BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Елбасы еңбегімен еңсе тіктеген Көкшетау

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Көкшетауға келген әр сапарында астаналық облыс орталығының дамуын саралап, жақсы істерді жалғастыру, кемшіліктерді түзетудің нақты жолдарын көрсетіп келеді.

Еліміз үшін күрделі болған тоқсаныншы жылдары Көкшетаудың жылу жүйелері істен шығып, кәсіпорындар жабылып, елде жұмыссыздық жайлағаны есімізде. Шаруа шатқаяқтап тұрған шақта Елбасы тығырықтан жол тауып, халықты көштен қалдырмауға барынша күш салды. Қиындықтың бәрі артта қалды. Ең бастысы, жұмыссыздық қысқарып, зауыт-фабрикалар еңсе тіктеді.

Еліміз үшін сындарлы уақыт болса да, 1995 жылы Көкшетаудағы облыстық аурухана қабырғасында диагностикалық орталық ашылып, оның тұсаукесеріне Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан болатын.

«Осы сапарында Елбасы аурухана ұжымымен кездесіп, «Халықтың денсаулығы – мемлекет байлығы» деген ұшқыр ойын айтты. Бұл бізге, дәрігерлер алдында үлкен жауапкершілік тұрғанын аңғартты. Оның еліміздің шығар белесінің алда екенін айтқан сөзі де жүректе сенім ұялатқан еді. Міне, уақыт өте келе мұның дүдәмәл сөз еместігіне көзімізді жеткізіп отырмыз»,–деп еске алады медицина ардагері Болат Сүлейменұлы.

Көкшетау облысы таратылған соң 1999 жылы Елбасы Жарлығымен Көкшетау қаласының Ақмола облысының орталығы болып жарияланды. Сол жылғы қарашаның 5 жұлдызында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Көкшетау қаласына атбасын тіреді. Көкшетау қаласының 175 жылдығы қарсаңында Киелі Арқа төскейінде, қазақ мемлекеттігіміздің негізін қалаған кемеңгер қолбасшы, дипломант Абылай хан ескерткішінің ашылу салтанатына қатысты.

(Президент Абылай хан ескерткішінің лентасын қиып жатқан сәт. 1999 ж)

Бұл ұлы тұлғаға республикамызда орнатылған алғашқы ескерткіш болатын. 48 жыл хандық құрған Абылай бабамызға өз мекенінде ескерткіш орнатылуы айтулы оқиға болды.

«Түркістандағы Абылай хан зиратынан әкелген бір уыс топырақты Елбасы өз қолымен ескерткіштің етегіне қойды. Бұл топырақты көкшетаулықтар үлкен бір ырыммен, хан аруағы елін, жұртын қолдап жүрсін деген ниетпен алдырған-ды» ,– дейді Б.Сүлейменұлы.

Уақыт ескерткішті санаға сіңірді, көңілдің төрінен орын алды, көкейге қонды. Көкшетау қаласының жарасымды символына айналды.

Елбасы тұсауын кескен осынау ескерткіштің халқына қалтқысыз қызмет етіп тұрғанына биыл – 19 жыл.

Міне, осы бір қуанышты сәттен бастап Көкшетау қайта түледі. Қаладағы әлеуметтік-экономикалық сипаттағы нысандар қалпына келтіріліп, күнделікті тұрмысқа қатысты түйткілді мәселелер шешімін таба бастады.

«Қазіргі «Көкшетау» мәдениет сарайы күрделі жөндеуден өтіп, қазақ драма театры өмірге келді. Қала тұрғындары үшін өмірлік маңызды нысандар: жылу, су, энергетика кәсіпорындарының жұмысы мықтап қолға алынды. Көкшетауда қысқа мерзімде ондаған көпқабатты сәнді де зәулім үйлер мен ғимараттар бой көтерді. Шағын алаңдар, суағарлар, тозығы жеткен көшелер, тротуарлар жөнделіп, гүлзарлар көбейді,–дейді еңбек ардагері Айдос Әбутәліпов.

2005 жылғы кезекті сапарында Елбасы Көкшетаудағы Ресей-Қазақстан бірлескен ауыр жүк көлігін құрастыратын «Камаз-Инжиниринг» компаниясының алғашқы өнімімен танысты. Қаладағы «Тыныс» кәсіпорнында болды. Кеңес Одағының батыры, жазушы, ғалым Мәлік Ғабдуллин мұражайынының алаңында жұртшылықпен кездесті.

2010 жылдың 28 мамырында іссапармен Көкшетауға келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі ірі алтын өндірісінің бірі «Васильковка» тау-кен байыту комбинатының жаңадан салынған алтын шаю фабрикасын салтанатты жағдайда іске қосты.

Бұл кәсіпорын жылына 15 тонна алтын өндіреді. Бұл елімізді әлемдегі ең көп алтын өндіретін 15 елдің, облысты Қазақстандағы №1 алтын өндіретін кәсіпорын қатарына қосты.

Сол салтанат үстінде Елбасы: «Қарағандыда Теміртау, Оңтүстікте Кентау бар, мына киелі Көкшетаудағы бұл кен орны енді Алтынтау деп аталсын. Васильковка дегенді қазірден бастап ұмытыңдар», – деп жұртшылықты аса бір ризалық сезімге бөледі. Сөйтіп Алтынтауы бар Көкшетау елі өзінің Елбасына шынайы алғысын айтып, ел мен жердің атауын жарастырып кеткендігіне риза болысты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылдың желтоқсанында курортты аймақта салынған осы заманғы «Rixos Borovoe» қонақ үйінің салтанатты ашылуына қатысты. Қуанышты оқиғаға байланысты жиналғандар алдында сөз сөйледі.

«Мен Көкшетаудағы әуежайды жаңартуымызға, Астанадан Көкшетауға және Бурабайға дейінгі автобанды салуымызға және шағын авиация үшін нысандар тұрғызуымызға байланысты бұл жерде айналасы жаңа қонақ үйлер мен коттедждерге толатын тамаша демалыс орталығы болатынына сенімдімін. Анталия, Дубаймен салыстырмаймын, бірақ, бізде одан да жақсы болатындай мүмкіндік бар!» – деген болатын Мемлекет басшысы.

Президент Нұрсұлтан Әбішұлы 2015 жылы қыркүйектің 3 жұлдызында киелі Көкше жерінде болып, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «Алтынтау» кәсіпорны көкшеліктерге тарту еткен теннис орталығын көріп, елдің спортқа бет бұрып, саламатты өмір салтын қалыптастыруда нәтиже барына қуанған.

Осы сапарында Елбасы орталықтан алыс емес, Қопа көлінің жағасында жаңадан бой көтерген «Достық үйінде» болып, ынтымағы жарасқан 105 ұлт өкілдерінің басын қосқан 45 этномәдени бірлестік өкілдерімен кездесті. Елбасы этномәдени орталықтардың басшы, жетекшілерімен емен-жарқын сұхбат құрып, қара домбыраның үнін тыңдап, өзі де көпшіліктің құрметіне ән салып, елді бір жадыратып тастаған болатын.

Ширек ғасыр ішінде көз қуантар көріністерге куә болып отырғандарын айтады ел тұрғындары.

«Қазіргі Көкшетауымыз қандай!.. Жолдары жүйткіп, көшелері жарқырап, жасанып тұрған жоқ па?! Бұрын келген қонаққа нені көрсетерге білмей қиналатынбыз. Енді қай ғажайыбын көрсетерге білмейсің! Жаңа мешіт, Мәлік батырдың ескерткіші, «Достық үйі», «Неке сарайы», кіреберістегі жаңа қақпа!.. Абылайдың ақ туын тіккен қасиетті Көкше өңірінің көркеюі көңілімізді марқайтады»,–дейді қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев.

Елбасының әр сапары Көкшедегі көңіл көркейтер істерге жол ашты. Президент курортты аймақтың заман талабына сай дамып, өркендеуіне мемлекетіміздің ешқашан ештеңеден аянбайтындығын айтып келеді.

Бүгінгі Көкшетау Елбасының шынайы қамқорлығымен күн сайын құлпырып, гүлденіп келеді.

«Өңірге келген әр сапарымда халықтың қуанышты жүзін көріп, болашаққа деген сенімін байқап, көңілім толады. Бурабайдың сұлу табиғатымен Қазақстанды әлемге әйгілі еткен бұл өңірдің ел дамуына қосқан үлесі ерекше» деген Елбасы бағасы көкшеліктерді әрдайым жігерлендіріп келеді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер