ШҚО-ның археологиялық жұмыстарына француздар да қатысады - Жәдігер|03 Тамыз 2017, 10:01
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

ШҚО-ның археологиялық жұмыстарына француздар да қатысады

Бірлескен археологиялық қазба жұмыстары, білім мен ғылым, мәдениет пен денсаулық сақтау, туризм салаларындағы әріптестік мәселелері облыс әкімі Даниал Ахметов пен Қазақстандағы Франция Республикасының төтенше және өкілетті елшісі Франсис Етьен арасындағы кездесу барысында кеңінен сөз болды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі «Дидар» газетінің сайтына сілтеме жасап.

Елшінің Шығыс Қазақстанға сапары аясында ол бастаған Францияның ресми делегациясы Үлбі металлургиялық зауытында болып, кәсіпорын жұмысымен жақынырақ танысты. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында жергілікті бизнесмендермен кездесіп, тиісті келіссөздер жүргізген болатын. Ал облыс әкімімен кездесу барысында шетелдік меймандар бірқатар маңызды салаға қатысты ұсыныс-тілектерін ортаға салды. Әсіресе, француздарды археология саласы қызықтырады екен.

– Археология – сан алуан мәдениетті жақындастыратын сала. Біздің президентіміз Эмманюэль Макрон мырза қызметіне кіріскен алғашқы күндерден бастап осы салаға жіті көңіл бөлуді тапсырды. Алайда, археологиялық қазба жұмыстары мен көне жәдігерлерді зерттеу шаралары тек Франция Республикасының аумағымен ғана шектеліп қалмақ емес. Біз өзге мемлекеттерде де осындай кешенді жұмыстарды жүргізуге әзірміз. Бүгінде франциялық ғалымдар Мысыр, Таяу Шығыс, Қытай сияқты елдердің аумағындағы археологиялық қазба жұмыстарына белсене қатысып келеді. Біз сіздердің елдеріңізде, әсіресе, Шығыс Қазақстан жерінде археологиялық жұмыстар жүргізуге мүмкіндік мол екенін естідік. Мұнда тарихшыларымызды қызықтыратын дүниелер көп екеніне күмәніміз жоқ. Енді сол бағыттағы, сонымен қатар, ғылым, инновация, туризм салаларындағы әріптестігімізді нығайтқымыз келеді, - деген Франсис Етьен мырза оны әсіресе, облыс аумағында аймақ басшысының бастамасымен қолға алынған ірі тарихи-өлкетану мұражайын салу жобасы айрықша қызықтырғанын атап өтті.

облыс әкімі Даниал Ахметов қонақтарды өңірде бұл бағытта атқарылып келетін шаруалармен жақынырақ таныстырды.

– Сіз дұрыс айтасыз, Шығыс Қазақстан өлкесінің қай пұшпағы болмасын қасиетті әрі тұнып тұрған тарих. Біздің облыста орналасқан Алтай тауларын түркі әлемінің алтын бесігі деп атайды. Сондықтан бізде бұл тұрғыда мүмкіндік көп, археология саласының әлеуеті зор. Катонқарағай ауданында әлемнің белді де беделді тарихшы-археолог ғалымдары қатысатын халықаралық семинар өткізу дәстүрге айналған. Оған АҚШ, Бельгия, Жапония, Ұлыбритания сияқты елдердің ғалымдары қатысады. Келеміз деген ниет білдірсе, франциялық мамандарды да қуана қарсы аламыз, - деді аймақ басшысы.

Кездесу барысында екі ел бизнес құрылымдары арасындағы байланысты нығайту төңірегінде де сөз қозғалды. Франсис Етьен қазақ және француз кәсіпкерлері бас қосатын үлкен экономикалық форум өткізуді ұсынды. Сондай-ақ, елші Франция елінің өнер майталмандары Өскеменде жыл сайын ұйымдастырылатын «Ақ Ертіс» музыка фестиваліне қатысса және Өскеменде француз тілін тереңдетіп оқытатын мектеп ашылса деген тілегін айтып қалды.

Бұл үш ұсыныс та облыс әкімі Даниал Ахметовтің тарапынан қолдау тапты. Аймақ басшысы өңірдің жоғары технологиялық өндіріс орындарындағы әріптестікті дамыту қажеттігіне баса назар аударды.

– Мәселен, бүгінде ҮМЗ мамандары басқа емес, франциялық технология бойынша жұмыс істеуде. Тағы бір айта кетерлік жайт, бізде өндірілетін тантал мен титанды медицина саласында қолдануға болады. Қазір облысымызда әлеуеті зор 10 ғылыми жоба жүзеге асырылуда. Сондықтан бізде ғылым мен инновацияға қатысты сіздерді сөзсіз қызықтырар нәрсе көп екенін айтқым келеді, - деді әкім.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер