BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Сәбит Мұқанов музейінде 700-ден астам жәдігер сақтаулы

Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданына қарасты Сәбит ауылындағы жазушы Сәбит Мұқановтың музейі Қызылжар өңірінің киелі жерлері картасына енгізілді. Қаламгерге тиесілі құнды жәдігерлер жиналған мұражайдың есігі жыл он екі ай бір рет жабылған емес, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Әйгілі қаламгердің музейінде 700-ден астам жәдігер сақтаулы. Солардың ішіндегі бірегейі – Сәбит Мұқановтың жазу машинкасы. Жары Мәриям Мұқанова 1990 жылы музейге тапсырған жәдігер ғимараттың төрінен орын алған.

«Сәбит Мұқанов музейіндегі жәдігерлердің барлығы біз үшін құнды. Ауылымызға келген әрбір мейман жазушының қара шаңырағына сәлем бермей кетпейді. Біз қонақтардың әрқайсысын ілтипатпен қарсы алып, музей жайында, ауылымыз туралы мақтанышпен айтып береміз. Мәселен, бірінші залда Сәбит атамыздың туған үйінің көшірмесі қойылған. Ол кедей отбасынан шыққан, жетімдікті де, жоқшылықты да көрген. Тума талантының арқасында биік шыңға көтерілді. Біз балаларымызға Сәбит Мұқановтың өмір жолын үлгі етіп айтып береміз. Жазушының есімін мақтан етеміз. Соңғы жылдары халық арасында музейге деген қызығушылықтың артқандығы байқалады. Қазақстанды былай қойғанда көршілес Ресейден меймандар келіп тұрады», - дейді Сәбит Мұқанов музейінің меңгерушісі Әлия Сәрсекова.

Деректерге сүйенсек, 1959 жылы Сәбит Мұқанов жиен ағасы Шәйкен Мұстафинмен бірге туған ауылында үй салған. Жазушының 90 жылдық мерейтойына орай 1990 жылы бұрынғы үйдің орнына мемориалдық музей салынды. Жалпы аумағы 180 шаршы метрден тұратын ғимарат – жатын бөлме, қонақ бөлме, зал, ас үй мен кіреберіске бөлінген. Музейде Сәбит Мұқановтың көзі тірісінде пайдаланған жеке заттары қойылған. Мұнда қаламгердің саптама етігі, бірнеше бас кимі, костюм, шапан, темір кереует сынды жәдігерлері сақтаулы. Келушілердің көпшілігі, әсіресе, жазушының жатын бөлмесіне қызығады екен.

«Мен Благовещенка ауылындағы кітапханада қызмет атқарамын. Бүгін ең белсенді оқырмандарымды Сәбит Мұқанов музейіне экскурсияға әкелдім. Алдымен Қожаберген жырау кесенесіне бардық. Бұл екі нысан да Солтүстік Қазақстан облысының киелі жерлерінің картасына енгізілді. Жас ұрпақ біздің еліміз, жеріміз, оның қасиеті туралы білуі шарт. Сондықтан демеушілердің көмегімен осындай саяхатқа шықтық. Балаларға жазушының музейі ұнады. Өзім де ұмытылмас әсер алдым», - дейді музейге келуші Ләйла Сақтағанова.

«Маған бүгінгі саяхат өте ұнады. Музейден көп рухани азық алдық. Сәбит Мұқанов сынды жазушының Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданында дүниеге келгені біз үшін зор мақтаныш. Оның туған жерін, жеке заттары тамаша көңіл-күй сыйлады. Қонақтарға арналған кітапта өз қолтаңбамызды қалдырдық. Онда көптеген ақын-жазушылардың жазбалары бар. Әсіресе Сәбит Мұқановтың жазу машинкасы қатты ұнады. Жазушы оның көмегімен талай шығармаларды дүниеге әкелген екен. Оны өз қолымызбен ұстап көріп, тіпті суретке түстік», - деп алған әсерімен бөлісті Сәбит Мұқанов музейіне экскурсияға келген Благовещенка 2-орта мектебінің оқушысы Мақпал Наурызқұлова.

Музей аумағында қонақ үй, қазақы шошала мен, демалуға арналған күрке бар. Кіреберіс алаңқайда жазушыға арналған ескерткіш орнатылған. 1990 жылы қойылған тас мүсіннің көптен бері күрделі жөндеу көрмегені аңғарылып тұр.

Фото: автордікі


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер