BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Павлодарлықтар желтоқсаншыларды еске алды

Фото: pavlodarnews.kz

Астана, BAQ.KZ. Павлодарлықтар саяси қуғын-сүргін құрбандары монументіне барып «Желтоқсан көтерілісінде» жанын қиған боздақтарды еске алды. Бұл туралы pavlodarnews.kz сайты хабарлайды.

Шараны ұйымдастырушылардың бірі, ақын, Қазақстан жазушылар Одағы Павлодар облыстық филиалының төрағасы, «Алаш» сыйлығының иегері, қоғам қайраткері Арман Қани желтоқсаншыларды еске алушылардың саны жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті.

«Бүгінгі шараға желтоқсаншылар, қоғам белсенділері, шығармашылық адамдары жиналып, желтоқсаншыларды, өзге де тәуелсіздік жолында құрбан болған қаһармандарды еске алып жатыр. Оған қоса, балалар, жастар да қатысуда. Алдағы уақытта ұрпақ сабақтастығы бола береді деп ойлаймыз. Бұны қоғам белсенділері өздері ұйымдастырып отыр. 30-дан астам адам келіп, өз ойларын, пікірлерін білідірді. Оның ішінде сол оқиғаға қатысқан, ұйымдастырушылардың бірі ретінде бас бостандығынан айырылған Құрманғазы Айтмырзаев Алматыдан арнайы келіп отыр. 2012 жылы он төрт-ақ адам жиналғанбыз. Жыл сайын 16 желтоқсан күні жиналуды дәстүрге айналдырғанбыз. Алайда, 16 желтоқсан – «Тәуелсіздік күні» мерекесі болғандықтан, ол күнді қаралы жиыннан бастаған дұрыс емес деп шештік. Елбасымыздың жарлығымен 17 желтоқсан – «Демоктратиялық жаңару күні» деп бектіліген. Енді жыл сайын 17 желтоқсанда жиналып, боздақтарымызды еске алып отырамыз», - дейді Арман Қани.

Жиынға қатысушылар еліміздің егемендігі жолында қаза тапқан қаһармандар мен желтоқсаншы боздақтарды еске алып, өз ойларымен бөлісті. Сондай-ақ ерліктеріне тағзым етіп гүл шоқтарын қойды. Желтоқсан көтерілісіне қатсысушы, филология ғылымдарының кандидаты, С.Торайғыров атындағы ПМУ қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі Айман Зейнулина да өз пікірін ортаға салды.

«Жыл сайын еске алушылардың саны артып, адамдардың саналы түрде келіп жатқанына қарап қуанамыз. Үлкендер үлгі көрсетіп жатқаннан кейін ұрпақ сабақтастығы болатыны анық. Қазақ елінің тәуелсіздігі үшін қандарын төгіп, ана дүниеге өтіп кеткен желтоқсаншылардың жандары жәннатта болсын! Олар біз үшін үлкен ерлік жасады. Енді біздің міндет еліміздің тәуелсіздігі нығайуына жұмыс жасау. Ол үшін тіліміз, дініміз берік болсын. Желтоқсаншылардың ерлігі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, әнге қосылып, ақындардың өлеңдеріне арқау болып жатыр. Сондықтан заманымыз түзелді-ау деп ойлаймын. Желтоқсанның әлі де ашылмаған ақиқаты уақыт өте ашылатынына кәміл сенемін. Елімізде бұндай қайғы енді болмасын. Азаттығымыз мәңгі болсын!», - дейді Айман Зейнулина.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер