BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Бүгін - Әуезовке, Сәтбаевқа сабақ берген қазақтың тұңғыш журналист қызының туған күні

М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан қатарлы қазақтың бірегей тұлғаларына сабақ берген қазақтың тұңғыш журналист қызының туғанына 130 жыл толды.

Нәзипа Құлжанова қазақтан шыққан тұңғыш ағартушы, журналист қыз. Ол 1887 жылы 27-шілдеде Торғай қаласында дүниеге келген. Оның білімге деген алғашқы қадамы Қостанайдағы орыс-қазақ гимназиясынан басталды. Нәзипа гимназияны үздік тәмамдап, бірден оқытушылар семинариясында ұстаздық жолын бастайды.

1905 жылы Семей қаласындағы оқытушылар семинариясында ұстаз болған Нәзипа Құлжанова Мұхтар Әуезовке, Қаныш Сәтбаевқа, Сапарғали Бегалинге, Әлкей Марғұланға, Жүсіпбек Аймауытовқа сабақ берді. Ұстаздық жұмысты атқара жүріп, этнография тақырыбын зерттеп, мақалалар жазып, талантын танытқан ол 1913 жылы Орыс география қоғамының Семей бөлімшесіне, «Азамат серіктестігі» ұйымдарына мүше болады.

Нәзипа Құлжанова ұлы Абай шығармашылығымен де жақсы таныс болды. 1914 жылы 26 қаңтарда Абайдың қайтыс болуына он жыл толуына орай әдеби кеш ұйымдастырады.

Оның жазған мақалалары «Қазақ», «Сарыарқа», «Алаш» газеттерінде жарық көрді. Қазақтан шыққан алғашқы әйел журналист тек өз кәсібімен ғана шектеліп қалмай, қоғам өміріне де етене араласты. Ұзақ жыл окытушы болып жұмыс істеген Нәзипа қазақ мектептері үшін оқулықтар жазған. 1923 жылы Орынборда «Мектептен бұрынғы тәрбие», 1927 жылы Қызылордада «Ана мен бала тәрбиесі» атты әдістемелік кітаптары басылып шығады.

Сонымен қатар Нәзипа Құлжанова Алаш қозғалысы кезінде қайраткерлігімен көзге түскен қазақ қыздарының бірі. Қазақ қыздарынан шыққан ұстаз, этнограф, аудармашы, журналист Нәзипа Сағызбайқызы 1902 жылы Қостанайдағы орыс-қазақ гимназиясын, 1903-1904 жылдары Торғайдағы қыздар училищесін бітіреді.

Н.Құлжанова әнші болмаса да, қазақ әндерін нақышына келтіре орындайтын өнері болған. Ең маңыздысы - ол кісінің әншілігі емес, қазақ әндерінің нотаға түсуіне көмек көрсетуі. Нәзипа Құлжанова Затаевичке «Ғайни-ау, сәулем», «Қадыр зары» әндерін жаздырған.

1934 жылы қайтыс болған.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
24 Қазан 2018, 09:37
Жаңа күнім - жаңа бағым
Пікірлер