BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қарлаг қасіретін ұмытуға болмайды

Фото: Автор

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық, ол зобалаңның құрбандары туралы ойлаудың өзі – азап, жазудың өзі – қиын, айтудың өзі – ауыр. Кейінгі ұрпаққа оның себеп-салдарын түсіндіру де оңай емес. 10 жылын Қарлаг түрмесінде өткізген көкшетаулық азамат Құлжан Топшақовтың қиындыққа толы өмірі, елі үшін сіңірген еңбегі көпке үлгі боларлық. Атпал азаматтың көрген қасіреті жайлы немересі Сәуле Дәулетбекқызы Baq.kz тiлшiсiне айтып берді.

Құлжан Топшақов 1932 жылдан партия хатшысы, май зауытының директоры болып еңбек етеді. Алайда ел жақтағы қанқұйлы белсенділердің жоғарыға қайта-қайта көрсетулері тоқтамайды.

«Солақай саясаттың зобалаңы біздің отбасымызды да айналып өтпеді. 1933 жылдың қысында «үштіктің» жансыздары атамды алдарына салып алып кетеді. «Колхоз мүлкін талан-таражға салды» деген жалған айып тағылып, ауылдан тұзаққа іліккендердің бірі боп, сотталып кете барады. Артында бала-шағасы аңырап қала береді. Адамның ақ-қарасына жетер заман жоқ еді, қолға түскен торғайдай шырылдаған уақыт. Таптық жау атанып кеткен жанды артынан іздестіру түгілі, амандығын сұрастырудың өзі ол заманда өте қауіпті болатын. Осылайша атам он жыл Қарлагтың түрмесінде небір азапты күндерді басынан өткерді. Карлагта өткен қаншама қатігездіктер мен озбырлықты басынан кешірсе де мойымады, қайыспады. Себебі, туған жеріне деген сүйіспеншілігін әркез жүрегінде сақтады», - деп еске алады Сәуле Дәулетбекқызы.

Елге келгесін де соғыстан кейінгі колхоздастыру кезеңінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Ұзақ жылдар ауылда пошташы болып еңбек етеді. Алайда үнемі қорқыныш, үреймен өмір сүреді.

«Қарлаг азабынан аман қалған атам басынан өткен қиын-қыстауды, өмірінің бүкпесі жазылмай жатқан соны жақтарын айта қоймайтын. Сол арыстандай ақырған, мұздай қақыраған суық күндерді еске алу қиын да, ауыр тиерін кім біліпті... Атам өте қатал, талапшыл болатын. Барлық адамға бірдей қарайтын. Қатал болса да бауырмал атам отбасына қамқор және немерелерінің өмірден өз орнын табуға бағыт-бағдар беруші бола білді. «Сол кездерді еске алу біздер үшін өте ауыр. Ол кезде қазақ не көрмеді десеңші?! Сол Карлаг дегенді естігенде жүрегіміз шымыр етеді. Шырақтарым, сендер бақыттысыңдар ғой, біз көргенді сендердің бастарыңа бермесін, оқыңдар» деп отыратын», – дейді Сәуле Дәулетбекқызы.

Әкімшілік-жазалаушы жүйе қаншама жанның бала-шағасын, тұқым-тұяғымен жойып жіберуге тырысты және де осы ойларын жүзеге асырды. Көбісінің аты аталмай, ақталуды көрмей бебітшілік пен бостандықтың сәулесінде көрмей арманда кетті.

«Жазықсыз жазаланып, жаппай қудалаудың зардабын тартқан Құлжан атамның да көзі тірісінде ақталмағаны жанға батады. 1977 жылы атамның ғұмыр сызығы үзілді. Өмірден өткен соң да оның жазған-сызған дүниелерін жарыққа шығара алмадық. Атамның тіршілігін таразылап, өмірбаянынан бірде-бір мін таба алмаған әкем де қамығып жүрді. Нақақтан кеткенін түсініп, іші удай ашитын. Атам 1989 жылы ғана толық ақталды» , - дейді С.Дәулетбекқызы.

Құлжан Топшақов өмірінің соңына дейін жергілікті баспасөзбен тығыз байланыста жұмыс істеді. Редакциядан мақала ұйымдастыру, басылымды тарату мәселесіне қатысты хаттар жиі келетін болған. Бірнеше мәрте ҚазССР Жоғарғы кеңесі Байланыс министрілігінің грамоталарымен марапатталды. 1966 жылы жергілікті басылымдарды таратуға қосқан зор үлесі үшін есімі Құрмет тақтасына енді.

«Біз үшін тоқсан жылға жуық тарихы бар «Көкшетау» газеті өте ыстық. Өйткені, атам өмірінің соңына дейін облыстық «Көкшетау правдасы» газетімен тығыз байланыста жұмыс істеді. Сол уақыттағы ауылдың тыныс-тіршілігі, өңірдегі еңбек адамдарын дәріптеу, ел тарихы туралы және тағы да басқа сан түрлі жанрларда жазылған мақалалары әлі сақтаулы» , - дейді ақсақалдың немересі Сәкен Құлжанов.

Фотосурет: Автор


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер