Қытайда «Алтын Адамды» күніне 12 мың адам тамашалайды - Ел жүрегі - Астана|05 Қыркүйек 2018, 09:20
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Қытайда «Алтын Адамды» күніне 12 мың адам тамашалайды

Фото: Гүлжан Раманкулова

Әр ел тарихи жәдігерін қастерлеуді мақсат етеді. Ал, Ұлттық құндылығын өзге елге апарып көрме қылу – үлкен жетістік. Себебі тарихи экспонаттар – бір ұлттың тарихынан сыр шертіп, өткенін баяндайды. Осы орайда Қытай елінде іссапарда болған Вaq.kz тілшісі Шэньси провинциясындағы Тарихи музейді аралады.

Дәл қазір Сианьдағы (Шэньси провинциясының орталығы) Тарихи музейде Астанадағы Ұлттық музейдің көрмесі өтіп жатыр. Күн сайын 12 мың қытайлық тамашалайтын «Ұлы Дала мұрасы» көрмесі 2 ай бойы ашық болады. Шэньси провинциясы Ұлттық музейінің халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы Вэнь Цзюнь Сиань қаласының тұрғындары мен қонақтары қазақ ұлттық көрмесіне аса қызығушылық білдіргенін айтты.

«Көрме 20 шілдеде ашылды және 20 қыркүйекке дейін жалғасады. Күніне музейге орташа есеппен 12 000 адам келеді. Қытай жұртшылығы қызығушылық танытуда және құлшыныспен аралауда. Бұл Қазақстанның Ұлттық музейімен келісілген тұңғыш көрмеміз. 2017 жылы Астанада ЭКСПО аясында Террокотия армиясы музейінің көрмесі өтті. Міне сол кезде Қазақстан тарапына бізде көрме ұйымдастыруды ұсындық. Қазақстан бұл көрмеге 300-ден астам нысан әкелді. Оның ішінде 170 түпнұсқа экспонат, 150 көшірме бар. Мұнда «Алтын Адам» қойылды. Бірақ оның әшекейлері түпнұсқа емес», - деді Цзюнь.

Фото: Гүлжан Раманкулова

Көрмеде әртүрлі ұлттық әшекеймен танысуға болады. Бұдан басқа мұнда сармат патшайымының киімі, Арыстан баб пен Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің , Тамғалы шатқалының фотолары және Қазақстанның тағы басқа танымал тарихи нысандары қойылған.

«Көрменің ашылуына ҚР Ұлттық музейінің басшысы қатысты. Енді екі жақ болып мәдени шараларды, түрлі семинарды ұйымдастырамыз деп келістік. Біз ынтымақтастығымыздың жемісті боларына, бұдан әрі дамып, нығая беретініне үміттенеміз», - деп түйіндеді музей қызметкері.

Фото: Гүлжан Раманкулова

Қытай халық даналығында мынадай сөз бар: Егер Қытайдың соңғы 10 жылдығын білгіңіз келсе, Шеньженьге барыңыз. Егер соңғы мыңжылдығын білгіңіз келсе, Пекинге аттаныңыз. Ал егер ежелгі тарихына үңілгіңіз келсе, Сианьға сапар шегіңіз. Яғни, қытайлықтар үшін тарихи маңызы жоғары қала Сианьда ашылған қазақ ұлттық көрмесінің мәртебесі жоғары деуге толық негіз бар.

Фото: Гүлжан Раманкулова

Сонымен қатар, Астананың 20 жылдығы мен «Бір белдеу, бір жол» бастамасының 5 жылдық мерейтойына арналған көрме Қазақстан мен Қытайдың ежелден келе жатқан көрші ретінде Ұлы Жібек жолының жаңаруына ұлес қосады деуге де болады. Бұл – екі ел арасындағы стратегиялық қатынас жоғары екенінің айғағы.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
30 Желтоқсан 2018, 18:34
500 МЫҢ ТЕҢГЕ АЙЛЫҚ ТІЛЕЙМІН!
Пікірлер