Астананың Семейдегі күндері: «Зере», дзюдо және Абайдың қара сөздері - Ел жүрегі - Астана|16 Шілде 2018, 14:59
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Астананың Семейдегі күндері: «Зере», дзюдо және Абайдың қара сөздері

Фото: ашық дереккөзден

Елордалық артистер 17-18 шілдеде Семейде Астананың күндерін өткізеді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Ұлы Абайдың жерінде «Ақ тілекпен, Астана!» көрмесі ұйымдастырылады. Бұдан басқа, елорданың 20 жылдығына арналған кең ауқымды жоба аясында қалалық шығармашылық ұжымдар да өз өнерлерін ортаға салады. Экспозиция 17-18 шілде күндері Невзоровтар атындағы Шығыс Қазақстан облыстық бейнелеу өнері музейінде сағат таңғы 10.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін семейліктердің назарына ұсынылады. Еске салайық, көрмеге түрлі жанрда сурет салатын отандық 50 суретшінің 100-ден аса еңбегі шығарылады.

Гастрольдің бірінші күні, 17 шілдеде, Астана қаласының мемлекеттік академиялық филармониясы «Абайдың қара сөздері және әндері» атты концерт қояды. Абай атындағы Қазақ театрының сахнасында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымовтың жетекшілігімен өтетін шара барысында халық вокалының солистері (көркемдік жетекшісі Секен Сыздық) Нұрлан Бекенов өнер көрсетеді. Ұлы ақын және ойшылдың рөлін А.Қошаев сомдайды. Концерттің басталуы сағат 19.00-де.

Келесі күні, 18 шілдеде, осы уақытта Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының ұжымы Ұлықбека Есдәулеттің атышулы «Зере» драмасын қояды. Спектакльдің қоюшы-режиссері Нұрқанат Жақыпбай, қоюшы-суретшісі Берік Бурбаев. Қойылымда Өскенбайдың бәйбішесі, дана ошақанасы, Абайдың әжесі Зере туралы айтылады Бір отбасы мүшелерінің өзара қарым-қатынасы арқылы автор қиын-қыстау заманда ғасырлар тоғысында өмір сүрген қазақ халқының тұрмыс салтын, ауырпашылықтарын жеткізеді. Көрермендер табандылық танытып, қиындықтарға қарсы тұра алған, бірлескен халықтың бейнесін бір әйелдің бойынан көреді.

Бұдан басқа, астаналықтар спорттық бағдарлама аясында 18 шілдеде Семей Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде дзюдодан Астана мен Семей командаларының арасында жолдастық кездесу өткізеді.

Айта кетейік, барлық іс-шараларға кіру тегін.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер