BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Берік Әбдіғалиұлы:​​​​​​​ Ашаршылық ұлттың қасіреті емес статистикалық мәлімет деңгейінде қалған секілді Эксклюзив

Қазақ тарихында қасірет аз емес. Жұбан ақын айтқандай «мың өліп, мың тірілген» халықпыз. Соның ең үлкен соққысы – 1931-1933 жылдар аралығындағы ашаршылық. Ресей империясының ұлтқа жасаған саяси тәжірибесі қазақты жер бетінен жойып жібере жаздады. Жансебілдігімен, тісі тырнағына ілініп әрең шыққан сол бір аса ауыр, аса күйзелісті кезең жайлы белгілі тарихшы, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғалиұлымен әңгімелескен едік.

- Қазір ашаршылық жайлы құжаттардың құпиялығы алынып тасталды емес пе иә?

- Иә, қазір ешқандай құпиялық жоқ. Әрине, «өте құпия» деген құжаттар да бар. Бірақ оларды да тарихшылар, зерттеушілер көре алады. Ресей архивтерінде де, өзіміздің архивтерде де солай.

- Ендеше, біз осы мүмкіндікті пайдаланып, ашаршылықтың ақиқатын айта алдық па? Әсіресе экранға шығара алдық па?

- Ашаршылық туралы дұрыс кино шықты деп айта алмаймын. Себебі көрсететін видео-деректер жоқ. Оны не жойып жіберген, не шынымен жоқ. Тіпті, сол кезден суреттер де жоққа тән. Әр түрлі фрагменттерді алып құрастырып жүрміз. Естеліктер, құжаттар жиналған кітаптарды шығарумен ғана шектеліп келеміз. Ол естеліктердің өзі толық қанағаттанарлықтай деп айтуға келмейді. Себебі естелік жазушылар мысал келтірсе Украинаның, Волга бойының ашаршылықтан қырылғандарын, жалпы жағдайды айтады. Ал қазақ ұлтының өз басынан өткен қайғы-қасіретті толық сезіне алмады.

- Тіпті, ашаршылықта құрбан болғандардың нақты саны қанша екені де әлі нақтыланған жоқ қой. Біреу 1,7 млн дейді, біреу 1,5 дейді, бар қазақтың 40 пайызы қырылған дейтіндер де бар.

- Біздегі қынжылатын жағдайлардың бірі осы – санмен жарысу. Бұл ұлттың қайғысы емес, статистикалық мәліметке ғана айналып кетті. Мысалы дерек бойынша ғалымдар, тарихшылар бір бөлек айтса, журналистер, басқалары көп нәрсені қосып айтады. Оның ішінде қаншасы шын мәнінде қырылды, қаншасы көшіп кетті, оны ешкім ашып айтпайды. Өйткені сол кезде ашаршылықтан құтылу үшін Ресейге, Қытайға, Өзбекстан, Түркияға ауа көшіп кеткендер көп. Қаншамасы көшуге шамасы келмей жолда өлді, қаншамасы отырған жерінде, өз ауылында қырырылды. Өкінішке қарай, осы жағы қолға алынбай келеді.

- Украинадағыдай бірізге түсірілсе дейсіз ғой.

- Иә. Олар сол кезде қанша адам қырылғанын метркесі арқылы, басқа да құжаттары арқылы қалпына келтірді. Тізімін жасап шықты. Бізде ол кезде ондай метрке болмады. Бірақ әр отбасының, әр әулеттің шежіресі болды ғой. Сол арқылы әр отбасы, әр қазақ өзінің сол кезде қаза болған ағайын-туыс, ата-бабасын түгендесе, жобалап болсын бір тізімді жасайтын едік қой. Сонда кімнің шетке көшіп кеткенін, оның қайта оралған-оралмағанын анықтауға мүмкіндік болар еді. Мысалы, әлі күнге дейін бір әулеттен бір тұяқ, бір ауылдан бір ғана адам аман қалған екен деген естеліктер айтылады. Соның барлығын жинақтауды, түгендеуді әлі күнге қолға алмай келеміз.

- Бұны кім жасау керек? Мемлекет тарапынан нұсқау беріліп, арнайы комиссия құру керек пе, әлде халық өзі түгендеуі керек пе?

- Бір жағынан мемлекетке жалтақтап үйреніп қалғанбыз. Айтпаса, біреу нұсқау бермесе істегіміз келмейді. Екіншіден, осы саланы зерттеп жүрген ғалымдар қолға алуы керек. Үшіншіден, әрине, қоғам болып, ел болып, ұлт болып қолға алуы керек. Бірақ қазіргі қоғам бұған дайын емес, өкінішке қарай. Себебі, қоғамда ашаршылық дегенде алыстағы бір, кино секілді бірдеңе елестейді. Қазақ қоғамы үшін ашаршылық әлдеқашан ұмытылған. Бұл психологиялық фономен – белгілі бір оқиғаларды, қасіретті оқиғаларды санадан ығыстыру. Мысалы, қарапайым адамды алсаңыз да, өміріндегі қасіретті кезеңді еске алғысы келмей тұрады. Осы секілді, біздің қоғамда да ашаршылық пен 1937 жылғы нәубетті өз-өзімізден ұмыттырып жіберген секілдіміз. Қазіргі көзқараспен қарасаңыз, ол қасірет біздің ұлтқа қатыссыз, сол анау украиндарда, Волга бойындағы орыстар арасында ғана өтіп кеткен секілді. Өкінішке қарай, сол жылдарды еске алу жағы қиын. Үлкен кісілердің өзі, осы ашаршылықты көзімен көрген жандардың өзі оны айта бермейтін еді. Тіпті, оларды қойып, солардан шетпұшпақтап естіп өскен жастардың өзі оны айтқылары келмейді. Бірақ, әлі де кеш емес, осының барлығын қалпына келтіріп, бір дерек болса да жинақтай беру керек.

- Нақты не істелуі керек дейсіз?

- Нақты, менің ойымша, ашаршылық құрбандарының тізімін анықтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құру керек, оған бүкіл қоғам жұмылдыруы қажет. Мысалы Жамбыл облысында «Ауызша тарих» деген жақсы жоба болды. Басқа облыстарда да бірнеше жобаны көрдім осы секілді. Ауыл-ауылды аралап, керек болса, әр отбасыдан, ата-апалардан ашаршылық туралы мәліметтер жинайды олар. Бұл құптарлық іс. Ал біз қазір осының өзін жасай алмай отырмыз. Әйтпесе, бір отбасынан, бір әулеттен, бір ауылдан бір-ақ адам тірі қалды деген секілді әңгіме көп. Мен де бала кезімде естіп өстім. «Бір топ адам шұбырып келеді екен. Үйді тастап, айдалаға тығылып қалдық. Олар келіп киізүйдің ішін ақтарып-ақтарып ештеңе таппай кетіп қалды. Тапса бізді де жеп қоюы мүмкін еді» - деп отыратын апаларымыз. Мысалы Мекемтас Мырзахметов ағамыздың басынан өткен қасіреті – ұлын аман сақтау үшін қызын өз қолымен қасқырлар ортасына тастап кеткен ана. Ашаршылықтан аман қалудың символикалық бір көрінісі сол. Ал адамды адам жегені, тірі қалу үшін өз баласын жегені туралы деректер бар. Осының барлығы сол кезде ұлттың санасына ауыр соққы болып тиді. Бірақ, өкінішке қарай, қазіргі қоғам бұл соққыны сезіне алмай келеді. Ұлттық деңгейде, елдік деңгейде сезінуі керек.

- Ол үшін не істеуге болады?

- Бұған әлі де біраз дайындық керек болатын шығар. Ескерткіш орнатудың өзін жақында ғана бастадық. Астанада, Алматыда, өңірлерде ескерткіштер ашыла бастады. Ал біз ашаршылық құрбандарын Израильдағы Холокостпен салыстырамыз. Салыстырған жақсы, бірақ еврейлер Холокостта қайғырғанда, ұлт болып егіледі. Бізде де, ашаршылықта қырылғандар бүгінгі біз үшін қырылып, біз аман қалдық. Біз аман қалу үшін тарихқа сол кезде қаза болғандарды бодауға бердік. Тағдыр да, тарих та, Алла тағала да бізді, біздің аталарымызды сол үшін аман қалдырған секілді. Сондықтан да біз оларды Тәуелсіздік жолында құрбан болғандар деп қабылдап, сол бір қасіретті жылдарды еңкейген кәріден, еңбектеген жасқа дейін сезінуіміз керек. 31 мамырды белгіледік пе соларды еске алу күні деп, демек сол күні шын жүрегімізбен, ұлт болып, ел болып шынайы қайғыруымыз керек. Ел бойынша барлық қозғалысты тоқтатып тұрып, бір минуттық үнсіздік жариялауымыз керек. Себебі қазақ тарихында, ұлт тарихында ондай ауыр соққы, ондай ауыр қайғы, ондай ауыр қасірет болған емес! Болмай-ақ та қойсын!

- Осыған байланысты, «Қазіргі Ресей билігі қазақ ұлтынан кешірім сұрауы керек» дейтін ғалымдар бар.

- Бұл – ашаршылық қырғынының екінші мәселесі. Менің айтып отырғаным бірінші мәселе. Ашаршылық қасіретін қазақтың өзі әлі толық сезіне алған жоқ. Аштық біздің ұлтты қалай жалмағанын біз әлі толық сезіне алған жоқпыз, өкінішке қарай. Біз әуелі, сол қырғында көз жұмған құрбандарымызды толық түгендеп алуымыз керек. Қалғаны – екінші мәселе.

Әрине, кім кінәлі дегенде, қазақ өз-өзіне жасамағаны анық. Кім кінәлі екенін білеміз, айыптаймыз. Ол сол кездегі Сталиндік режимнің тек қазаққа ғана емес, бүкіл адамзатқа жасаған зұлымдығы. Қазақ халқына геноцид жасады. Қолындағы малын тартып алғанда, егіншілігі, өзге өнеркәсібі дамымаған халық қырылып қалды. Малымызды тартып алған кезде, басқа әрекет жасауға дайын болмай қалдық.

Бұл зұлмат сол кездегі сталиндік жымысқы саясаттың нәтижесі. Ол мемлекет, Құдайға шүкір, жойылды, тек елесі қалды. Егер қазіргі кезде де сол коммунистер үкіметі отырса, шын мәнінде кешірм сұрауы қажет және заңды.

Ал мен үшін, бұл қырғында қанша қандасымыз қаза болды, олардың аты-жөндері кім дегенді анықтап, сол бойынша тізім жасап шықсақ, есімдерін анықтасақ сол маңызды. Біз олардың алдында мәңгі қарыздармыз.

- АЛЖИР музейіндегі секілді дейсіз ғой.

- Иә. Мысалы 1937 репрессияда, екінші дүниежүзілік соғыста қаза болғандардың да аты-жөнін әр өңір түгендеп жазып қойды ғой. Сол секілді ар ауыл, әр аудан, әр облыс, әр қала сол өңірде қаза болған ашаршылық құрбандарының аты-жөнін анықтап, қанша бала, қанша қария, қанша әйел, қанша еркек қаза болғанын түгелдеп жазып шықса деп ойлаймын. Бұл солардың алдындағы біздің ең үлкен парызымыз. 1937-1938 жылдары атылып кеткендердің түрлі құжаттардан қарап жүріп кітап етіп шығардық қой, «Азалы кітап» деп. Енді әр өңір ашаршылықта қаза болғандарды анықтаса, оларды да жинақ етіп шығарса, біз шын мәнінде қанша адамнан айырылғанымызды біліп жүрер едік. Сонда, мүмкін, халықтың санасына жететін шығар.

Иә, барлығымыз білеміз, кінәлі сталиндік режим. Олар қазақты қырып, үлкен қылмыс жасады. Ол кездегі Кеңес үкіметінің мұрагері қазіргі Ресей екенін де білеміз. Біреу «олар емес» деп бізге оны жоққа шығарып жатқан жоқ, солар істеді. Кінә соларда. Олардың аты-жөндерін де білеміз. Сталин де, Голощекин де біздің халықты қынадай қырғаны үшін жау екені даусыз. Бұл біздің саяси баға. Мұның барлығын өзіміз білеміз, ал соны қайталай бергеннен, біреуге дәлелдеуге тырысудан, менің ойымша, ештеңе өнбейді.

- Осының барлығын, яғни ашаршылық қасіретін сезіну үшін біздің билік тарапынан бір нәрсе істелуі керек секілді...

- Қазақ санасына үрей қатты сіңді. Көз алдында, көшеде адамдар қырылып жатты. Немесе бір үзім нан үшін бірін-бірі өлтіруден тайынбаған. Бұл өте қорқынышты жағдай. Ал осындай қорқыныштан аман қалғандарды 37 жылы қуғын-сүргінге ұшыратып жіберді. Біз сол ұлттық қорқыныш дертінен әлі арыла алмай келеміз. Соның салдарынан ашаршылық туралы, ашаршылыққа қарсы көтерілістер туралы айтудан әлі күнге дейін қорқатын сияқтымыз. Аталарымыздан жалғасып келе жатқан айтуға болмайтын, тыйым салған тақырыпқа айналып кетті. Бұл да құлдық сананың бір көрінісі. Сыртқа шығарса біреу бірдеңе дейтін секілді болып тұрады немесе біреу өзін де сол репереция құрбандарының артынан алып кететіндей, өзі де аштан өлетіндей болып тұрады. Әйтеуір бір үрей жібермей тұрады барлығына. Тап бір «құқай келеді» деп қорқытып қойған сәби секілді.

«Еліміз аман-жұртымыз тыныш болсын» деп қол қусырып отыру, «басқасы құрысын, ел тыныш болсын» дейтін, «ел тыныш болсын, ашаршылық болмасын» дейтін тілектің астарында ұлттық үрей бар. Халықтың одан басқа тілері жоқ. Әйтеуір, сол бір үрей (не екенін өздері де түсінбейді) келіп қалмаса болғаны. Себебі анадай қасіреттен кейін басқа қиыншылық түк емес секілді. Тіпті, фашистермен соғыстың өзі, әншейін дүние болып қалды. Соғыс шығыны да, ашаршылықтың қырғынының қасында ештеңе емес. Салыстырып қарасаң да, соғыста өлген 130 мың қазақтан ашаршылық жалмаған 1,7 млн он есе көп. 130-ақ мың дейсің, ашаршылықта өлгендерді еске алып тұр. Өкінішке қарай, біз осылай сезімсіз әрі сенімсіз статистикамен ғана шектеліп қалдық. Біз үшін адамдардың тағдырынан сандар маңызды болып кетті. «Олар тірі болғанда осынша болар едік, Өзбекстанда ешкім өлмеген, бізде осынша қырылды, Украинада осынша қаза тапты» деген секілді бір жағы сол сандармен мақтанғандай боламыз.

Расымен, сондай деректерді тарататын ғалымдар, зерттеушілер, тіпті қарапайым азамат қасіретті жылдарды еске алу үшін, халық жадынан әйтеуір бір амалмен өшірмеуді көздейді. Екінші топ бар, «бізге геноцид жасалды, бізді Ресей қырып тастаған. Олар бізден кешірім сұраулары керек» деген секілді агресивті пікірлермен халықтың ызасын тудыру арқылы халық жадына қозғау салғысы келеді. Бұл да керек шығар, бірақ біз үшін саннан көрі адамдардың тағдыры, кім болғаны маңызды болуы керек. Және соған қоғамның назарын аудару мәселесі маңызды. Қоғам шын мәнінде неден айырылғанын сезіну керек. Соны сезіну арқылы қоғам бірігуі керек. Ұлттың қайғысы ұлтты ұйыстыратын тетік болуы керек. Себебі біздің қарызымыз бар сол жазықсыз құрбан болғандардың алдында. Әр қазақ олардың есімін білуі керек.

Ал осы айтылғанның барлығын мемлекет бір өзі жүзеге асыра алмайды. Сондықтан қоғамның қолдауы керек. Үкімет тарапынан осыған арнап кино түсірсін, ескерткіш орнатсын, кітап шығарсын, соның бәрінде халықтың көмегі керек. Сонда ғана біз жоғалғанымызды, жоғалтқанымызды түгендей аламыз.

- Әңгімеңізге рахмет!

Фотолар автордың жеке қорынан


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер