BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қазақстандық дипломаттарға мемлекеттік наградалар табысталды

Астана, BAQ.KZ. Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін мерекелеу рәсімі өтті.

«Әлемнің кейбір аймақтарындағы оқиғаларды бақылауда біз еліміздің Тәуелсіздігін одан әрі бағалап, қауіпсіздікті нығайтуға және Отанымыздың өркендеуіне қолайлы жағдай туғызуға бар күш-жігерімізді жұмсауымыз қажет», - деді өз сөзінде Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов.

Сыртқы істер министрі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың егемен және тәуелсіз Қазақстанды құрудағы айрықша рөліне ерекше назар аударып, Елбасының дана және көреген саясатының арқасында біздің еліміздің табыстары әлемнің барлық жерлерінде белгілі.

«Биыл еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде жұмысының екі жылдық кезеңі аяқталады. Бұл сөзсіз Президент Н.Назарбаевтың басшылығымен тәуелсіз қазақстандық дипломатияның жетістігі болып табылады», - деді Министр. Оның айтуынша, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болуының екі жылдық кезеңінде Мемлекет басшысының, біріншіден Орталық Азия аймағында тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға, халықаралық лаңкестікке қарсы, қарусыздану мен ядролық қаруды таратпауға бағытталған бейбітшіл бастамаларын ілгерілетуге біздің ел қол жеткізді.

Өтіп бара жатқан жыл елімізде өткізілетін түрлі халықаралық іс-шараларға толы болды. Тарихи Ақтау саммитінің өтуі ерекше атап өтілді. Оның нәтижесінде Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция жасалып, бұл су резервуарын бірегей мәртебесін бейбітшілік пен өзара тиімді ынтымақтастық аймағы ретінде біріктірді.

Министр сондай-ақ Орталық Азия лидерлерінің алғашқы консультативті кездесуін, Сирия жөнінде Астана процесінің жалғасуын, «Астана» халықаралық қаржы орталығының іске қосылуын, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы және ТМД саммиттерін, Астана экономикалық форумын және басқа да елеулі халықаралық іс-шаралардың өткізілуін атап өтті.

Қ. Әбдірахманов Сыртқы істер министрлігінің ұжымына елдің сыртқы саясатының басымдықтарын жүзеге асыруға қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан дипломатиясының бірқатар ардагерлері мен қызметкерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды: «Парасат» орденімен - СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Айымдос Бозжігітов және ҚР дипломатиялық қызметінің ардагері Мәдина Жарбосынова; ІІ дәрежелі «Достық» орденімен - СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Алмаз Хамзаев және ҚР дипломатиялық қызметінің ардагерлері Ақмарал Арыстанбекова және Қайрат Әбусейітов; «Құрмет» орденімен - СІМ Жауапты хатшысы Ермек Көшербаев, Қазақстанның Германиядағы Елшісі Болат Нүсіпов, ҚР дипломатиялық қызметінің ардагері Қайрат Исағалиев және СІМ Жалпыазиялық ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары Руслан Ахмет марапатталды.

Сонымен қатар, Министрліктің бірқатар қызметкерлері «Ерен еңбегі үшін» мен «Астана 20 жыл» медальдарымен және Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер