BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Назарбаев: Қарулы күштеріміз – халқымыздың сенімді тірегі, мемлекеттің берік қалқаны

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстан Президенті, ҚР Қарулы күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Отан қорғаушылар мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Баршаңызды ұлы Отан қорғаушылар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Баһадүр бабалар ұлы даламызды ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап бізге аманат етіп қалдырды», - деді Президент «Отар» әскери базасының аумағында өтіп жатқан ҚР Қарулы Күштерінің әскери парадын ашу рәсімінде.

Сонымен қатар Елбасы бүгінгі әскерлерге зор міндет жүктелетінін атап өтті.

«Ұранды елдің ұрпағы айбарлы келеді» деген дана халқымыз. Бүгінгі айбынды армиямыз үшін елдің тыныштығын сақтап, тәуелсіздіктің қорғаны болу мәртебелі зор міндет. Жау жүрек жауынгерлердің көтеретін жүгі ауыр, бірақ ол абыройлы борыш, қастерлі парыз. Қарулы күштеріміз – халқымыздың сенімді тірегі, мемлекеттің берік қалқаны», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Аумақтық қорғаныс бригадаларының жауынгерлік туларын облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдеріне тапсыру рәсімінен кейін Арнаулы операциялар күштерінің, Мемлекеттік күзет қызметінің, Ұлттық ұланның, Әскери-теңіз күштерінің арнаулы мақсаттағы отрядының, сондай-ақ аумақ әскерлерінің әскери қызметшілерінің шеруге қатысушы құрамдары сап түзеп өтті.

Заңсыз қарулы құрылымдардың шартты базасын жою жөніндегі тактикалық эпизодтарды орындау барысында «Точка-У» тактикалық зымырандық кешені, «Град» және «Прима» дүркін отшашу зымырандық жүйесі, МСТА-Б және Д-30 зеңбіректері, «Солнцепек» ауыр отшашу зымырандық жүйесі, «Штурм-С» танкіге қарсы зымырандық кешені және Ракета әскерлері мен артиллерияның басқа да қару түрлерінің мүмкіндіктері көрсетілді. Құрлық әскерлері және Әуе қорғанысы күштерінің әскерлері зымырандармен от шашып, бомба лақтырды, сондай-ақ барлық қару түрінен оқ атты. Әскери-әуе күштерінің майдандық және армиялық авиациясының ұшақтары мен тікұшақтары аспанда әуе ұрысын жүргізді. «Жетісу Барысы» ұшқыштар тобы жоғары пилотаждық шеберлігін көрсетті.

Әскери парадқа 3 мыңға жуық әскери қызметші қатысып, 300 әскери техника мен қару-жарақ және 40 ұшу аппараты жұмылдырылды.

Соңында Мемлекет басшысы әскери техника мен қару-жарақтың заманауи үлгілерімен танысты, сондай-ақ дала жағдайындағы ұрыста көрсеткен шеберліктері, оқ ату кезіндегі мергендіктері және жауынгерлік дайындықтары үшін парадқа қатысушылардың барлығына алғыс білдірді.

«Әскери парад сіздердің жауынгерлік шеберлік деңгейлеріңіздің және дала жағдайына жаттыққандарыңыздың шынайы көрінісі болды. Парад Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жауынгерлік дайындығы мен кәсібилік деңгейінің одан әрі артуына септігін тигізеді деп сенемін. Баршаңызды Отан қорғаушы күнімен және алда келе жатқан Жеңіс күнімен құттықтаймын», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер