Жер дауы – ел дауы - Жәдігер|01 Қаңтар 2012, 00:00
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Жер дауы – ел дауы

Астана. 22 қараша. Baq.kz-Қазақ ұландарының атамекен жерін қорғау үшін үнемі ат үстінде жүретінін және қарыс сүйем жер үшін ұран шықырым бітіспес ұлы соғыстар ашатынын парсылық тарихшы Қожа Маулан Исфаханидің тарихи жазбалары тағы бір дәлелдей түсті.
 

Кеше парсылық тарихшы Қожа Маулан Исфаханидің «Михман-наме-йи Бухара» («Бұқар мейманының кітабы») атты еңбегінен қазақ халқының XVI ғасырдағы тарихына қатысты деректерді берген едік. Ортағасырлық сырткөз тарихшының жазғандары біздің оқырмандар тарапынан да әжептәуір қызығушылық тудырды. Осыған орай аталмыш автордың қазақтардың жер бөлісі туралы жазбаларын тағы да назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Қожа Маулан Исфахани Дешті-Қыпшақ даласы 600 фарсы (3600-4200 км) аумаққа созылып жатыр, шөбі шүйгін, онда биік-биік ағаштар өседі. Әсіресе, терек көп дейді. Көшпенділер олардан арба және күнделікті тұрмысқа қажетті басқа да құралдар жасағанын айтады.
Парсылық тарихшының айтуынша, көшпенділер ұлысында хандар мен сұлтандарға тиесілі жайылымдар болған. Мал шаруашылығы Дешті-Қыпшақ тұрғындарының негізгі шаруашылық көзі болған. Жазды күндері мал шөбі қалың әрі шүйгін, ауызсу қоры мол өзен-көлдердің бойында, Альпі тауының биігіндегі көк шалғын мен дала жазықтарында жайылған. Күзге салым қыстаққа оралып отырған.
Көшпенділердің ең үлкен қыстақтары Сырдарияда болыпты. Қожа Маулан Исфаханидің сөздеріне сенсек, Сырдариядағы қыстақтардың жалпы көлемі 300 фарсы (1800-2100 км). Ол сонау Түркістан қаласының іргесінен бастап Сырдария өзенінің қолтығына дейін сөзылып жатыр. Ол аймақта қысқы мерзімдерде мал қорек ретінде пайдаланатын қамыс және басқа да өскіндер көп.
Қыс қыстауларда да, жаз жайлауларда да көшпенділер ру-тайпалық бөліністер бойынша көшіп қонады. Көш-қон аймағы, су көздері рулар арасында әр рулар, әр тайпалар арасында өзара бөлінген және қатаң сақталады. «Михман-наме-йи Бухарада» көшпелілер көш-қоныс жұрттарын Жошы мен Шайбани замандарындағыдай Яссы заңдары бойынша бөлсетінін айтады. Егер көш-қон жолы сәл ауытқып кетсе немесе біреуді жайылымына біреуі бір сәтке еніп кетсе, үлкен жанжал шығады.Тіпті оның арты ұзақ жылдарға созылған қарулы қақтығыстарға апарып соғуы мүмкін.(Осындайда, шіркін-ай, батыр бабаларым қара жердің қасиетін қалай бағалаған деп еріксіз таңдай қағасың. Сонда жауы түгілі басқа рудың, басқа атаның баласы ұлтарақтай жерін иемденіп қалса, иемденбек түгілі, тіпті-ау, жеріне байқамай табан сүйем кіріп кетсе, ұран салып соғыс ашатын қайран бабалардың түйсік-танымы бүгінгі қазақтан көп өзгеше болған екен-ау).
Ол замандарда ешкімнің иелігінсіз бос жатқан жер деген мүлдем болмайды екен. Рулар арасында ұдайы жайылымдық жерлер үшін ірілі-ұсақты кикілжіңдер орын алып тұрыпты. Аталған еңбекте: «Қазақ ұлыстары өз жерлерінің шекара аймақтарын көзден таса қылмау үшін және сыртқы басқыншылардан қорғау үшін Дешті-Қыпшақтың шеткері аймақтарын шолып көшіп жүреді және мал басының көптігі мен жайылымдық жерге деген сұраныстың күштілігінен үнемі ат үстінен түспейді»,– деп жазылған.
Көшпенділер мен Орта Азиядағы отырықшы халықтардың сауда орталықтары Сырдария аймағының қалалары болған: Яссы, Отырар, Сығанақ, Сайрам, Арқұқ, Үзкент, Ақ Қорған және басқалары.
Қожа Маулан Исфахани Дешті-Қыпшақ жұрты орналасу жер жағдайына байланысты көшпелі де, жартылай көшпелі де және отырықшы да өмір салтын ұстанғанын айта келіп былай дейді: «Сондықтан олардың жүргізген шаруашылық түрлері де жер жағдайына байланысты әр түрлі: біреулері жайылымдық-көшпелі мал шаруашылығын жүргізсе, енді бірі – жер өңдеушілікпен, ал үшіншілері қолөнер және саудамен айналысты».
Парсылық тарихшы Қожа Маулан Исфаханидің жазбаларынан біз қазақтардың XVI ғасырдағы саяси өмірінен, әлеуметтік-экономикалық жағдайынан өте жақсы хабардар бола аламыз. Сондай-ақ мына ұланғайыр даланы қазаққа ешкім де тегіннен тегін бере салмағанын, оны бабаларымыздың күшпен иемденіп, сыртқы жаулардан күшпен қорғап тұрғанына көзіміз жете түседі. Сондай-ақ, ерте замандардан бері қазақтар үшін ең үлкен дау да осы жер мәселесіне қатысты туындап жататын.
Дәулетқали Асауов
 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер