BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ақтөбеде саяси қуғын-сүргін құрбандарына ескерткіш ашылды

Фото: Автор

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде ақтөбеліктер жыл сайынғы дәстүр бойынша Түйетөбе сайына жиналды. Қаралы митингке Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, шаһарға іссапармен келген мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова қатысты. Кейін шаһар ортасында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш ашылды, деп хабалайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

1920 – 1940 жылдар алығында Ақтөбе облысы бойынша 6 мыңдай адам саяси қуғын-сүргінге ұшыраған. Ату жазасына кесілген 1 мыңға жуығы «Түйетөбеге» көмілген. Қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары ескерткіш-белгі басына гүл қойып, ата-бабаларының аруақтарына құран бағыштады. Жеті шелпек үлестірілді. Ескерткішке облыс әкімі бастаған мемлекеттік мекемелердің, құзырлы органдардың басшылары тағзым етті.

«Халық саны күрт кеміген өткен ғасырдың 30-жылдары ұлтымыздың бетке ұстар көптеген зиялылары ұсталып, кінәсіз атылды. Зұлмат жылдардың жаңғырығы халық жадынан өшпейді. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған 31-мамыр барша қазақстандықтар үшін қастерлі күн. Ел басына күн туған қаралы кезеңде Ақтөбе өңірі халқының да тартқан тауқыметі орасан зор. Біз мұнда әруақтар алдындағы адами борышымызды орындап, жазықсыз жапа шеккен жандардың рухына тағзым ету үшін жиналдық», - деді мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова.

90-жылдары Ақтөбе қаласының маңындағы сайдан қуғынға ұшырап атылған адамдардың сүйектері табылған болатын. 1997 жылы мұнда 1930-1950 жылдардағы қуғын-сүргін құрбандарына арнап ескерткіш-белгі орнатылды. Биыл Түйетөбе сайындағы ескерткіш қайта қалпына келтіріліп, гранит стелласы жаңартылды, плиталар, тротуар жолдары және көлеңкелейтін шатырлар орнатылды. Зұлмат жылдары солақай саясаттың құрбаны болған қазақтың ұл-қыздарын еске алу үшін Түйетөбе басына олардың туған-туыстары мен балалары да келді.

«Түйетөбе сайында менің нағашы атам жатыр. Анам қайтқан соң қазір біздер келіп, рухына тағзым етіп жүрміз. Нағашы атам Ділтай Қаржаубаев дін жолында жүріп, намаз оқығаны үшін атылған. 54 жасында халыққа қызмет қылған жан екен. Кейін ақталды», - дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Клара Қоңырбаева.

Ақтөбеде саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш те ашылды. Мемориалдық кешен қоладан жасалған. Мүсіннің биіктігі – 240 сантиметр, ал ұзындығы – 12 метр. Авторы – ақтөбелік мүсінші Ахмет Құбай. Композицияның ортасында тоталитарлық жүйенің құрбаны болған адамның мүсіні тұр. Монументтің оң жақ қанатына Ахмет Байтұрсыновтың

«Қинамайды абақтыға жапқаны,

Қиын емес дарға асқаны атқаны,

Маған ауыр осылардың бәрінен,

Өз ауылымның иттері үріп, қапқаны» - деген соңғы сөздері жазылған. Шара барысында Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының әртістері тоталитарлық билік өкілдерінің іс-әрекеті мен ұлт қайраткерлері жайлы көрініс сахналады. Кейін жиналғандар ескерткішке гүл шоқтарын қойды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
30 Желтоқсан 2018, 12:54
Софияда Астана көшесі ашылды
Пікірлер