Зындан - Жәдігер|01 Қаңтар 2012, 00:00
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Зындан

Астана. 16 қараша. Baq.kz-Абақты – қылмыскерді бас бостандығынан айырып, қауіпті әрекетін одан әрі өрістетпеу мақсатымен, оны қоғамнан оқшаулатуға, сот жазасын өтеуге арналған қамау орны. Абақтыға ауыр қылмыс істеп сотталғандар қамалады.
Абақты буржуазиялық қоғамда пайда болып, қанаушы таптың жеке адамдарды қорлау, азаптау орнына айналды. Советтік әділ сот қылмыскерді абақтыға жапқанда оның адамгершілік намысын қорлауды көздемейді («Қазақ Совет Энциклопедиясы», Алматы, 1972, 20-бет). Міне, кеңестер кітабының абақты туралы берген түсіндірмесі. Бірақ, «адамгершілік намысты қорлау мен азаптаудың» «көкесін» осы Советтік-сталиндік жүйе көрсеткен білеміз.
 

Көшпелі қазақ халқы өзінің қасиетті жеріне түрме (абақты) салмағаны баршаға мәлім. Деректерге сүйенсек, қазақ жерінде түрме тек ХІХ ғасырдың соңына қарай пайда бола бастапты. Орталық Қазақстанның Сібір қазақтары деп аталған «бес ояз» жерінде о баста атақты екі түрме ғана тұрған. Бірі – 150 адамға арналып салынған Омбы қаласында, екіншісі – 50 адамға арналып 1869 жылы салынған Петропавл қаласында болыпты. Ақмола, Көкшетау ояздарында 1890 жылдардан бастап түрме үшін бұрынғы әскери гауптвахтаны пайдаланған.
Жоғарыдағы сөзден бұ қазақ бұзақыларын бос жіберген, телі-тентегін жөнге салмаған екен деген ой тумаса керек. Қазақ қоғамының қай кезеңінде де ауыл арасындағы қазанбұзарлардан бастап румен-рудың, елмен-елдің арасына от тастаған, біреудің қанын жүктегендерге, әйтпесе әлеуметтік қасіреті үлкен қылмыс пен әрекет жасағандарға тиісті жазасын беріп отырған. Соның бірі, бірақ сайын далада өте сирек, жазалаудың басқадай баламалы түрі қалмағанда ғана қолданылатын жазаның бірі – зынданға салу. Өйткені, ұлан-ғайыр далада желмен жарысып емін-еркін көшіп жүретін көшпелі жұрттың өкілі үшін еркіндікті шектеуден өткен құсалық жоқ. Міне, қазақ қоғамындағы осы байырғы жазалау тәсілін Кеңестер үкіметі «керегіне» жаратыпты.
Қарағанды облысының Долинка кентіндегі «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау мұражайы» ММ үйінде болғанымызда, экскурсшы бізді бұрынғы Карлаг басқармасының жертөлесінде орналасқан тергеу камераларының арасынан зынданы бар ерекше бір камераға алып барды. Бұл түрме ішіндегі карцер міндетін атқарыпты. Әрине, түрмеде карцер де болған, бірақ мұнда ерекше тәртіп бұзғандарды салса керек.
Зындан камераның кіреберіс есігінен 1,5-2 метрдей қашықтықтан қазылған. Тереңдігі 2,5 метр, диаметрі 1,5 метр шамасындай болар. Цементтеп құйылған. Зынданның төбесіне темір торша орнатылған. Онсыз да тастай суық камералардың ішіндегі зынданның ауа температурасы одан да зор мұздай болатыны айтпаса да түсінікті. Жолбастаушымыздың айтуынша, түрме әкімшілігі мұнда ішкі тәртіпті бұзған, басқарманың алдында ерекше айыпты болып қалған сотталғандарды тастайды екен. Ал, тырнақ астынан кір іздеп, тістерінің қанын жағуға даяр тұратын қызыл жендеттер үшін аядай зынданға бірнеше адамды қосақтап-қабаттап салып, бірнеше күнге тастай салу түк те емес. Айтпақшы, қақаған қыстың ортасында «айыпты» жанның аяқ киімін де сыпырып алып, мұздай зынданға тастай салатын болыпты. Сотталған адамды зынданға тіпті жалғыз салғанның өзінде онда тізе бүгіп отырға болмайды.
Мұражай ішін аралап жүргенімізде Егіндібұлақ өңірінен келген бір қария әкесінің Сталин заманында сотталғанын, сонда елден этаппен әкетпей тұрып, Егіндібұлтың өз басындағы түрмеге қамағанын айтады. Шешесі екеуі сол кезде әкесіне жолығып қалуы үшін барған екен, бірақ жасауылдар оларды кездестірмепті. Тек, түрме қызметкерлерінің бірінен ақсақал әкесінің зынданға тасталғанын естігін. Қазір Егіндібұлақтағы бұрынғы түрме үйінің қирандысы да қалмағанын, ал зынданның орнында елеусіздеу жарым-жартылай топырақ басып, шөп өскен шұңқыр ғана жатқанын да осы кісілер айтты. (Өкінішке орай ол кісінің аты-жөнін жазып алмаппын-авт.). Жауыздықтың құрбаны болған жан содан бері отбасына оралмаған. Ол кезде бала, енді өзі де ақсақал жасына жеткен ағамыз Карлагқа әкесі туралы бір дерек табылып қала ма деген үмітпен келген екен. Міне, соған қарағанда Карлагтың басында болған мұндай зындандар оның жер-жерлердегі бөлімшелерінде де болса керек.
Дәулетқали Асауов
 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Пікірлер