BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Астанада ҚазАТУ наурыз мерекесін атап өтті

Бүгін С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде Наурыз мейрамын мерекелеу аясында «Армысың, жыл басы – Наурыз!» шарасы тойланды. Наурыз айы - береке-бірліктің, теңдіктің, жақсы тілеудің, қайта түлеудің тойы. Отыз күн ойын, қырық күн тойын жасайтын қазақ халқы наурыз айын бір ай бойы тойлайды. Бүгінгі мереке соның бір айғағы болды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Шараға ҚР-дағы Федеративті Германия Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Рольф Мафаэль, ҚР-дағы ҚХР Елшілігінің Ғылым және техника Атташесі Мяо Сюетин, ҚР-дағы Ауғанстан Ислам Республикасының Кеңесші-хабаршысы Хумаюн Хайри, оқу орынының профессор-оқытушылар құрамы, университет ардагерлері мен білім алушылар қатысты.

Университет ректоры Ақылбек Күрішбаев университет жетістіктері мен халықаралық ынтымақтастық туралы қысқаша баяндап, университет ұжымы мен студенттерін Наурыз мейрамымен құттықтап, зор денсаулық, игі бастамаларға сәттілік тіледі.

Федеративті Германия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рольф Мафаэль мерекемен құттықтап, ҚазАТУ мен ынтымақтастық мәселелеріне тоқталды. Сондай-ақ, «Карнавал түні» неміс дәстүрін өткізу туралы ұсыныс жасады. Аталмыш дәстүр ақпан айында өтеді.

Сондай-ақ Ақылбек Күрішбаев жыл сайын факультеттер арасында өткізілетін «Армысың, әз Наурыз!» байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Байқау қорытындысы бойынша гран-при жүлдесін Ветеринария және мал шаруашылығы технологиясы факультеті еншіледі. І орын Экономикалық факультетке бұйырса, ІІ орынды Жер ресурстарын басқару, сәулет және дизайн факультеті иеленді. Ал ІІІ орынға Техникалық факультет лайық деп танылды.

Сонымен қатар, жыл сайын дәстүрлі түрде университеттің наурыз мерекесіне орай өткізілетін «Асық ату», «Қазақ күресі», «Арқан тарту», «Алтыбақан» қатарлы ұлттық ойындардан сайыс өтті. Мерекелік концерт ұйымдастыру дәстүрге айналған. Сонымен қатар, университет қабырғасында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған «Қыз сыны» мен «Жігіт сұлтаны» сынды байқаулар өткізілді.

Көрермендер назарына «Қыз ұзату» ұлттық салт-дәстүрінен сыр шертетін қойылым ұсынылды. Мерекелік концертте қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Майра Ілиясова, Мемлекеттік күзет қызметі Президент оркестрінің би солисі Әсел Алибекова, Өнер және шығармашылық факультетінің «Шабыт» ұлт аспаптар оркестрі, «Шаттық» би ансамблі және факультет солистері мен оқу орынының ұстаздары өнер көрсетті.

Мереке алаңы «Астаналық цирк» салт аттыларының шеруімен ерекшеленді. Жұртшылық жер тарпыған тұлпарлардың сыны мен ат құлағында ойнаған жігіттердің шеберлігіне тәнті болды.

Арнайы шақырылған ардагер ұстаздарымыз да назардан тыс қалмады. Мерекеге жиналған 2000-нан астам қонаққа Ұлыстың ұлы күні жасалатын сыйлы ас – Наурыз көже, бауырсақ пен ыстық тағам ұсынылды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер