Тәуелсіздік пен Өскемен - Атаулы күн|09 Желтоқсан 2018, 15:46
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Тәуелсіздік тұғырында. Өскемен: бұрын және қазір

Фото: Ⓒ

Өскемен, BAQ.KZ. Шығыс Қазақстан облысы – еліміздің экономикасының дамуына елеулі үлес қосып отырған алпауыт өнеркәсіптері, аты аңызға айналған тарихи жерлері, алып тұлғалары, тамаша табиғаты бар өлке. Облыс орталығы – Өскемен жылдан жылға құлпырып, гүлденіп келеді. Қаладағы әрбір өзгеріс, әрбір жағымды жаңалық қалай да Тәуелсіздікпен байланысты. Ендеше, тәуелсіздік алғанғаннан кейінгі жылдары қалада қандай өзгерістер болғанын фотолармен көрсетпекпіз.

Қала тарихы

Өскемен қаласының іргетасы 1720 жылы Ертіс пен Үлбі өзендерінің сағасына бекініс ретінде қаланған.

1828 жылы Өскеменнің алғашқы құрылыс жоспары жасалып, 2000 ғана тұрғыны бар елді мекенге - пошта және полиция бөлімшелері, сот ғимараты, мешіт пен мұсылмандар училищесі салынған. Сондай-ақ, елді мекен аумағын ұлғайту үшін қосымша кірпіш зауыттары тұрғызылған.

1868 жылы Өскеменге қала мәртебесі берілді.

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары басқыншылардың қаупі төнген Ресейдің батыс өңіріндегі зауыттардың біразы Өскемен қаласына көшіріледі. Осылайша Өскемен мырыш зауыты, титан-магний, Үлбі металлургиялық және машина құрастыру зауыттарының іргетасы қаланады. Аталмыш кезең Өскемен қаласы тұрғындарының ұлттық құрамын өзгертіп, қаладағы қазақтардың үлесін күрт төмендетті.

Өскеменнің екінші серпілісі соғыстан кейінгі жылдары басталды. Бұл жылдары қала іргесінде Өскемен және Бұқтырма су электр станциялары салынып, қаланың сол жағалауына автокөлік өтетін алып көпір соғылды.

1970 жылдары қаланың бас жоспары жасалып, ендігі құрылыстарды қаланың Ертіс өзенінің күнгей бағытындағы бөлігіне салу көзделді.1980 жылдары басталған қайта құру, тоқырау жылдары мен одан кейінгі Совет Одағының ыдырауы бұл жоспарды іске асырмады.

1991 жылы тәуелсіз Қазақстан атанғалы - Совет Одағы кезеңінде іске аспай қалған ірі жобалар қайта жанданды. Қаланың ұлттық құрамы өзгеріске ұшырап, қазақтардың саны арта бастады. Айуыл-аймақтың халқы қалаға көшіп, титулды ұлттың урбанизациясы басталды.

1997 жылы Шығыс Қазақстан мен Семей облыстары біріктіріліп, Өскемен қаласы ірі облыстың орталығына айналды.

«Юбилейный» кинотеатры

Өскемендегі 5 кинотетрдың бірі – «Юбилейный» кинотеатры. Ол 1970 жылға қарай Қазан төңкерісінің 50 жылдығын тойлау аясында салынып, алғаш рет үлкен форматтағы кинофильм қойылған. 2013 жылы басталған жөндеу жұмыстары 2015 жылдың күзінде аяқталды. Қазіргі уақытта бұл жер қала тұрғындары мен қонақтары демалуға баратын көрікті жерлердің біріне айналды.

«XX ғасырдың ортасына дейін бұл жерде жем-шөп сататын базар болған. Дәл осы жерде жылқылар мен түйелер жем-шөп жеп тұратын көрініс әлі күнге дейін көз алдымда. Жолдың қарама-қарсы бағытында біздің көршіміз тұратын. Апам олардың үйіне барып, сүт алатын», - дейді қала тұрғыны Вячеслав Усов.

Орталық алаң

1958 жылдың қараша айында қаланың орталық алаңына пролетариат көсемі Владимир Лениннің ескерткіші орнатылған. Қазіргі уақытта бұл жерге Өскемен қалалық әкімдігі мен Абайдың ескерткіші орналасқан. Жалпы, Совет Одағы кезеңіндегі ескерткіштер Өскемендегі Солжағалау саябағының бір бұрышына орналастырылды. Лениннің бір емес, бес ескерткіші сол жерде тұр.

Металлургтер мәдениет үйі

1957 жылғы 30 сәуірде Өскемен қаласында Металлургтер Мәдениет сарайы ашылды. Аталған кезеңде сәулетшілер арасында классикалық сәулетке деген еліктеушілік қызып тұрған болатын. Металлургтер Мәдениет сарайының кейбір элементтерінің ежелгі сәулет өнеріне ұқсағаны осыдан болар. Атап айтсақ, оның кіреберісіндегі тіреу колонналары біздің дәуірімізге дейінгі бесінші ғасырда ежелгі Грекияда танымал болған коринфтік стильде салынған.

Бүгінде ашылғанына 60 жылдан астам уақыт өткен сәулет өнері елімізде алғаш ашылған Достық үйінің ғимараты ретінде пайдаланылуда. Ұлттық-мәдени орталықтар мұнда көшпес бұрын ғимартқа толық жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бірінші және екінші қабатындағы бөлмелер мен акт залын жөндеуге кеткен жарты жыл уақыт Мәдениет сарайының алғашқы қалпын сақтап қалды. Ескі люстралары қалпына келтіріліп, ғимараттың қасбеті қайта әрленді. Мәдениет сарайының алдындағы субұрқақ қайта түрленіп, заманауи жарық шамдарымен жарықтандырылды.

Өскемен орталық мешіті

1990 жылы діндар қауым талабымен қала әкімшілiгі «Факел» кинотеатрын мешiт үйi етiп қайта жабдықталған. Бұл мешіт тарихи ескерткіш болып саналады. Оның іргетасының қаланғанына биыл 120 жылдан асты. Дін жанашырлары мен кәсіпкер азаматтардың қаржылай көмегі арқасында 2017 мешіт күрделі жөндеуден өткізіліп, Өскемен орталық мешіті ретінде халыққа қызмет етіп келеді.

2012 жылы тамыз айында Өскеменнің сол жағалауында 3 000 адамға арналған Халифа Алтай мешіті бой көтерді. 2009 жылы құрылысы басталған мешіт көлемі жөнінен Астана қаласындағы «Нұр Астана» мен «Әзірет Сұлтан» мешітінен кейінгі орынды иеленеді.

Жаңа мешітте бір мезетте үш мың адам құлшылық жасай алады. Мешіт құрылысына 1,5 миллиард теңге көлемінде қаржы жұмсалған. 11-ден астам мердігер компания құрылыс жұмысына қатысқан.

Ғимараттың жалпы биіктігі – 20 метр, мұнараларының биіктігі – 63 метр. Ғимараттың бірінші қабатында үш қатымхана орналасқан. Ең үлкені 300 адамдық, қалған екеуі 70 орындық. Оған қоса ас бөлмесі бар. Ал екінші қабатта Құран-кәрімді үйренетін және оқитын екі сынып бөлмесімен қатар дәрет алу орны қарастырылған. Сондай-ақ, мың жарым адамға арналған шағын зал жұмыс істейді. Ғимараттың үшінші қабатында балконымен қосқанда сыйымдылығы 2500 орынды құрайтын намазхана. Ер-азаматтар негізгі залда намаз оқыса, әйел адамдар балконда ғибадат-құлшылықтарын жасайды. Мешітке келушілердің көліктерін қоятын автотұрақ та жоспардан тыс қалмаған.

Шығыс Қазақстан облыстық драма театры

Қазіргі орыс театрының тарихы 1902 жылдан басталады. Ол кезде Халық үйі деп аталған. 1936 жылы Шығыс Қазақстан облысы жеке облыс болып, Өскемен қалалық театр облыстық статусын алды. 1941 жылы театр ғимараты, Германияға қарсы күштерді жұмылдыру орталығына айналды.

1946 жылы Өскемен қалалық атқару комитетінің шешімімен, облыстық драма театрына, қазақ халқы Жамбылдың туғанына 100 жылдығына арналып, театрға ақынның есімі берілді.

2000 жылдың ақпан айында Шығыс Қазақстан облыстық Жамбыл атындағы драма театрында қазақ труппасы ашылды. Труппа ең алғашқы маусымын Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу» спектаклімен ашты.

2012 жылы Өскемен қаласында театрдың жаңа ғимараты салынды. Алғашқы кезде ол ғимарат қазақ драма театрына арналып салынады делінген, бірақ қазір бұл мәдени ошақ ордасында қазақ және Жастар театрлары жұмыс істеуде. Жастар театры 2015 жылы құрылды.

Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының жаңа ғимараты 2015 жылдың 7 сәуірінде,Қазақстан Республикасы Президенті қатысуымен салтанатты түрде ашылды. Театрда екі көрермен залы, үлкені - 600 орындық, бірнеше репетициялық, музыкалық, балет, тренажер залдары, грим бөлмелері бар. Театрға қажетті жарық және музыка бөлімдеріне арналған арнайы құрал-жабдықтармен қамтылған, дыбыс жазу студиясы бар.

Этноауыл

Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорығы Қазақстан аумағында алғаш рет Өскеменде салынды. Бұл жерде экосаябақ та, этноауыл да, хайуанаттар бағы да, қайықтар бекеті де, әскери кешен мен балалар қалашығы да бар. Этноауыл аумағында ХІХ және ХХ ғасырлары Шығыс Қазақстан аумағында өмір сүрген халықтардың үйлері салынған. Бұл жерден қазақтың киіз үйнен басқа татар, ұйғыр украин, кәріс, неміс, әзербайжан және басқа да ұлттардың үйлерін көріп, тұрмыс-салтымен танысуға болады.

Сол жағалау сұлу келбет

1974 жылы сәуір айында Өскеменнің сол жағалауында алғашқы ғимарат салынды. Ол Жібек-маталар комбинатының мамандарына арналған тоғыз қабатты жатақхана еді. Қаржыландыру мәселесі шешілмегендіктен, құрылыс жұмыстары сонымен тоқтап қалған. Қазіргі уақытта ол ЖМК ықшамауданы деп аталады. 1970 жылдары қаланың бас жоспарына кірген Ертіс өзенінің күнгей бағытындағы бөлігіне құрылыс жүргізу идеясы 2000 жылдардан бастап жүзеге аса бастады. Қазіргі уақытта қаланың сол жағалауында тұрғын үйлер мен мешіт, театр, неке қию сарайы, мұз айдыны және тағы да басқа маңызды ғимараттар бой көтерген.

Бұл – Өскемен қаласының бүгінгі келбеті және мұның бәрі тұғырлы тәуелсіздігіміздің жемісі. Ал сіздің қалаңызда тәуелсіздік алғалы қандай өзгеріс болды, оқырман?

Айзере Сұлтан

Фотосуреттер: Азамат Темірбек, Мерей Қайнаров, Тілеубек Шаяхмет және ашық дереккөз


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер