Астанадағы Сәкен Сейфуллин мұражайының ашылғанына биыл 30 жыл толады. Осыған орай музей басшылығы бірқатар істі қолға алып жатыр, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.


Астанадағы Сәкен Сейфуллин мұражайының ашылғанына биыл 30 жыл толады. Осыған орай музей басшылығы бірқатар істі қолға алып жатыр, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
1988 жылы құрылған музейге бір кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп, қазақ халқының даңқты ұлы жайлы жылы ілебізін білдірген болатын.
Бүгін музейдің ресми сайты таныстырылып, осы сала бойынша атқарылып жатқан істер талқыланды.
Шағын ғана сайтта әзірге 6 айдар бекітілген. Онда музей тарихы, көрме залдар, мұражай қызметкерлері және фото-видео мұрағат жинақталған.
«Бұл музейдің қазіргі мүмкіндігіне орай жасақталды. Алдағы уақытта толықтырылып, көлемі кеңейтіліп отыратын болады. Сайт әзірге мемлекеттік тілде ғана оқырманға жол тартты. Болашақта басқа да тілдерге аударылып шығатын болады» - дейді музей директорының орынбасары Гүлнәзия Ибраева.
Арнайы таныстырылымға журнлистер, блогерлер және жас ақын-жазушылар қатысты.
Сайттың әлі де толықтыра түсетін, әлі де нақтылай түсетін тұстарына тоқталған қатысушылар, «Сәкентану», «Сәкен мұрасы», «Ән қанатында» т.б. айдарлар қосу керектігін айтты.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта контент жинау үшін сайт доменінің күрделі болмауы керектігін ескеріп, http://seifullinmuseum.kz доменін ауыстыру керектігі айтылды.
«Алдағы уақытта бұл олқылықтардың барлығын ескереміз деген ойдамын. Сәкеннің кітаптарын, сәкентанушылардың еңбектерін және Сәкен әндерінің аудио-видео нұсқаларын осы сайттан таба аласыздар. Сайтта музейдің жұмыс істейтін уақыты, музейге қатысты жаңалықтар қамтылған. Болашақта 3D экскурсия жасауды да жоспарлап отырмыз» дейді сайт админі Қабиден Қуанышбай.
Бұл ең әуелі Астанадан өзге қалалардағы, өзге елдердегі сәкентанушылар үшін таптырмайтын ақпарат көзі болары сөзсіз. 30 жылдықта қолға алған іс игілікті болып, сайт оқырмандары көп болсын!
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!