Астанада Жамбыл облысының жәрмеңкесі өтуде  - Ел жүрегі - Астана|04 Тамыз 2018, 11:58
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Астанада Жамбыл облысының жәрмеңкесі өтуде 

Фото: Нұржас Жақсыбай

Елордадағы "Қазақстан" спорт кешені аумағында Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрме-жәрмеңкесі өтіп жатыр, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

"Бүгін Астана қаласының 20 жылдығына орай елордада Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылып отыр. Өздеріңіз көріп отырғандай, адамдар көптеп келуде. Нақты біздің облыстан 365 тоннаға жуық ауыл шаруашылығы тауарларын алып келдік. Оның ішінде, 30 тонна ет, 200 тоннадан аса өңірде өсірілген көкөніс пен бақша дақылдары бар. Мұндай жәрмеңке облыстың тауар өндірушілеріне өз тауарларын делдалсыз, тікелей тұтынушыларға сатуға мүмкіндік беріп отыр", - деді Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев.

Жәрмеңке аумағына кіреберісте сатылымдағы жамбылдық азық-түліктің бағасы жазылған бағана орналастырылған. Бұл сауда барысында тауар бағасының бұрмалануына жол бермейді және жәрмеңкенің ашықтығын көрсетіп отыр.

Фото: Нұржас Жақсыбай

Айта кету керек, жәрмеңкеде жамбылдық тауар өндірушілер құрылған палаталарда сауда жасап жатса, орта тұста астаналық тауар өндірушілер орналасқан. Басқарма басшысы Нығмашев бұл Астана қаласы әкімдігінің шешімі екенін және ол азық-түлік бағасын жамбылдық басқарма реттемейтінін айтты.

"Жәрмеңке өткізу дәстүрге айналған шара. Ешқашан біздің тауарлар өтпей қалып, кері қайтқан емес. Себебі, қала халқы жамбылдықтар нақты өз тауарларын әкелетініне үйренген. Барлық баға шектеулі қойылған. Ал, астаналық тауар өндірушілердің де жәрмеңкеге қатыстырылуы менің құзырымдағы мәселе емес. Бұл Астана қаласы әкімдігінің шешімі. Әрі десе, барлық тауар Жамбылдан шықпайды, сондықтан, мұның бәрі тұтынушының қажеттілігіне орай қарастырылып отыр деп санаймын" - деген Нығмашев елорда жұртын 4-5 тамыз аралығында өтетін жәрмеңкеге шақырды.

Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы басқармасы берген ақпаратқа сәйкес, жәрмеңкеде жалпы құны 121,6 млн. теңгені құрайтын 365,7 тонна ауыл шаруашылығы тауарлары ұсынылуда. Атап айтқанда 30 тонна ет (жылқы, сиыр, қой, шошқа және тауық еті), 19 тонна сүт өнімдері, 5 тонна шұжық өнімдері, 5 мың дана жұмыртқа, 5 тонна қарақұмық, 5 тонна күріш, 20 тонна қант, 6 тонна өсімдік майы, 5 тонна балық, 2,5 тонна бал, 1,5 тонна кондитерлік өнімдер мен 2 тонна макарон өнімдері, 0,5 тонна тұз, 2 тонна кептірілген жеміс және 257,2 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері бар.

Фото: Нұржас Жақсыбай

Жәрмеңкеде тауар өндірушілердің өз тауарларын делдалсыз, тікелей тұтынушыларға сатуы нәтижесінде жәрмеңкедегі тауарлардың бағасы нарық бағамынан 10-20 процентке төмен болып отыр.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер