Сіз 100 жасқа келгенше не істер едіңіз? - Атаулы күн|07 Тамыз 2013, 20:19
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Сіз 100 жасқа келгенше не істер едіңіз?

 Астана. 7 тамыз. Baq kz – Енді бұл сұрақтың жауабын Есіл өзенінің жағасында орналасқан тақтайшаға жазып кете аласыз. Бүгін «Global shapers community» атты жас көшбасшылар қауымдастығы Астанада «Мен 100 жасқа келгенше...» атты арт-жоба ұйымдастырды.

  «Мен 100 жасқа келгенше...» атты жоба, бұл – адамның өмір жайлы ойлануына себеп болып, өз ойын ашық жеткізуге мүмкіндік беретін әлемдегі желілік әлеуметтік жоба. Біз Есіл өзенінің жағасына келіп тақтайшаны орнатып жатқанда, неше түрлі адам: толық бір отбасы мүшелері де, егде жастағы адамдар да, тіпті көшеміздің тазалығын сақтап жүрген аула сыпырушылар да келіп қызығушылық танытты. Қандай адам болмасын біз ол адамның арманын құрметтеу керекпіз», - дейді жобаны ұйымдастырушылардың бірі, «Global shapers community» қауымдастығының мүшесі Айман Едігеева.
Айманның айтуынша, Алматы қаласында бұл жоба жүзеге асып үлгерген. «Жалпы, бұл арт-жобаның тарихы қайдан шықты десек, әу баста жоба «Мен өлгенше не істегім келеді» деп аталатын. Себебі, АҚШ-тың Жаңа Орлеан қаласында бір жігіттің анасы қайтыс болады. Ол анасының өліміне қатты қайғырады, өмірде анасына істей алмаған жақсылықтарын ойлап қамығады. Сосын, үйінің жанындағы құлаған үйдің қабырғасын бояп, сол жерге «Мен өлгенше не істегім келеді» деген жазуды қалдырады. Содан, өткен-кеткен адамдардың барлығы ол идеяға қызығып, өздері армандарын, ойларын сол қабырғаға жазып кеткен. Содан бері әлемнің 40-тан астам елінде 15 тілде тақтайшаларға осындай тілек-армандар жазылған. Астанада да адамдарға жақсы көңіл-күй сыйлау үшін, ең бастысы олардың өмір жайлы ойлануы үшін осындай жобаны қолға алып отырмыз», - деп баяндады Айман.

Есілдің жағасындағы (кемеге мінетін орында – агенттік) тақтайшаға тілек-армандарыңызды үш тілде жаза аласыздар.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер