BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Шымкенттің Тәуелсіздік саябағы. Фотоаппарат серуені

Фото: Автор

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкентте Тәуелсіздік саябағы бар. Қастерлі атауды иемденген саябақ Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнап салынған. Шымкенттіктердің және келген-кеткен қонақтың әдейілеп барып, сәулетіне тамсанатын саябақ кешенін аралаған тілшіміз сондағы нысандардың фотогидін жасады.

Уық тәріздес тік тіреулердің ұшар басына бекіген шаңырақ. Шымкент теміржол вокзалының қалаға ашылар есігінен шыққан адамның сонау көкжиекке қараса көретіні – осы вокзал алдынан созылып жатқан Қабанбай батыр көшесі.

Алыстан көзге шалынған тіреудегі шаңырақ нысаны қызықтырса, көшені бойлап көтеріледі. 15 минуттай жүрсе, қарсы алдынан еңселі күн сәулесімен шағылысқан қақпа шығады. Тәуелсіздік саябағының триумфы. Биіктігі – 15 метр. Саябақ ішіне өткізетін бас қақпа. Триумфтың сәніне басын шалқайта қарап, қақпадан ішке енсе, алдына көз тастаса, аллеяны көреді. Жан-жағына қылқанжапырақтылар отырғызылып, гүл егілген аллея.

Қақ ортада қатарынан тізілген мәрмәр тастар. Барлығының пішімі бір, таңбасы басқа. Бірінші тұрған мәрмәрға 1991 саны қашалып жазылған. Оның сәл төменгі тұсына: «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заң қабылданды. 16 желтоқсан күні Тәуелсіз Қазақстан Республикасы дүниеге келді» деген сөзді оқисыз.

Міне, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арналған Тәуелсіздік саябағының «Тәуелсіздік шежіресі» аллеясы осы 1991 саны қашалған мәрмәрдан басталады. Барлығы 21 мәрмәр тас. Әрқайсысына елімізде 1991 жылдан бастап 2011 жылға дейін болған ең елеулі, ең айшықты оқиғалары жазылған.

Әр мәрмәр тасқа жақындап, сол жылдың маңызды оқиғасын оқи отырып, жылдың алға өрлеуімен сіз де қатар жылжып жүрсеңіз, 1996 жыл мәрмәртасынан кейін диаметрі алып субұрқаққа тірелесіз.

Саналуан түске боялып, әндететін субұрқақ. Диаметрі – 30 метр, судың атқылау биіктігі – 20 метр. Қазір қыс маусымы болған соң өшірулі тұр. Көктем шығып, күн жылығанда әр күні кешкісін түрлі-түсті жарыққа боялып, әндете атқылаған су мың бұралып билейді. Осылайша, қала жұртшылығының үнемі келер орнына айналған.

Дөңгелек пішінді субұрқақтың жанынан тағы бір серуен жолы ашылады. Әуелі теміржол вокзалынан қалаға шыққаныңызда көзге түсіп, бағыт алып жеткен тіреудегі шаңырақ нысанына апаратын жол осы.

Бір қарағанда, мұның не мәні барын түсінбей, жақындасаңыз, бұл нысанның «Алтын шаңырақ» ел бірлігі монументі екенін, атауы мәрмәртасқа қашалып жазылғанын білесіз.

Қазақстан Республикасы аумағында тұратын барлық ұлт пен ұлыстың бір шаңырақ астында бейбіт ғұмыр кешіп жатқанын астарлап жеткізетін композиция.

Дөңгелек пішімдес мәрмәр тұғырдан 137 тіреу жоғары бағытталып, оның біткен тұсына шаңырақ орнаған. Шаңырақтың айналасынан күн сәулесі төгіледі.

Ал мәрмәр тұғырдың қабырғасына түрлі киім мен іс-қимылдағы адамдардың барельефі бедерленген. Мұндағы барельефтер – елімізде өмір сүретін түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері, ал 137 тіреу – еліміздегі 137 ұлт пен ұлыс.

«Алтын шаңырақ» монументінің жанындағы параллель серуен жолынан «Тәуелсіздік шежіресі» аллеясының жалғасы өтеді. 1996 жыл мәрмәртасынан субұрқаққа келіп тіреліп, әрмен қарай жалғасатын «Тәуелсіздік шежіресі» аллеясы 2011 жылғы оқиғалармен тоқтайды. Өйткені «Тәуелсіздік саябағы» кешені 2011 жылы ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнап салынған. Сол жылы қазан айында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ашылды.

Президенттің сол сапарында отырғызған ағашы да бар. «Алтын шаңырақ» монументінің атауы жазылған тұсынан алдыға қарасаңыз, тік қадалған найзаны еске түсірер мәрмәр тұғырларды көресіз. Ұшар басына үшкір ұштары бекітілген. «Жеті найза». Әрқайсысының биіктігі 25 метр. Көңілді демдеп, рухты көтеріп, қанды қыздырады.

Осы Жеті найзаның арғы жағынан Мемлекеттік рәміздер алаңы ашылады.

Үлкен тіктөртбұрышты мәрмәртастың екі жақ бетіне Қазақстан Республикасының картасы бедерленген. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөздері жазылған.

«Дүниеде тәуелсіз қазақ елі бар. Әлемде егемен Қазақстан бар. Оның көп ұлтты, ынтымақшыл халқы бар. Қуатты экономикасы, сенімді саяси жүйесі бар. Ең бастысы – бүгіннен нұрлы, бүгіннен кемел болашағы бар. Сол күнге берік сенімі бар».

Қазақстан картасы бедерленген мәрмәртастан кейін, Жеті найзаның орта тұсында 8х16 метр көлемді көк туымыз 50 метр биіктікте желбірейді. Бұл – «Рәміздер алаңы».

Мұнда Көк туымыз, Елтаңбамыз және Әнұран қойылған. 2009 жылы ашылған.

2009 жылы ашылған тағы бір нысан, ол - «Жер-Ана» тәуелсіздік монументі. Биіктігі – 25,5 метр. Бұл монумент Ордабасы алаңында орнатылған. Ал Ордабасы алаңы – Төле би, Қазыбек би және Әйтеке би көшелерінің қиылысында орналасқан. Қазір «Жер-Ана» тәуелсіздік монументін ағымдағы жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Ордабасы алаңы мен Тәуелсіздік саябағын ұзындығы 104 метрлік көпір жалғастырады. Тәуелсіздік саябағының аумағы 5,8 гектар болса, Ордабасы алаңының аумағы 1 гектардан асады.

Мінеки, осылайша Ордабасы алаңында орнатылған «Жер-Ана» тәуелсіздік монументі мен Қабанбай батыр көшесінің бойындағы жазық төбеде салынған «Тәуелсіздік саябағы» кешені Шымкенттегі Тәуелсіздікті ұлықтайтын тұтас сәулет ансамбліне айналды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған тарихи-монументальдық саябақ кешенінің авторлары – Асқар Мырзахметов, Бақытжан Әшірбаев, Насир Рустамов, Әмірхан Шүменов, Нұрлыжан Бөкебаев. Саябақтың авторлары 2014 жылы әдебиет пен өнер саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын алды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер