BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Асыл мұрамызды ұлықтайтын күн жетті». Зиялық қауым ұлттық домбыра күніне қолдау білдіруде

Фото: автордан

Ұлттық домбыра күніне арналған баспасөз конференциясында еліміздің бір топ зиялы қауым өкілі айтулы күнге қолдау көрсетіп, халықты ұлттық мұрамызды дәріптеуге шақырды, деп хабарлайды Baq,kz тілшісі.

«Ұлттық домбыра күніне арналған жарлық шыққанда бір ел болып қуандық. Домбыраның мән мағынасын өздеріңіз білесіздер. Қазақ қазақ болғалы бірге жасасып келе жатқан музыкалық аспабымыз - домбыра. Сонау ықылым заманнан бері қазақ халқы өзінің қуанышын, қайғысын, маңызды тарихи оқиғаларын осы домбыраның үнімен жеткізіп келді. Ғалымдардың айтуынша, бірнеше мыңжылдықтан бері осы аспап қазақпен бірге жасасып келе жатыр. Домбыраның үнін естігенде елеңдемейтін қазақ жоқ. Тіпті еңбектеген балаға дейін оның үнін естігенде елең етіп бұрылып қарайды. Ал енді осы айтулы күнге келетін болсақ, оның мемлекеттік, Елбасының деңгейінде қолдауға ие болуы қуанышты жағдай, енді ол дәстүрге айналатын мереке деп атап өткім келеді. Бүгінде біздің домбыраға басқа ерекше көзқараспен қарайтын, асыл мұрамызды ұлықтайтын күн жетті», - деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайынов.

Қазақтың еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайыновтың бұл пікірін күйші Айтжан Тоқтажанда қолдап отыр.

«Аталарымыз күйімізді көзінің қарашығындай сақтап, мыңдаған күйді бізге жеткізді. Сол күйлер бүгін қандай жағдайда? Әрине, мен күй дамымай жатыр, күй жоғалып жатыр деп айта алмаймын. Бірақ сол деңгейде дамып жатыр ма? Мысалы мынау Астана қаласының мәдениет басқармасының жылда беретін «Мың күй» деген концерттік бағдарламасы халықты жыл сайын дүрліктіріп тастайды. Сол концертке үлкені болсын, кішісі болсын түгел қатысады. Орталық концерт залы толып кетеді. Болмаса қала күніне орай Астана арқауы деген концерт қойылады. Онда да жеке күйшілер қамтылып жатады. Осындай шаралар жоқ емес. Бірақ көп емес», - дейді күйші Айтжан Тоқтаған.

Оның айтуынша, егер күйімізді, домбырамызды және орындаушыларымызды, күйшілерімізді дәріптейміз десек жан-жақты көңіл бөлінгені дұрыс.

«Ұлттық домыбра күнін бекіткен жарлық дер кезінде болды деуге болады. Енді ғылым мен техниканың жетісіп тұрған жағдайында ешбір халықта жоқ, тек қазақ халқына тән қазақ күйін кәдімгі дұрыс жолға қойып дәріптейтін боламыз», - деп толықтырды Айтжан Тоқтаған.

Ал, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан атап өткендей, Хорезм маңынан табылған балбал тастағы суретте бала қолына бір аспапты ұстап отыр. Сол аспапқа әлемде ең жақыны қазақтың домбырасы.

«Осы балбал тастың тарихы б.з.д. 5 мың жылдық болып келеді. Ол кезде қазақ деген ұлттың иісі де жоқ. Бұл дегеніңіз қазақтан бұрын домбыра пайда болған дегенді білдіреді. Адамның силабикалық ішкі ырғағын, суретін бейнелейтін дүние – домбыра. Ұлттық код, генетикалық жады деп көп айтып жатамыз. Осы генетикалық жадымыз домбыраның иірімдерінде бар. Осы домбыра күнінің белгіленуі де ұлттық символымыз. Негізі нағыз рухани жаңғыру деген осы бір домбыраға деген көрсетіп отырған ұрпақтың құрметі. Осы идеяның жаршыларына, қозғау болған азаматтарына, ең басты осы нәрсені түсініп, жарлыққа қол қойған Елбасымызға қанында ұлттық намысы қалған, ұлтының қадір қасиетінен танбаған қауымның атынан ерекше рахметімізді айтқан болар едік. Астананың жиырма жылдығы нағыз жиырма жылдық болып өтеді. Қанмен сезілетін Астананың аспанын қақ жарып шілденің 1 күні Қазақ елі монументі алдында әрбір адам қолына домбыра ұстап жүрсе, оның ішінде қазағы бар, кәрісі бар, орысы бар, барлығы қазақтың домбырасына құрмет көрсетіп, «Сарыарқа» күйін тартып жатса - ұлттың бір бақыты деген осы емес пе», - деді Бекболат Тілеухан


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер