BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Шымкенттің Бас кітапханасындағы Елбасы залы кеңейтілді

Фото: Автор

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкенттегі «Отырар» қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының Елбасы залы кеңейтілді. Елбасы залында 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне орай «Әлем таныған тұлға» мерекелік кеші өтті. Оған Шымкент қаласының әкімдігі, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Шымкент қалалық филиалы, зиялы қауым, оқырмандар қатысты.

"Қаламыздың бас кітапханасындағы Елбасы залы – Мемлекет басшысының еңбектерін оқырманға насихаттаудың ошағы деп білемін. Бұл кітапханада «400 мыңға жуық кітап қоры бар. Соның ішінде Елбасы залында мемлекет басшысының 1000-нан астам еңбектері және оқыған кітаптары бар. Бәріңізді алда келе жатқан Тұңғыш Президент күнімен құттықтаймын", - деді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы Әлия Шалқарова.

Мерекелік кеш барысында НЗМ оқушыларының робототехника көрмесі қойылып, экскурсия ұйымдастырылды. Танымал фотосуретші Қайсар Шерімнің «Елбасы бейнесі» көрмесі ашылды. Елбасы туралы деректі фильмдерден үзінді көрсетілді. Елбасының қанатты сөздерінен әдеби композиция жасақталып, кітапхананың Шетел әдебиеті бөлімінің жас оқырмандары үш тілде Н.Назарбаевтың кітаптарын таныстырды. Елбасының қанатты сөздерінен әдеби композиция айтты.

Театр әртістері Елбасының сүйікті авторларын бейнелеп, Абай жырларын, А.П.Чеховтың монологын және Шекспир пьесаларынан үзінді оқыды.

Айта кетсек, Елбасы залындағы кітап қоры – 1019 дананы құрайды. Оның ішінде қазақ тіліндегі кітаптар саны - 404 болса, орыс тілінде-134, ағылшын тілінде-7, түрік тілінде-2 кітап бар. Қазақ, орыс тілдерінде дисктер де қойылған.

Кітапхана әкімшілігінің айтуынша, залда көрмелер тұрақты өтеді. Көрмедегі кітаптар, құжаттар тексеріліп, кітаптар мен құжаттар саны толықтырылады. «Елбасы не оқиды?» атты көрмеде Елбасыныың сүйіп оқитын кітаптарының біразы жинақталған. Сонымен қатар, «Қазақстан және Әлем», «Менің елім-Қазақстан», т.б. тұрақты көрмелер жасақталған. Залдың қорынан оқырмандарға Елбасының 1997 жылдан бүгінгі күнге дейінгі Халыққа Жолдаулары ұсынылады.

«Мәңгілік ел» және «Қазақстан - қара шаңырақ» инсталляциялары ұйымдастырылып, оқырмандар «Елбасыға тілек» бұрышына ыстық тілектері мен құттықтауларын жазды.

Фото: Автор


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер