміздің көк туы желбіреп, әнұранымыз шырқалатыны баршаңызға мәлім. Сол жерде тұрған кезде ғана бастан кешетін бұл сезімді сөзбен жеткізу өте қиын. Дзюдодан шетелдік алғашқы жарысым Германияда Бремен қаласында өтті. Осы қалада әлі күнге дейін өтетін «Мастерс» турнирінің жеңімпазы болған кезде Қазақстан әнұраны шырқалды. Бұл сезімді сөзбен жеткізе алмаймыз. Абыройдың асқақтап жатқанын, еліміздің бүкіл әлемге танылып жатқанын сезінесің. Тұғырда тұрған сәтте бойыңдағы күш-жігер, намыс оянады. Сол жарысымда өте қуанышты сезімде болдым, өйткені ең алғашқы бастамам алтынмен басталды. Аллаға шүкір, қазіргі таңға дейін алтынмен жалғасуда.

Әбілхасан Бақытжан, таэквондодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы

Шет мемлекетке барған кезде еліміздің туы желбіреп, әнұранымыз екі мақсатта орындалады. Біріншісі – мемлекет басшысы сол елге іс-сапармен барған кезде орындалса, екіншісі, спортшылар халықаралық жарыстарда топ жарған кезде еліміздің туы биікке көтеріліп, әнұраны шырқалады.

Мен былтырғы жылы Египетте өткен Әлем чемпионатында барлық қарсыласымнан басым түсіп, таэквондодан жасөспірімдер арасында Қазақстаннан шыққан тұңғыш Әлем чемпионы атандым. Әрине, ол кездегі қуанышты сәтті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Ту биікке көтерілгенде адам рухы да бірге көтеріледі. Әнұран мен тудың әсері мен үшін ұлттың руxы мен абыройы деп білемін. Олимпиада ойындарына қатысқым келеді. 2020 жылы өтетін Токио олимпиадасына қатысуға жасым жетпейді. Дегенмен 2024 Олимпиада ойындарында чемпион атанып, еліміздің көк байрағын биікке көтеретініме сенімдімін.

Нұрзат Сәлімбаев, дзюдодан кадеттер арасында Әлем чемпионатының күміс жүлдегері

Спортта жетістікке жетіп, өзге елде әнұранды шырқатып, туды биікке көтеріп, тұғырда бірінші тұру ол – әр спортшының арманы, мақсаты. Әнұран шырқалып, ту биікке көтерілгенде көп спортшы көзіне жас алады, ол – жеңістің, қуаныштың, еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктің жасы. Тұғырда бірінші болып әнұран шырқалған сәтте жан дүниең тебіреніп, елің мен жеріңе деген сүйіспеншілігің оянады. Жеңіске деген құштарлығың ашылып, еткен еңбегіңнің еш кетпегенін түсінесің, дайындық жолында қиналған сәттердің барлығы ұмытылады. Бұрынғы батыр бабаларымыз елін-жерін қорғап батыр атанса, қазіргі кезде өзге елде жеңіске жетіп, әнұранды шырқатып, бүгінгі бейбіт күннің батыры болып үлес қосып жүргенімізге қуаныштымын.

Түркияның Анталья қаласында өткен жасөспірімдер арасында Еуропа Кубогы жарысында ең алғаш рет әнұранды шырқатып, Қазақстанның көк туын көкте желбіреттім. Сол жарыста жеңімпаз атанып, еліміздің әнұранын шырқаттым. Бұл сәт мен үшін тарихта қалады. Барлық қазақстандық спортшыларды, қазақстандықтарды Рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қазақстан әнұранын шырқататын, туды биікке көтеретін ұл-қыздар көбейе берсін. Еліміз дамып, спортымыз жасай берсін. Тек жеңіс тілеймін.

Әлия Юсупова, көркем гимнастикадан Қазақстанның бас бапкері, бірнеше дүркін Азия чемпионы және Азия ойындарының екі дүркін абсолютті жеңімпазы

Жарыстарда бұрындары өнер көрсеткенімде, Азия чемпионаттары, Азия ойындарында жеңіске жетіп тұғырға көтерілгенімде, әнұран ойнатылып, туымыз көтерілген сәттегі сезімді айтып жеткізу мүмкін емес. Сол сәтте еліңнің күші мен қолдауын сезініп, біздің еліміздің құрметі үшін ту көтеріліп, әрқашан қосылып шырқайтын әнұранымыз әуелегені сол жаттығулардың ақталғанын көрсетеді.

Бүгінде көркем гимнастикадан ҚР бас бапкермін. Жақында ғана Азия чемпионатынан келгенде менің шәкіртім чемпион атанды. Жеңімпаз құрметіне ту көтеріліп, әнұран қойылғанда командамызбен қоса шырқап, біздің елімізбен, спортшыларымызбен мақтандық. Бұл сезімдерді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мұны ел намысын қорғаған спортшы ғана сезіне алады, себебі тұғырда тұрғанда жеңісің үшін әнұран ойнап, ту көтерілгенде бақыттан жылап, қуаныштан екі езуің құлағыңа жетеді.

Менің шәкірттерім де жарыстарға қатысып, жеңіске жеткенде менде де бұрындары өзім өнер көрсеткен кездегі сезімдер болады. Барлық спортшы – патриоттар, себебі біз әрдайым ел намысы үшін жарыстарда туымыз көтеріліп, әнұран ойнауы үшін жеңіс тұғырынан көрінуге тырысамыз.

Азамат Мұқанов, дзюдодан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері

Отаныма адал қызмет етіп, туын көтеріп, xалқымның беделін арттырып, атын шығару бала кезімнен арманым еді. 2005 жылы жастар арасында Әлем чемпионатында жеңімпаз атанғанымда сол мақсатыма жеттім десем жаңылмаспын. Мұндай кезде бойымды ерекше бір қуаныш пен айрықша мақтаныш сезімі кернейді. Ондай сәттерді ата-бабаларымыз «қуаныштан төбесі көкке екі елі ғана жетпеді» деп суреттеген.

Осыдан 27 жыл бұрын егемендігімізді жариялап, тәуелсіздікке қол жеткіздік. Бұл ғасырлар бойы қазақ xалқының аңсаған арманы еді. Мен үшін біздің тәуелсіздігіміз өте қымбат, неге десеңіз мемлекетіміздің сөнген отын жаққаны үшін, ата-бабамыздың руxын көтергені үшін, елімізді әлемге танытқаны үшін, «қазақ» деген атауға жан кіргізгені үшін қымбат. Елімнің бостандығын, елімнің тәуелсіздігін көрсететін бірден бір нышаны, мақтанышы ол – біздің рәміздеріміз. Әр рәмізіміздің астарында өзіндік мағына бар. Мысалы, туымыздың өзі бейбітшіліктің, тәуелсіздіктің, самғап ұшқан құстың бостандығын суреттесе, елтаңбаға қарап байлық, береке, ырыс, еркіндікті көруге болады. Ал әнұранның орны біз үшін тым бөлек. Әр жеңісімізде туымызды көкке көтеріп, әнұранымыз айтылғанда бойымызда мақтаныш, жүрегімізді патриоттық сезім баулып, көңілімізге қуаныш орнайды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер