BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 376.73 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 427.36 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.75
Астана:

Тарихи сәттің куәгері болғанымды мақтан етемін – Жанәділов

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанды тәуелсіз мемлекет деп жариялау, еліміздің негізгі Ата Заңы Конституциясын қабылдау, Тұңғыш Президент сайлауы сияқты тарихи тұстың бел ортасында болған тұлғалардың бірі – Болат Жанәділов.

Көкше өңірінде ұзақ жылдар денсаулық сақтау саласында абыройлы еңбек етіп, еліміздің медицина саласын нығайтуға елеулі үлес қосқан Болат Жанәділов тәуелсіз еліміздің даму жолында небір қиындықтарды көзбен көрген, игілікті істердің басы-қасында жүрген сәттерін әсте ұмытпайды.

«Аға буын – біздер қоғам дамуының соңғы жиырма бес жылында үш ұйықтасақ түсімізге енбейтіндей бірнеше ғаламат өзгерістерге түсуінің куәсі болдық. Бәрі күні кешегідей есімде. 1991 жылы еліміз өзінің Тұңғыш Президентін таңдады. 98,7 пайыз дауыспен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Мемлекет басшысы болып сайланды. Жалпы, ХХ ғасырдың соңғы айлары ақмолалықтар, соның ішінде көкшетаулықтар үшін аса бір қуанышты сәт болды десек артық айтқандық болмас. Көкшетау облысы таратылып, Петропавлға қарап қалған қапалы кезде 1999 жылғы 9 сәуірде Көкшетауға Президент тапсырмасымен сол кездегі Премьер-министр Нұрлан Балғымбаев келіп, Елбасы Жарлығымен Көкшетау қаласының Ақмола облысының орталығы болып жарияланған қуанышты хабарды жеткізді. Арада бес ай өткен соң, қарашаның 5 жұлдызында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Көкшетау қаласына атбасын тіреді. Киелі Арқа төскейінде, қазақ мемлекеттігіміздің негізін қалаған кемеңгер қолбасшы, дипломант Абылай хан ескерткішінің ашылу салтанатына қатысты», – деп еске алады Болат Сүлейменұлы.

1990 жылы Болат Жанәділов Қазақ Кеңестік Республикасының он екінші шақырылған Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған тұс жер шарының алтыдан бір бөлігін алып жатқан Кеңестер Одағының туының жығыла бастаған шағы болатын. Болат Сүлейменұлы сол бір қылға байланған тағдыры бар мемлекеттің бүгіні мен болашағын болжағандардың, батыл қадам жасағандардың, тарихи шешім алғандардың қатарында болды.

«Тұңғыш Президент сайлауында Елбасының сенімді өкілі болу үлкен жауапкершілікті жүктеді. Әрі бұл еліміз тәуелсіздігін енді ғана алып, аяққа тұрып келе жатқан кезеңі болатын. Елдің тұралап тұрған тұсында Мемлекет басшысына сенім артуға шақыру, халықты сабырлылыққа, төзімділікке үндеу қажет болды. Елбасының Президент сайлауында жиырма үш сенімді өкілінің бірі болдым. Осы бір тарихи сәттің куәгері болғанымды мақтан етемін. Елбасымен 1990-1994 жылдары он екінші шақырылған Қазақ КСР-і Жоғарғы кеңесінің депутаты болып жүргенімде алғаш рет жүздескен едім. Сол уақытта ол Қазақстан Коммунистік партиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы болатын. Кейін кеңес үкіметі ыдырады. Еліміз егемендік алып, Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекет басшысы болып сайланды. Әр ісіне тиянақты, әсіресе, берген уәдесінің ізін суытпай, бірден іске кірісетін әдеті сүйсіндіретін», – дейді ол.

Кейін еліміз үшін сындарлы уақыт болса да, 1995 жылы Көкшетаудағы облыстық аурухана қабырғасында диагностикалық орталық ашылып, оның тұсаукесеріне Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан болатын.

«Сонда Елбасы аурухана ұжымымен кездесіп, «Халықтың денсаулығы – мемлекет байлығы» деген ұшқыр ойын айтты. Бұл бізге, дәрігерлер алдында үлкен жауапкершілік тұрғанын аңғартты. Оның еліміздің шығар белесінің алда екенін айтқан сөзі де жүректе сенім ұялатқан еді. Міне, уақыт өте келе мұның дүдәмәл сөз еместігіне көзімізді жеткізіп отырмыз. Елбасы әрдайым әр өңірдің хал-жайын сұрастырып, тұрғындарды толғандырған мәселелер жайлы әңгіме қозғайтын. Сонда ылғи: «Мен сендерді өңірге барған сәтте тауып аламын!» деп айтып отырушы еді. Шынымен де, 1999 жылы Елбасы Абылай хан ескерткішін ашып берді. Сол сапарында мені іздестіріп, шақыртып алды. Бұл оның жақсы есте сақтау қабілеті, сондай-ақ өз сөзіне бекем адам екенін аңғартады», – дейді Б.Сүлейменұлы.

Б.Жанәділов Елбасының бойына тән парасаттылық, асқан білімділік, жадының мықтылығына тәнті болғанын және еліміздің гүлденуі үшін әр жастың еңбек етуі қажет екендігін еске салды.

«Мемлекет басшысы Н.Назарбаевпен 2007 жылы "Нұр Отан" партиясы облыстық филиалы ғимаратының ашылуында жүздескенде Президент Н.Назарбаев партияның мақсаты мен қоғамдағы рөлін жан-жақты саралап, жастардың еліміздің жарқын болашағы екенін және оларды еңбекке баулып, қиындықтан қашпауға үйретуіміз қажеттігін айтқан-ды. Еліміз уақыт өткен сайын нығая түсуде. Ал мұның бәрі Елбасының кемеңгер саясатының арқасында жүзеге асып отыр. Соңғы 2012 жылы көрген сәтімде Президент «Абылай ханның арманын орындадым. Қала салдым. Халық бейбіт өмір сүріп жатыр», деп айтқан болатын. Бұл сөздің астарында қуаныш, парасаттылық сезіледі. Әр кездесу кезінде Елбасының кішіпейіл, адамгершілік және ізгілік қасиетіне куә болдым. Ол өзін сардар саясатшы, табанды көшбасшы, тұғырлы тұлға екенін әлемдік деңгейде дәлелдеп келеді», – дейді ол.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер