BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Көкшетаулық студенттер әскери өнер көрсетті

Фото: автордан

Көкшетаудағы Тәуелсiздiк алаңында Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты шеруде студенттер де әскери өнер көрсетті, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Отан қорғаушыларды құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова оларға күн сайын атқарып жатқан қажырлы еңбектері үшін алғысын білдірді.

«Айшықты мерекеде Отанымыздың тыныштығын, мемлекеттің, қоғамның, әрбір қазақстандықтардың қауіпсіздігін қорғап жүрген ерлеріміз ұлықталады. Қазіргі күні әскеріміз жаңарып, оның күш-қуаты жылдан жылға нығайып, аймақтағы тұрақтылық кепіліне айналды. Бүгінде аталарымыз бен әкелеріміздің ерлік пен батырлыққа өрілген жолын ақмолалық жауынгер жастарымыз абыроймен жалғастыруда. Бейбіт заманда Отан алдындағы әскери борышын өтеп жүрген барша азаматтар мен олардың жақындарына зор денсаулық, бастаған әрбір істеріңізге сәттілік, тәуелсіз еліміздің кемел келешегі үшін жаңа табыстарға жетулеріңізге тілектеспін!», – деді ол өзінің құттықтау сөзінде.

Бұдан әрі салтанатты марш ойналып, сап түзеген әскерилердің шеруі басталды. Әскери сап түзеуге облыстық төтенше жағдайлар департаменті, Көкшетау техникалық институтының курсанттары, 5510-шы әскери бөлімшесінің әскери қызметкерлері, білім беру ұйымдарының әскери-патриоттық клубы, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің әскери кафедрасында дайындық курсын өтіп жүрген Қазақстан әскерінің болашақ офицерлері қатысты.

«Сайдың тасындай іріктелген сардарлар мен сарбаздардың бір-бірімен иық тірестіре аттаған адымдарынан әскери өмірдің қаншалықты темірдей тәртіпті қажет ететіндігі аңғарылады. Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары педагогикалық колледжінің «Томирис» рухани-патриоттық және «Айбын» әскери-патриоттық клубтарының, Көкшетау қаласының жоғары колледжі, Красный Ярдағы №3 агротехникалық колледжі, Көкшетау қаласының №1 сервистік-техникалық колледжі студенттерінің көрсетілімдері жұртшылықтың көңілінен шықты», - дейді «Айбын» клубының жетекшісі, лейтенант Орынбек Сағидолла.

Шара барысында бір топ әскери қызметкерге облыс әкімінің алғыс хаттары салтанатты жағдайда табыс етілді. Бұл күнгі өнер ұжымдарының дайындаған мерекелік ән шашуы да темірдей тәртіпке көндігіп, елі мен жерінің тыныштығын күзетіп жүрген Отан қорғаушыларымыздың құрметіне арналды.

«Шерудің әсерлі де әдемі тұстары көп болды.Қолдарына көк туды ұстаған жеткіншектер еліміздің болашағы жарқын екенін жан-жүрегімен сезгендей болды. Әсіресе алаңда Әнұранды қосыла шырқағаны кім-кімді де әдемі әсерге бөлегені анық», - деп өз ойымен бөлісті қала тұрғыны Ербол Құсайынов.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер