Астанада «Қазақстан – Ұлы дала елі» көрмесі өтуде - Ел жүрегі - Астана|25 Тамыз 2018, 15:06
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Астанада «Қазақстан – Ұлы дала елі» көрмесі өтуде

Фото: Нұржас Жақсыбай

Елордадағы «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешені аумағында «Қазақстан – Ұлы дала елі» көрмесі өтіп жатыр, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Бүгінгі фестиваль атауынан-ақ бұл не қылған шара екенін түсінуге болады деп ойлаймын. Ескіні жаңартып, жаңғыртатын бұл шара Астананың 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып отыр. Бізде Ресейден, Англия, Якутия мен Саха елдерінен келіп отырған қонақтарымыз да бар. Көрме қонақтары шара аясында ат әбзелдерінің безендірілуі бойынша байқауды тамашалай алады. Сонымен қатар, «Қазақстан Этно Fashion – 2018» байқауында елдегі дизайнерлер ұлттық стильдегі өз туындыларын назарға ұсынады. Елдің әр өңірінен келген 50 астам қолөнер шеберлерінің көрмесі де жоспарланып отыр», - деді Орталық Қазақстанның Туризм ассоциациясының президенті Мая Ағәділова.

Оның айтуынша, аталған шара екі ай бойы әлеуметтік желілерде арнайы парақшалар ашу арқылы насихатталған. Көрме 25-26 тамыз күндері өтеді.

Этноауылға кіреберісте түйелер, тұлпарлар мен қолына қыран қондырған құсбегілер қаз-қатар тізіліп тұр. Көрмені тамашалаушыларға ыстық бауырсақ пен қымыз, құрт, ірімшік секілді қазақтың ұлттық дәмдері ұсынылуда.

Қазақтың көне заманынан сыр шертіп, бір сәтке болса сол келмеске кеткен дәуірге үңілуге мүмкіндік беретін көрмені тамашалауға Жапонияның Қазақстандағы елшісі Индонезияның Қазақстандағы елшісі де арнайы келді.

«Бүгінгі таңғажайып көрмені тамашалауға шақырғандарыңызға ризамын. Жапон халқы атынан алғыс білдіремін. Елордаларыңыздың 20 жылдық мерейтойы құтты болсын. Мен әркез қазақ халқының ұлы мәдениетіне ерекше көңіл аударамын. Сіздерге табыс пен сәттілік тілеймін» - деген Жапонияның Қазақстандағы елшісі Итиро Кавабата елордалықтарды мерекемен құттықтады.

Ұйымдастырушылардың мәліметіне сәйкес, көрме аясында «Томирис» пен кішкентай бүлдіршіндерге арналған «Жас батыр» костюмдер байқауы ұйымдастырылады. Көрме таңғы сағат 10:00-ден түнгі 22:00-ге дейін жалғасады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер