BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Шетелдік сарапшылар қазақстандық жас сәулетшілерге бағасын берді

Фото: мұрағат

Астанада 16-18 шілде аралығында өткен Халықаралық сәулетшілер конгресі жұмысының қорытындысына арналған баспасөз конференциясында шетелдік сәулетшілер Қазақстандағы сәулет өнеріне және жас мамандардың жұмысына өз бағасын берді, деп хабарлайды Вaq.kz тілшісі.

«Мен қазақстандық жас сәулетшілердің деңгейіне баға беремін деп айта алмаймын. Бірақ Қазақстандағы жас сәулетшілердің шетелде, халықаралық деңгейде білім алу тенденциясын байқап отырмын. Сондықтанда, жас сәулетшілер халықаралық деңгейде білім алғаннан кейін Қазақстанға келіп, Қазақстанның жергілікті дәстүрлерін негізге ала отырып өз жұмыстарын жалғастырса, бұл Астананың, жалпы Қазақстанның сәулет өнерінің сапасын өте қатты арттырады деп ойлаймын», - деді британиялық сәулетші Кристиан Мэйл.

Сонымен қатар, ол жас қазақстандық сәулетшілерге қандай бағытта жұмыс істеу керек екеніне тоқталды.

«Менің ойымша, Қазақстанның жас сәулетшілері өз елдерінің өнеркәсібін дамытуға атсалысуы керек. Елдеріңізде кәсіпорындар дамыса, сол кәсіпорындарда сәулетшілерге қажетті материалдарды шығару дамыса, бұл -Қазақстандағы сәулет өнерінің сапасын жаңа деңгейге шығарар еді», - деді Кристиан Мэйл.

Өз кезегінде, бұл сапары Астанаға алғаш келуі екенін алға тартқан Халықаралық сәулетшілер одағының мүшесі және БҰҰ-ның сарапшы-сәулетшісі Истелианна Атанасова британиялық әріптесінің ойын жалғады.

«Әріптесім Кристиан екеуміз Астанаға алғаш келіп отырғандықтан бізге қаланы аралатып көрсетті. Әрине, Астана өте әдемі, Астанада салынған қай жоба болса да көз тоярлықтай. Алайда өз басыма мейлі жас, мейлі тәжірибелі болсын, бір топ қазақстандық сәулетшілер жасап шығарған «Балық» көпірі (Есіл өзені арқылы өтетін велосипедшілер мен жаяу жүргіншілерге арналған көпір – Baq.kz) қатты ұнады. Осыған қарап отырып қазақстандық жас сәулетшілердің болашағынан үлкен үміт күтуге болады, себебі олар бүгіннің өзінде талантты, білікті маман екенін көрсетуде», - деп толықтырды Истелианна Атанасова.

Айта кетейік, велосипедшілер мен жаяу жүргіншілерге арналған көпірдің жалпы ұзындығы – 313,5 метр, ені – 10,5 метр. Көпірде жаяу жүргіншілерге арналған алты метрлік жолақ, велосипедшілерге арналған үш метрлік жолақ, сондай-ақ ені 0,5 метр болатын қауіпсіздік жолағы және 0,5 метрлік шарбақты қоршауға арналған екі жолағы бар. Көпір жабындысы үшін литакрил пайдаланылған. Бұл нысан ауа райы жағдайы ескеріле отырып салынған. Оны жобалағанда желдің әсері де есепке алынған. Салмағы – 1920 тонна.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаңа көпір Атырау облысының елорданың туған күніне жасаған лайықты тартуы екенін және оның тұрғындары мен қонақтарына ұзақ жылдар бойы қызмет ететінін атап өткен болатын.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер