BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Егемендікпен байланысты есімдер

Фото: ашық дереккөзден

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Тәуелсіздікке 27 жыл толып отыр. Осы уақыт бойы халқымыз Алаштың азаттығына шүкір етіп келеді. Тіпті кей ағайын сәбилеріне егемендікті айшықтайтын есімдер де берді. Енді біреулері Қайрат, Ләззат сынды - жүректі желтоқсаншылардың аттарын қойды.

Мәселен, «Қызылорда – Ақиқат айнасы» қоғамдық бірлестігінің жастар бағыты бойынша медиакоординаторы болып жұмыс істейтін Еркін Құсан өзінің есімін егемендікпен байланыстырып қойғанын айтады.

Еркін Құсан, «Қызылорда – Ақиқат айнасы» қоғамдық бірлестігінің жастар бағыты бойынша медиакоординаторы

Еркін Құсан, «Қызылорда – Ақиқат айнасы» қоғамдық бірлестігінің жастар бағыты бойынша медиакоординаторы

«Есімімді әкемнің ағасы Едіге қойды. Қазақ қай кезде де еркіндікті сүйген ғой. Ұлтымыз кең дала төсінде ат арқасында еркін шауып, бостандық байрағын бекем ұстауға ұмтылды. Қайсар халқымыз аңсаған азаттығына жетті. Менің отбасым да ел егемендік алғанда ерекше қуанған. 1996 жылы мен дүниеге келгенде, туғандарым еркін елдің ертеңі болсын, елдіктің туын жоғары ұстасын деген ниетпен атымды Еркін қойғанын айтады. Бала кезімнен тәуелсіздіктің қалай келгендігін ата-анам жадыма сіңіріп өсірді. Маған үлкен үміттен туған есімді бергеннен кейін осал болуыма әсте болмайтынын ұқтым», – дейді Еркін.

Қазір Еркін облыстағы белсенді жастардың бірі. Шығыстың жарық жұлдызы «Ғани Мұратбаев» медалінің иегері атанған.

1995 жылы дүниеге келген Азат Төлебайдың есімін әкесі «азат елдің асқақ азаматы болсын» деп ырымдап қойған екен. Ол бүгінде Қызылорда қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы №10 мектеп-лицейдің дене шынықтыру пәні мұғалімі болып жұмыс істейді.

Азат Төлебай, Қызылорда қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы №10 мектеп-лицейдің дене шынықтыру пәні мұғалімі

Фото: автор

Азат Төлебай, Қызылорда қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы №10 мектеп-лицейдің дене шынықтыру пәні мұғалімі

«Әкем еліміз тәуелсіздік алған жылдары балалы болсам, есімін Азат қоямын деп жоспарлаған екен. Құдайдың қалауымен 5 жылдан кейін өмірге келіппін. Әкем «қазақтың азаттығы мәңгі болсын» деген ниетпен, артық сөзге келмей осы есімді берді.

Қазақ елінің патриоты ретінде 1986 жылғы желтоқсанда болған қанды оқиғаға бей-жай қарай алмаймын. Жастық жігері жалындап тұрған шағында олар ертеңгі күнді алыстан болжай білді. Жасаған ерліктерінің барлығы біздің азат елде ер жетуіміз үшін екенін білемін. Бүгінде оқу ордасында жас балаларды салауатты өмір салтын ұстануға септігімді тигізіп келемін», – дейді Азат.

Айта кету керек, Желтоқсан оқиғасында ұлттық мүддені ту еткен қаһарман қыздардың бірі – Ләззат Асанова. Қанды қырғында кеткен жүректі желтоқсаншы ел жадынан ешқашан өшпейды. Оның бір дәлелі – бүгінде оның құрметіне қойылған есімдер мыңдап саналады. Мәселен, Қызылордадағы «Intellectum» оқу орталығының ағылшын пәні мұғалімі Ләззат Әбсадықова да Ләззаттай болғысы келеді.

Ләззат Әбсадықова, Қызылордадағы «Intellectum» оқу орталығының ағылшын пәні мұғалімі

Фото: автор

Ләззат Әбсадықова, Қызылордадағы «Intellectum» оқу орталығының ағылшын пәні мұғалімі

«Қазақтар! Кіріптарлық құлдықта өмір сүргеніміз жетеді! Біз еліміздің тәуелсіздігін жеңіп алған кезде ғана азат бола аламыз!» деген сөзді Алматыдағы қазіргі Республика алаңында ұран еткен жанның бірі Ләззат Асанова еді. Мұны маған батыр қыздың есімін берген апам айтып берді. Сол кісі секілді ұлтжанды, жүректі болсын дегені шығар. Мен есімімді мақтан тұтамын. Ұлтымыздың ұлықталып, елдің кемелденуіне аянбай еңбек еткім келеді. Қазір қазақ балаларына шет тілін үйрету арқылы олардың дүниетанымы мен білімін тереңдетуге қызмет жасап жүрмін», – деді Ләззат Әбсадықова.

Ал құрылыс компаниясында қызмет істейтін Қайрат Лекеров болса, Қайрат Рысқұлбековке еліктеп өскенін айтады.

«Ес білгелі атамның тәрбиесінде болдым. Мал шаруашылығымен айналысатын ол мені жанынан бір елі тастамады. Мал бағуға шыққанда алдына мінгестіріп алып, жол бойы мағыналы, мәнді әңгімесін айтып береді. Атам желтоқсаншы Қайрат Рысқұлбеков жайында көп айтатын еді. Оның бойындағы өжет, ұлтқа махаббат, бірсөзді мінезі атамның әңгімесі арқылы бойыма сіңді. Мен дүние есігін ашқан күні ат қою мәселесіне де көп ойланбаған. Қайрат ағамдай болсын деп, сол кісінің есімін берген», – дейді.

Бүгінгі кейіпкерлер есімдеріне лайық іс жасауды мақсат етеді. Олардың ниеті қабыл болсын деп тіледік.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер