Өлім шақырушылар кім? - Жәдігер|01 Қаңтар 2012, 00:00
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Өлім шақырушылар кім?

Астана. 20 қараша. BAQ.kz «Үлкен террордың» басталуы 1937 жылдың 5 тамызы деп есептеледі. Бұл – Сталиннің «антисоветтік элементтерді» құрту туралы бұйрыққа қол қойған күн. Осыған орай политбюроның арнайы шешімімен әр республика бойынша репрессиялануға тиісті адам басына «квота» белгіленді.  

Жергілікті пария органдары мен НКВД басқармалары бұл шешімді өлермендікпен жанталаса орындап жатты. Тіпті көпшілік аймақтардан Сталин мен Халық комиссары Ежовтың атына «өлім лимитін» өсіріп белгілеп беру туралы өтініш-хаттар үздіксіз ағылды.
Көзсіз конвейер дүрілдеп жұмыс істеп кетті – «ерекше үштік» ешқандай сотсыз, тергеу-тексеріссіз кез-келген жанды ату жазасына кесіп немесе абақтыға жаба салатын болды.
Біздің қолымызға Ресей мемлекеттік орталық мұрағат қорында сақталған ОК Саяси бюросының 31.01.1938 жылғы отырысы бойынша №57 хаттамасының электрондық көшірмесі түсті. Бюро шешімі «бас қасапшы» Ежов жолдасқа, обком, өлкелік комитеттер, ұлттық компартия ОК төрағаларына арналған. Енді Саяси бюроның шешімін сөзбе-сөз аударып берейік:
48.-Антисоветтік элементтерге жөнінде.
а) КСРО НКВД-ның қуғын-сүргінге жататын бұрынғы кулактардың, қылмыскерлердің және кеңестерге қарсы белсенді элементтердің төмендегідей өлкелер, облыстар және республикалар бойынша қосымша санын бекіту жөнінде ұсынысын қабылдады:
1) Армян КСР –1-ші категория бойынша 1000 адам және 2-ші кат. бойынша 1000 адам;
2) Белорусь КСР – 1500 адам, --------- ;
3) Украин КСР – 6000 адам, ---------- ;
4) Грузин КСР – 1500 адам, ---------- ;
5) Әзірбайжан КСР – 2000 адам, ---------- ;
6) Түркімен КСР – 1000 адам, ---------- ;
7) Қырғыз КСР – 500 адам, ---------- ;
8) Тәжік КСР – 1000 адам, 500 адам;
9) Өзбек КСР – 2000 адам, 500 адам;
10) Қиыр Шығыс өлкесі – 8000 адам, 2000 адам;
11) Чита облысы – 1500 адам, 500 адам;
12) Бурят-Моңғол – 500 адам, ---------- ;
13) Иркутск облысы – 3000 адам, 500 адам;
14) Краснояр өлкесі – 1500 адам, 500 адам;
15) Новосібір облысы – 1000 адам, ---------- ;
16) Омбы облысы – 3000 адам, 2000 адам;
17) Алтай өлкесі – 2000 адам, 1000 адам;
18) Ленинград облысы – 3000 адам, ------------;
19) Карель АКСР-і – 500 адам, 200 адам;
20) Калинин облысы – 1500 адам, 500 адам;
21) Мәскеу облысы – 4000 адам, -------------;
22) Свердлов облысы – 2000 адам, ------------;

б) КСРО НКВД жоғарыда аталған өлкелер, облыстар және республикалар бойынша барлық операцияларды 1938 жылдың 15 наурызынан, Қиыр Шығыс өлкесі бойынша1938 жылдың 1 сәуірінен кешіктірмей аяқтасын.
в) Осы қаулыға сәйкес жоғарыда аталған өлкелер, облыстар және республикалар бойынша бұрынғы кулактардың, қылмыскерлердің және кеңестерге қарсы белсенді элементтердің істерін қарауға қатысты үштіктің жұмыстары ұзартылсын.
Басқа өлкелер, облыстар және республикалар бойынша үштіктің жұмыстары 1938 жылдың 15 ақпанынан кешіктірілмей аяқталсын, оған дейін тиісті өлкелер, облыстар және республикаларға қатысты белгіленген лимиттер бойынша барлық істер бекітілген мерзімге сәйкес қаралып бітсін.
ОК хатшысы

Бұл тарихи құжат. Ойдан шығарылған, әйтпесе өз жанымыздан қосқан ештеңеміз жоқ. Адамның қан көргенде араны ашылып кете ме, әлде қызыл жендеттердің бойында о бастан қанпезерлік мінез бар ма, әйтпесе жоғарғы жақтың бұйрығын дұрыс орындамады деген айыппен өз басына қауіп төнер деп ойлағандықтан ба, әйтеуір жергілікті жерлердің партия және атқарушы билік басшылары, НКВД бастықтары Сталин мен Ежовтың атына өз өлкелерінде құртылуға тиіс «жат элементтердің» көптігін айтып, сондықтан «өлім лимитін» көбейту туралы жиі хат жазып тұрған. Бас жендеттердің атына №1080 шығыс нөмірімен бекітілген сондай бір хат 1938 жылдың 25 тамыз күні Иркутскіден түседі.Онда : «Облысты бірінші категорияға жататын троцкистік-оңшылдардан, ақгвардияшылардан, панимоңғолдардан, контрреволюциялық-жаушыл элементтерден, колчактықтардан, харбиндіктерден, эсерлерден, кулактардан тазарту үшін БКП(б) ОК-нен Иркутск облысы бойынша бірінші категория бойынша лимитті 5 мың адамға көбейтуді сұраймыз». Жеделхатқа БКП(б) Иркутск обкомының хатшысы Филиппов, НКВД бастығы Малышев қол қойған.
Міне, кеңестік басқару жылдарында өз халқына өлім шақыртқан мұндай сорақы бұйрықтар мен жарлықтардың талайы қабылданып, талайы жергілікті жерлерде айуандық құштарлықпен жүзеге асырылып жатқанына Құдай куә. Сөйте тұра, әлі де болса арамыздан «кеңестік заман қандай жақсы еді!» деп өткенді аңсайтын кермінездердің табылып қалатынына қайран қаласың.
Дәулетқали Асауов
 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер