Бүгін еліміздегі ең алғашқы ақпараттық агенттіктің құрылған күні - Атаулы күн|13 Тамыз 2013, 10:53
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Бүгін еліміздегі ең алғашқы ақпараттық агенттіктің құрылған күні

 Астана. 13 тамыз. Baq kz- Бүгін еліміздегі ең алғашқы ақпараттық агенттік «ҚазАқпарат» агенттігінің құрылған күні.

 Агенттік 1920 жылы 13 тамызда РОСТА-ның Орынбор-Торғай бөлімшесі негізінде құрылды. 1925 жылы - агенттік аты ҚазРОСТ болып өзгертілді. 1937 жылы - ҚазТАГ деген атпен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қарауына берілді. 1997 жылы қыркүйектің 10-ында Қазақстан Республикасы Президентінің №3629 Жарлығымен «Қазақ ақпарат агенттігі (ҚазААГ)» республикалық қазыналық кәсіпорны болып өзгертілді. 2002 жылы қарашаның 8-інде, Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1186 қаулысына сәйкес ҚазААГ негізінде «Қазақ ақпарат агенттігі» Ұлттық компаниясы («ҚазАқпарат» ҰК) құрылды. 2008 жылы шілденің 3-інде Қазақстан Республикасы Үкіметінің №668 қаулысына сәйкес «Арна Медиа» Ұлттық ақпараттық холдингі» акционерлік қоғамының құрамына кірді. 2012 жылғы тамыздан - "Қазақстан" РТРК" АҚ құрамында.
Әр жылдары агенттіктің басшылары болғандар: ҚазТАГ-тың бірінші басшыларының бірі Вятич-Кириллов Аркадий Иванович; журналист, қоғам қайраткері Қасым Шәріпов; жазушы, қоғам қайраткері Кәкімжан Қазыбаев; жазушы, филология ғылымының докторы, қоғам қайраткері Жұмағали Ысмағұлов; еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, қоғам қайраткері, Амангелді Ахметәлімов; Парламенттің ақпараттық-сараптамалық орталығының бастамашысы және авторы Мұрат Әренов; «Мир» мемлекетаралық телерадиокомпаниясының негізін қалаушы, Халықаралық журналистика академигі, ҚР Парламенті Мәжілісінің үшінші шақырылым депутаты Ғаділбек Шалахметов; мемлекет және қоғам қайраткері, доцент, философия ғылымдарының кандидаты Омаров Жанай Сейітжанұлы. Қазақ ақпарат агенттігінде әр жылдары еліміздің: Н.Оразбек, Ж.Түменбаев, А.Ротмистровский, Б.Аманғалиев, Н.Ыдырысов, В.Черкизов, С.Машаков, О.Еркімбаев, Н.Савицкая, Т.Дәулетов, Т.Есілбаев және тағы басқа танымал журналистері, Т.Чапала, В.Венгловский, Г.Кошкинцев, Р.Дүйсенғалиев, И.Будневич секілді фотоқызмет шеберлері жұмыс істеді. Қазіргі уақытта «ҚазАқпарат агенттігі» ақпараттық агенттігінің директоры Дәурен Кеңесұлы Дияров.
ҚазАқпарат - АТААҰ (Азия және Тынық мұхит елдерінің ақпарат агенттіктері ұйымы), ТМД қатысушы-мемлекеттері ұлттық ақпараттық агенттіктері, ТААҰ (Түркі елдері ақпарат агенттіктері ұйымы) сияқты халықаралық қауымдастықтардың, ТҮРКІСОЙ мәдениет және өнерді бірлесе дамыту ұйымының мүшесі.
ҚазАқпарат - РАТА-ТАСС, «Жаңалықтар» РАА, Синьхуа, Кабар, БелТА, УкрИнформ, БТА (Болгария), Йонхал (Оңтүстік Корея), Азертадж (Әзірбайжан), "ЖАҢАЛЫҚТАР-МОЛДОВА" сияқты және басқа да көптеген ірі ақпарат агенттіктердің серіктесі.
Бүгінде агенттік ТМД аумағында жұмыс істейтін 527 жаңалықтар веб-сайты рейтингінде алдыңғы қатарларға шығып отыр.
2005 жылдың 6 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев "ҚазАқпарат" ұлттық компаниясында болып, оның ардагерлерін және қызметкерлерін ақпараттық агенттіктің 85 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Президент "ҚазТАГ - 85 жыл: тарих шежіресі" фотокөрмесін көрді және ақпараттық агенттіктің шығармашылық және техникалық қызметінің жұмысымен танысты.
Журналистерді құттықтай отырып, Н.Назарбаев: "Баршаңызға белгілі, мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне зор құрметпен қараймын, олардың арасында ҚазАқпарат шын мәнінде ерекше орын алады", - деп атап өтті.
2004 жылы Агенттік пайдаланушыларына жаңалықтарды қазақ тілінен латын қарпіне академик Әбдуәли Қайдаровтың әдісімен көшірудің жаңа нұсқасын ұсынды. Бұл осы әдісті іс жүзінде қолданған алғашқы ақпараттық агенттік болды. Кириллица қарпін оқи алмайтын шетелдердегі отандастарымыз тарихи Отанындағы болып жатқан оқиғаларды біліп отыруға мүмкіндік алды.
"ҚазАқпарат" жаңалықтары агенттіктің www.inform.kz веб-сайты арқылы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде таратылады. Биылғы жылы сайттың қытай тіліндегі нұсқасын, 2014 жылы - испан және араб тілдеріндегі нұсқаларын ашу жоспарланып отыр.
2009 жылы "ҚазАқпарат" агенттігі алғашқы болып, Қытайдағы отандастарымыз үшін қазақ сайтының "төте жазу" (араб қарпіндегі) нұсқасын іске қосты.
.«ҚазАқпарат» ҰК» АҚ-ның негізгі ақпараттық өнімдері, жаңалықтар таспасы, сатып алушыларға жіберілетін негізгі ақпараттық топтамалар: «Таңғы жаршы», «Ресми жаршы», «ҚазАқпарат», «Қазақстан-бизнес», «ҚазАқпарат-анонс», «ҚазАқпарат-фото» фотожаңалықтар таспасы, «Атаулы күндер. Оқиғалар, Есімдер» ақпараттық күнтізбесі.
Қазіргі кезде ҚазАқпараттің www.foto.inform.kz фотосайты өз қызметін бастады. www.foto.inform.kz қызметінің негізгі бағыты - фотоөнімдерін қашықтан сату. Қазақстандық және әлемдік жаңалықтардың жедел, шынайы және эксклюзивті таспасы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде on-line режимінде таратылады.
«ҚазАқпарат агенттігі» мемлекеттік құрылымдар - ҚР Президенті Әкімшілігінің, Үкіметтің, Парламенттің, аймақтық өкімет органдарының, ұлттық, қаржылық, өнеркәсіптік құрылымдардың қызметі туралы толық және дәлме-дәл ақпараттар беріп отырады.
Қазақстанның, Орталық Азияның барлық аймақтарының және әлемдік қоғамдастықтың әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық -саяси өміріінің барлық саласынан шынайы және сараптамалық ақпараттар жеткізіледі.
Корпоративтік және жеке клиенттер үшін ақпараттық консалтинг, жұртшылықпен байланыс жөніндегі бағдарламалар, саяси технологиялар, экономикалық сараптамалық шолулар және маркетингтік ұсынбалар бойынша сервистің барлық түрі көрсетіледі.
Агенттіктің орталық кеңсесі Астана қаласында орналасқан.
«ҚазАқпараттың» Алматыдағы филиалы ірі мегаполистің, еліміздің қаржы және мәдени орталығының тіршілігінен жедел ақпарат беретін тәжірибелі журналистермен қамтылған.
ҚазАқпарат елміздің аумағында жұмыс жасайтын ірі ақпарат агенттігі, Қазақстандағы тілшілер желісі тармақталған, оның ішінде Байқоңыр қаласы да бар. Барлығы 14 тілшілер қосыны бар, меншікті тілшілері Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Байқоңыр, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Петропавл, Тараз, Талдықорған. Орал, Өскемен және Шымкент қалаларында. Арнаулы тілшілер республикамызға стратегиялық маңызы бар таяу және алыс шетелдердің астаналары мен қалаларында -Мәскеу, Бейжің, Брюссель, Ташкент, Бішкек, Баку, Әбу-Даби, Ыстамбұл, және Санкт-Петерборда жұмыс жасайды. 2013 жылдан бастап тілшілер желісін одан әрі кеңейту жоспарлануда.
"ҚазАқпарат" мемлекеттік органдардың қызметі туралы ресми ақпараттың негізгі көзі, сондай-ақ елдің халықаралық беделінің оң имиджін қалыптастыру, Қазақстанды әлемде кеңінен таныту бағытындағы елдің көпқырлы саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени өмірін жедел көрсетіп отырған - елдің басты ақпараттық агенттігі. ҚазАқпарат жаңалықтарын әлемнің 197 елі оқиды.

 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер