BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Президент: Отан қорғаушылар мерекесі ел азаматтарымен қатар сап түзеген қайсар қыздарға да ортақ

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстан Президенті, ҚР Қарулы күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев әскери қызметкерлерге мемлекет тарапынан ерекше қамқорлық жасалып отырғанын мәлім етті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Алдымен Елбасы жауынгерлік ту мен әскери дәстүрдің маңызына тоқталды.

«Жауынгерлік ту – туған жерге адалдықтың, ерлік пен батырлықтың нышаны. Қасиетті байрақ рухы биік, ер жүрек сарбаздарды әрдайым жеңіске жетелейді. Бауыржан Момышұлының «батырлық өскен ортаға, көрген тәрбиеге байланысты» деген сөзі бар. Азаматтарды отансүйгіштікке тәрбиелеу ісінде әскери дәстүр маңызды рөл атқарады. Әр сарбаз отанқорғаушы ретінде өзінің ел алдындағы ерекше жауапкершілігін сезінуге тиіс», - деді Президент «Отар» әскери базасының аумағында өтіп жатқан ҚР Қарулы Күштерінің әскери парадын ашу рәсімінде.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қарулы күштер қатарындағы жігерлі жігіттер, аяулы арулар да әскери қызметін абыроймен атқарып жатқанын атап өтті. Президенттің пікірінше, Отан қорғаушылар мерекесі ел азаматтарымен қатар сап түзеген қайсар қыздарға да ортақ.

Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет тарапынан әскери қызметкерлерге тиісті қамқорлық жасалып отырғанын атап өтті.

«Мемлекет отан қорғаушыларға ерекше қамқорлық көрсетіп келеді, көрсете береді. Өткен жылы әскери қызметкерлердің лауазымды жалақысы 25%-ке артты. Әскерилерді тұрғын үймен қамтамамыз ету мәселесі шешімімен өз ретін тауып жатыр. Мұның бәрі қарулы күштер сарбаздарының ар-намысыменен айбынын арттыруға жол ашады. Сондықтан мен сіздерді әскери антқа адал болады деп сенемін», - деп түйіндеді сөзін Қазақстан Президенті.

Айта кетейік, бүгін Жамбыл облысы Қордай ауданындағы «Отар» әскери базасының аумағында ҚР Қарулы Күштерінің әскери парады өтіп жатыр.

Отан қорғаушы күні ұйымдастырылған әскери парадқа барлығы 3 мыңға жуық әскери қызметші, 300-ден аса бірлік қару-жарақ пен әскери техника және шамамен 30 бірлік ұшу аппараты қатысуда.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер