BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Петропавл жастары тұрғындарға тәуелсіздік күніне ерекше тарту жасады

Фото: Автор

Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары қала тұрғындарына ерекше тарту жасады. «Ұлы дала мұрагерлері» атты концерт Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні мерекесі мен дербес білім беру ұйымының 10 жылдық мерейтойына арналды. Шәкірттер ұйымдастырған шара Жастар сарайында өтті. Көрермен залында ине шаншар орын болмады.

Қазақстанда Зияткерлік мектептер құру жөніндегі жоба 2008 жылдан жүзеге асырыла бастады. Бүгінгі күні елімізде жаратылыстану-математика бағытында дербес білім беру ұйымы жұмыс істейді. 2010-2018 жылдар аралығында Зияткерлік мектептерді 8 мыңға жуық түлек тәмамдады. 950 оқушы «Алтын белгі» мен ерекше аттестатқа ие болды. Жалпы оқу үлгерімі 100 пайызды құрайды.

«Біздің облыста да Назарбаев Зияткерлік мектебі жұмыс істейтінін мақтанышпен айтуға болады. Білім ордасының ашылғанына 3 жыл ғана болса да, басқа өңірлердегі мектептер сияқты білім беру саласындағы үздік тәжірибе, озық технологияны пайдалану арқылы облысымыздағы ең үздік ұйымдардың біріне айналды. Елбасының көреген саясатымен жасалған жоба – біздің балаларымыз үшін жарқын болашаққа жол ашады. Сондықтан, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары бақытты деп ойлаймын. Бұл – тәуелсіз еліміздің жастарға сыйлаған мол мүмкіндігі», - деді көпшілік алдында сөз алған Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет.

Петропавл қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі 2015 жылдың шілдесінде ашылған болатын. Бүгінде 645 оқушы білім нәрімен сусындап жүр. Оқуда озат шәкірттер сахна төрінде де аянып қалмады. Мың бұралған бишілер мен күміс көмей әншілер көрермен ықыласына бөленді. ҚР Тәуелсіздігі күні мейрамымен тұспа-тұс келген шарада болашақ ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосып жүрген ұстаздар «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 10 жылдығы» мерейтойлық төсбелгісімен марапатталды. IELTS ағылшын тілінің деңгейін анықтауға арналған халықаралық емтиханда үздік бағаға ие болған оқушыларға арнайы сертификаттар табысталды.

«Бұл мектептің негізгі мақсаты – облысымызда, еліміздегі талантты жеткіншектерге мүмкіндік жасап, 21 ғасырға лайық азаматтар тәрбиелеп, терең білім беру. Біздің мектептің басқалардан айырмашылығы – Кембридж, Оксворд сынды тағы басқа шетелдік маңдайалды университтердің тәжірибесі бойынша жұмыс атқарады. Ұжымда тәжірибелі, білікті мұғалімдер еңбек етеді. Олар өздерінің бар күш-қуатын балаларға білім беруге жұмсайды. Ұйымның тағы бір ерекшелігі – балаларды өздігінен білім алуға баулимыз. Біздің діттегеніміз – балалар тек мұғалімнің берген білімін алып қана қоймай, ізденуге үйрету. Бүгін еңбегім еленіп, марапат алғаныма қуаныштымын», - деді Зияткерлік мектеп мұғалімі Болатбек Батыров.

Білім беру ұйымының өміріне белсене араласып жүрген ата-аналар мектеп директоры Нұрғали Елшібековтың қолынан «Мектептің өркендеуіне үлес қосқаны үшін» алғысхатын алды. Концертке келген қауым оқушылар жасаған қолөнер бұйымдары және ғылыми жобаларымен танысты. Сахнада төрінде ән мен би салтанат құрып, қазақтың қара домбырасының көмейінен әуезді күй төгілді. Шағын қойылым да көпшіліктің жүрегіне жол тапты. Көрермен жас өнерпаздарға тік тұрып, қол соғып құрмет көрсетті. Ресейдің Омбы қаласынан арнайы келген Майра әжей бір жарым сағат бойы концертті тапжылмай тамашалаған көрермен атынан мектеп ұжымын мерейтоймен құттықтап, балаларға ақ батасын берді.

«Назарбаев Зияткерлік мектебінде менің екі бірдей немерем оқиды. Оларға сапалы білім мен саналы тәжірибе беріп жүрген ұстаздаға мың алғыс. Бүгінгі концерт тамаша, өте жоғары деңгейде өтті. Балалар нағыз кәсіби әншілер мен музыканттардан кем түскен жоқ. Мұғалімдерге табыс тілеймін», - деді сахнаға шығып өз лебізін білдірген Майра Мұсабаева.

Фотолар: Автор


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер