Қуғын-сүргіннен құрбан болғандардың толық тізімін жасау ұсынылды - Атаулы күн|30 Мамыр 2017, 12:48
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қуғын-сүргіннен құрбан болғандардың толық тізімін жасау ұсынылды

Фото: Ержан Жаубай

Бүгін Астанадағы Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» күніне орай кездесу өтті, деп хабарлайды BAQ.kz тілшісі.

Кездесуге қуғын-сүргін құрбандарының бүгінгі ұрпақтары мен есімдері елімізге белгілі тұлғалар қатысты. Іс-шара құрбандарды еске алған бір минут үнсіздікпен басталды.

«Тарихшылардың мәліметі бойынша, 1937-38 жылдары Кеңестік Қазақстанның 118 мың адамы сотталып, 25 мыңына ату жазасы кесілді. Қуғын-сүргін машинасын еркіне жіберудің заңды салдары тоталитарлық билікті нығайту болды. Сталиндік репрессия кезінде қазақ халқының басшылық қызметтегі азаматтары мен қоғам қайраткерлері, біртуар тұлғалары және ақын-жазушыларының ең таңдаулы өкілдері қаза тапты» - дейді ҚР Ұлттық музейі директорының міндетін атқарушы Абай Сатыбалдин.

Кездесу барысында қазақ халқының қаймақтарын қалқып алған осы нәубеттің себеп-салдары мен оның еліміздің дамуына келтірген кедергілері жөнінде толығырақ әңгіме қозғалды.

«Бұл күн (31 мамыр – ред) тек қана қуғын-сүргін құрбандарын ғана емес, осы тәуелсіздік жолында құрбан болған азаматтарды еске салатын күн. Атына ғана жығылып, тек қана қуғын-сүргін құрбандарын еске алып қана қоймай, ашаршылықтағы қаза болғандардан бастап, кешегі Желтоқсанда қырғынға ұшыраған боздақтарымызға дейін еске алуымыз керек» - дейді «Қасиетті Қазақстан географиясы» орталығының басшысы Берік Әбдіғали.

Мұнан бөлек кездесуге келген зиялы қауымға Берік Әбдіғалиұлы қуғын-сүргіннен құрбан болғандардың толық тізімін жасау керектігін айтты.

«Мұндай шара Украинада жасалды. Олар қанша адамы қаза болғанын толықтай тізіп шықты. Шынына келер болсақ, мұндай тізімді біз бірінші жасауымыз керек еді. Себебі біздің қазақта ата-бабаларымыздан бері үзілмей келе жатқан әулет шежіресі бар. Осы арқылы біз қанша қазақтың құрбан болғанын біле алатын едік» - дейді Берік Әбдіғалиұлы.

«Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» күні Президенттің 1997 жылғы 5 сәуірдегі бұйрығымен жыл сайын 31 мамырда аталып өтіледі деп бекітілген болатын.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер