BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 379.36 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 424.47 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.88
Астана:

Астананың Жамбыл облысындағы күндері өтеді

Фото: seleznev.kz

Еліміздің бас қаласының 20 жылдығы құрметіне ауқымды жоба аясында Жамбыл облысында Астана күндері өтеді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Астана әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

25-26 шілдеде Тараз қаласының тұрғындары мен қонақтарының алдында астаналық әртістер өнер көрсетеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты қалалық мәдениет және спорт басқармасына сілтеме жасап.

Көрмелер, концерттер, спектакльдер. Осының барлығын жамбылдықтар тегін тамашалай алады.

25 шілдеде сағат 19:00-де «Баласағұн» концерт залының сахнасында «Астанадан ақ тілек» атты гала-концерт өтеді. Кеш бағдарламасында эстрадалық би, «Шалқыма» халық биі ансамбльдері, «Қорқыт» дәстүрлі музыка тобы, классикалық, эстрадалық және халық вокалының солистері өнер көрсетеді. Сонымен қатар, сахна төрінде отандық эстрада жұлдыздары ән шырқайды. Жиналған жұртты өз әнімен Клара Төленбаева, Күләйым Қайырбаева, Дос, Асқар Жайлаубаев, Di-Art Style триосы, Бауыржан Исаев, Ринат Мальцагов және Алмас Кішкенбаев қуантпақ.

26 шілдеде сағат 19:00-де «Баласағұн» концерт залында Астана қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясының ұжымы – «Шалқыма» халық биі, эстрадалық би ансамбльдері, қазақ оркестрі, эстрадалық, классикалық және халық вокалы артистері өз өнерін ортаға салады.

М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының әртістері екі күн бойы Жамбыл облыстық орыс драма театрында өз қойылымдарын көпшілік назарына ұсынады.

25 шілдеде сағат 19:00-де тараздықтар К.Людвигтің «Примадонны» комедиясын көреді. ҚР еңбек сіңірген әртісі, режиссер Бекпулат Пармановтың және қоюшы-суретші Қанат Мақсұтовтың қойылымы арқылы көрермендер байлардың тыныс-тіршілігімен танысып, кез келген құпияның бір күні белгілі болатынына көз жеткізеді.

26 шілдеде сағат 19:00-де елордалық актерлер Алехандро Касонның махаббат пен жастық шақ тақырыптарына арналған пьесасы бойынша қойылған «Дикарь. Третье слово» мелодрамасын тамашалауға шақырады. Спектакль таудағы ауылда өскен Паблоның шулы қаладағы өмірмен, ғажайып сезім сыйлайтын жалған әлеммен танысу оқиғасын баян етеді.

Ал 25-26 шілдеде Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайының көрме залында сағат 10:00-ден 20:00-ге дейін бүкіл мемлекетті аралап шығатын «Ақ тілекпен Астана!» көрмесі жұмыс істейді. Экспозицияға С.Смағұлов, М.Бекеев, Р.Күлбатыров, С.Аллабергенов, Н.Каржасов және т.б. сынды танымал 50 отандық суретшінің 100 үздік туындысы қойылған. Мұнда Жанна Спунердің жеке топтамасындағы еңбектерді, сонымен қатар астаналық шеберлердің картиналары мен мүсіндерін тамашалауға болады.

Сондай-ақ, көпшілік назарына Өмірбек Төлеулиевтің «Елім-ай» сериясы қойылады. Коллекцияны Тәуелсіздік сарайы ұсынбақ.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер