Тоқтамыстың Мәскеуді басып алған күні - Атаулы күн|26 Тамыз 2013, 09:05
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Тоқтамыстың Мәскеуді басып алған күні

 Астана. 26 тамыз. Baq.kz – Бүгін Тоқтамыс ханның Мәскеуді басып алған күні.

 Тоқтамыс Маңғыстауда билеуші болған Тұтқожа оғланның баласы. Тегі жағынан Жошы хан әулетінен шыққан. Шамамен 1350 жылы дүниеге келіп, 1406 жылы қайтыс болған. Әкесі Орыс ханның қолынан қаза тапқаннан кейін, Ақ Ордадан Әмір Темірге қашып барды. 1378 – 1379 жылдары Әмір Темірдің көмегімен Сығанақты жаулап алып, Ақ Орданың билеушісі болды. Ол Мамайдың Күлік шайқасында жеңіліске ұшырағанын пайдаланып, Алтын Орда тағына отырды. Бұл тақта 1380 жылдан 1397/98 жылдарға дейін отырды. Сарайды, Қажы-Тарханды, Қырымды басып алды. Таққа отырысымен Шыңғыс хан әулетінің тақ үшін 25 жыл бойғы қырқысуларын жойды, ақша реформасын жүргізді. Сонымен қатар Көк Орда, Хорезм, Қажы-Тархан, Қырым иеліктері мен т.б. ұсақ ордалардың басын қосып, қуатты Жошы ұлысының бірлігін қалпына келтіруге күш салды.
Алтын Ордадан бөлініп шықпақ болған Ресей жерлеріне шабуыл жасады. 1382 жылы 26 тамызда Мәскеуді басып алып, өртеп жіберді. Бірақ Тоқтамыстың ұлы державалық ниеттері Әмір Темірдің қарсылығын туғызып, екеуінің арасында ұзаққа созылған қиян-кескі күрес басталды. 1387 жылы Кавказдағы Кура өзеніннде Әмір Темірден жеңіліс тапты, бірақ Орталық Азияда Тоқтамыстың, Қамар әд-Дин мен Еңке төренің одақтасқан әскерлері Самарқанд пен Бұхараның төңірегін шапқыншылыққа ұшыратты.
Тоқтамыс 1391 жылы 18 шілдеде Құндызша өзенінің бойында, 1395 жылы 15 сәуірде Терек өзені аңғарында Әмір Темір әскерлерінен жеңіліс тапты. 1397 жылы Едігенің қудалауына ұшырап, Литваға қашты. 1399 жылы Ұлы Литва князі Витовтпен одақтасып, Алтын Ордаға жорық жасады. 1399 жылы 12 тамызда Темір Құтлығ пен Едіге әскерлерімен Ворскла өзені бойында болған шайқаста тағы да жеңіліске ұшырады. 1406 жылы Түменге жақын жерде Тоқтамыс Едіге мен Шәдібек әскерлерімен шайқасып, қаза тапты.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер