BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ерлік жасаған Никита: Өзіме төнетін қауіпті емес, қыздарды құтқаруды ойладым

Орал қаласы Зеленов ауданының тумасы 16 жастағы Тюкин Никита Анатольевич өзен суына батып бара жатқан екі қызды құтқарып қалды. Өміріне қауіп төнсе де, өзін ойламаған жасөспірімнің ерлігі бүгінде ел аузында. Вaq.kz тілшісі жас та болса, өзгелерге үлгі болған Никитамен сұхбаттасты.

Никита, жасың нешеде? Қайда оқисың?

Мен 2011 жылы дүниеге келдім. Қарапайым отбасында өсіп жатырмын. Әпкем бар. 9-сыныптан кейін колледжге түстім. Программист мамандығын оқып жатырмын. Сабағым жақсы. Стипендия аламын.

Енді оқиғаның қалай болғанын айтып берсең...

Мамыр айының басы болатын. Әлі шомылуға ерте кезең. Досыммен өзеннің үстіңгі жағындағы көпірде өтіп бара жатқанмын. Сол кезде өзенде екі қыздың шомылып жүргенін және біреуінің қолын көтеріп, құтқарыңдар деп батып бара жатқанын көрдік. Басында мән бермедік. Себебі біреуі сыныптасым болды, екіншісі одан бір жас кіші қыз еді. Бізбен қалжыңдасып жатқан шығар деп ойладық. Досым үйіне кетті. Сосын мен өзенге түстім. Не болып жатқанын көрейін дедім. Сөйстем бір қыз жүзе алмай батып, екінші қызды басып жатыр. Бірден оны алып шықтым. Қарасам, екінші қыз жоқ. Түсінбей қалдым. Шығарған қыздан қай жерде болды сұрадым, ол дұрыс жауап бере алмады, жөтелді. Себебі көп су жұтып қойған. Тағы өзенге түстім де, су астына кіріп, көзімді ашып қызды іздедім. Тапқаннан иығынан ұстап, жағаға әрең шығардым. Су астында ол көзі, аузы ашық жатты. Сосын жағада бірінші шығарған қызыма екінші қызды ұстай тұршы, ішінен суды шығару керек десем, ол әлі өзіне келмеген екен. Маған көмектесуге шамасы болмады. Ішіндегі суын шығару керек деп, кеудесінен басып, алғашқы жәрдемді жасадым. Қыз көп су құсты, тоқтамады. Сол кезде досым қайтып келді. Ол да көмектесті және жедел жәрдем шақырдық. Бірнеше күн аураханада ауыр халде жатты. Кейін аман-есен отбасына оралды.

Сонда сен өзіме де қауіпті деп ойламадың ба?

Ол кезде өзім туралы не қауіп туралы ойламадым. Тек батып бара жатыр, құтқару керек деген ой болды. Яғни, өзіме төнетін қауіпті емес, тек қыздарды құтқаруды ойладым.

Алғашқы көмекті қайдан үйрендің?

Мектепте өзін-өзі тану сабағында үйрендік. Суға бату я болмаса басқа да қауіпті жағдайда алғашқы көмекті меңгеріп шықтық. Содан білемін.

Кейін... Ерлік жасағаныңды кім жария етті.

Мен үйге келіп ата-анама болған жағдайды айттым. Болды. Мұны кез келген адам жасайды ғой. Кез келген адам көмектеседі. Тек қыз үйіндегі ата-анасына айтқаннан кейін, оның ата-анасы қалалық әкімдікке айтыпты. Содан олар шақырды. Бірнеше диплом берді. Қаладағы түрлі шараға бардым. Мысалға, Оралдағы Назарбаев мектебіне барып оқушылармен кездестім. Тұңғыш Президент күніне орай Астанада арнайы қонақ болдым. Алматыға, Көкшетауға «Балдәуренге» лагерьге бардым. Бүгін міне тағы Астанаға «Балапан» арнасына келдім. 1 маусым – дүниежүзілік балаларды қорғау күніне орай шақырды. Астананы аралап жүрмін. Қуанышымда шек жоқ. Өмірім дәл осылай өзгереді деп ойламаппын.

Никита, жарайсың! Жасөспірім болсаң да, екі адамның өмірін құтқарып қалдың. Саған болашақта тек жақсылық тілейміз! Мереке құтты болсын! Сұхбатың үшін алғыс!


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер