BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Көкшетауда мерекелік шеруге 3 мыңнан астам бала қатысты

Фото: Автор

Көкшетауда 1 маусым – Балаларды қорғаудың халықаралық күніне орай музыкалық оркестрлер мен ансамбльдердің шеруі ұйымдастырылды. Шараға 3 мыңнан астам көкшетаулық жеткіншек қатысты, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Балалардан құралған бірнеше барабаншылар отряды, үрмелі оркестрлер мен ансамбльдер, би ұжымдары салтанатты шарада жүріп өтті. Қатысушылар «Қазақстан жастары» әніне флеш-моб орындады. Қала әкімі Ермек Маржықпаев еліміздің ертеңі – балаларға мықты денсаулық, табыс тіледі.

«Білімді ұрпағы бар ел мықты. Білікті маманы бар ел озық. Сондықтан мемлекетті әрі қарай дамытатын, болашағымыздың айқын болуына үлесін қосатын жастарға үлкен сенім артылады. Олар өздерінің табыстарымен кейінгі толқынға үлгі болуы тиіс», – деді қала әкімі Е.Маржықпаев.

Шеруді Астанадағы ең көрікті саналатын «Ақорда ғимараты» бейнеленген саббуфер жалғастырды. Шерудің ең кішкентай қатысушылары – түрлі костюмге жасанған балдырғандар қатары шараны көрікті ете түсті.

Ролик тепкен балалар мен велосипед мінген балдырғандардың қуанышты жүздері, қолдарында ойыншықтары бар балақандардың шат күлкісі мерекені шырайландырды.

Балалардың көңілдерін көтеріп, қала тұрғындарына арналған ауқымы кең шеруге студенттер, мұғалімдер, колледждер мен жоғары оқу орындарының ұстаздары, ата-аналар мен мәдениет және спорт салаларының өкілдері де атсалысты.

Әр білім ошағының балалары жүріп өткен кезде сол мектептің жетістіктері айтылды. Бұл жас буынның бойында мақтаныш сезімін тудырып, олардың отансүйгіштік рухын оятары сөзсіз.

«Бүгінгі шара, әсіресе, балаларға ерекше бақыт сыйлады. Барлық ата-аналар балаларын алып шығып, қала бойынша тұтастай той болып жатқандай әсерде тұрмыз. Біз де өз кезегімізде осы шараға атсалысып, балалардың осындай риясыз, жарқын күлкілеріне куә болғанымызға ризамыз», – дейді Сәкен Жүнісов атындағы №18 орта мектеп-лицейінің директоры Баян Сарсембаева.

Қызықты репертуар, музыкалық инструменттердің әртүрлілігі, шығармалардың түпнұсқалығы, бірнеше түрдегі музыкалық қызметтің бірігіуі музыкалық-театрландырылған шеру мерекелік қалып тудырып, әсерлі тыныс берді.

Сурет: Автор

«Қалалық білім беру ұйымдарының қазақтың сүйікті ұлттық аспабы алып «Домбыраны» алып жүруі ән өнерін аспанға биіктеткен құнды мұрамызға деген тағзым болса керек. Шарлармен безендірілген көлік те шеруді көрікті ете түсті. Балаларымыз біздің болашақ болғандықтан, әрбір осындай жақсылықтардың бәрі бізді қуантады. Бұндай шерулердің болғаны жақсы. Әрине балаларды патриоттық рухта тәрбиелеу үшін осындай шерулерді көрсету, Қазақстанның болашақ патриот азаматы ретінде оларды сезіндіру біздің парызымыз», – дейді қала тұрғыны Ерден Темірәлиев.

Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған шеру концерттік бағдарламаға ұласты. Ата-анасының жанында алаңсыз жүрген балалар алаңдағы қызықты бағдарламаларды тамашалап, саябақтағы әткеншектерге мініп, тәтті-дәмділерден дәм татты.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер