Құны ғасырлармен өлшенетін қос шапан - Жәдігер|01 Қаңтар 2012, 00:00
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Құны ғасырлармен өлшенетін қос шапан

Астана. 15 қараша. Baq.kz-Бүгінде Астана қаласындағы «Назарбаев орталығының» «Қасиет» залында қатар орналасқан Қаздауысты Қазыбек бидің алтын жіппен тігілген шапаны мен Абылай ханның асыл зерлі қамқа шапаны мұражайға келуші көрерменнің көзайымына айналған(Суретте: қайта жаңартылғанға дейінгі Қаздауысты Қазыбектің шапаны).

 

Заманында қара қылды қақ жарған аузы дуалы Қаздауысты Қазыбек бидің иығына жабылған алтын зерлі шапанды осыдан үш-төрт жыл бұрын «Назарбаев орталығына» атақты бидің алтыншы ұрпағы Қарқаралы ауданының (бұрынғы Егіндібұлақ) Едірей ауылында(Мәди) тұратын Алтын Қожахметов ақсақалдың өзі табыстаған еді (Ата тарауы бойынша: Қазыбек би – Бекбо¬лат би – Тіленші – Берлі – Бажан – Қожахмет – Алтын).
Бабаның ұрпақтары атадан балаға мирас болған құнды жәдігерді үш ғасыр бойы көздің қарашығындай аса қастерлеп сақтаған. Небір қиын замандарда да, үркіншілік, жоқшылық жылдар өтті. Бірақ, аруақты атаның ұрпақтары асыл мұраны аман-сау сақтап қалды. Әсіресе, «сендерді адам қылған орыстар» деген мемлекеттік идеологияның дүрілдеп тұрған шағында, ұлттық тарих туралы көлденең сөз айтқан адамдардың қай-қайсы да қуғын-сүргіннен аман қалмасы анық еді. Ал, қазақтың Ресеймен терезесі тең жағдайда тұрып сөйлескен заманында мемлекеттікті қалыптастырған ұлы үш бидің бірі болған Ұлы бабаның алтын зерлі шапанын жасырып ұстау – үлкен ерлік. Сондықтан, өте қысылтаяң шақтар туғанда шапанды жерге көміп тыққан кездер де болыпты.
Уақыт – бәріне төреші. Қайсы мәңгілік дүниенің де тозығы жетеді. Мақта-мата түгілі өз уақытымен темір де тозады. Оның үстіне Бабаның киімін ұрпақтары қанша қастерлеп сақтады дегенмен, оны әдістенген қор сақтаушы мамандар арнайы күтімде, арнайы технологиялық, температуралық режим сақталған бөлмеде ұстамаған соң, жарамсызданатыны даусыз. Қаздауысты Қазыбек бидің шапан тапсыруға әкелінгенде бүлуніге әбден шақ қалған екен. Оның үстіне кейбіреулер әр жылдары қазақы жолмен ырымдап шапанның әр жер-әр жерінен жырымдап кесіп алып қалған. Сондықтан, құнды жәдігер бастапқыдағы қаз-қалпында сақталмағандықтан, реставрация жұмыстарын жасауды қажет етті. Бидің шапаны «Назарбаев орталығына» жеткізілгеннен кейін көп кешікпей бұйымды жаңарту, қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
Қазіргі күні Қаздауысты Қазыбек бидің қайта жаңғыртылған шапаны «Назарбаев орталығының» «Қасиет» залында Абылай ханның асыл зерлі қамқа шапанымен қатар тұр. Шапан парша, мақта-матадан тігілген. Жалпы ұзындығы 135см, жеңі 70, ал жағасының ұзындығы 122 см құрайды. Өн бойына құмыра, құс қанаты, өсімдік тектес өрнектер алтын, күміс жалатылған мыс жіптермен астарланған.
Әлбетте, Қаздауысты Қазыбектің алтын зерлі шапаны Абылайханның асыл зерлі қамқа тонымен қатар орналаса қалуының өзі үлкен символикалық мәні үлкен. Бәрінен бұрын осы қос асыл мұраның шамамен бір уақыттарда табылып, мұражайға тапсырылуының өзі адамды тылсым сырларға жетелейтін шығар. Абылайдың шапанын Байдалы бидің ұрпағы Хамза Сәтжанов табыс еткен. Ол күн сәулесінің шашақтары кейпіндегі алтын қюлармен өрнектелген қызыл-күрең барқыттан тігілген. Абылай шапанын хан қайтыс болған соң, Айғаным ханшайым аманат бойынша ру атасы, қадірменді би Байдалыға сыйлаған. Содан ол атадан балаға мирас болып бүгінде Байдалы бтидің ұрпағы Х.Сәтжановтың қолына жеткен.
Қаздауысты Қазыбек – шамамен 200 жылға созылған қазақ-қалмақ соғыстарының аса шиеленісті кезеңіне жеткен замандарда халықтың арқа сүйер ақылман үш биінің бірі болған, Абы¬лайханды қалмақтың тұтқынынан босатып алған асқан мәмілегер,Орта жүзді қазіргі Арқадағы жеті облыстың жеріне қоныстандырған кемеңгер, сөздің шешені, елдің көсемі болса, Абылай хан – ауызбіршілігі кеткен елдің басын қосып, қазақтың ата жауы – қалмаққа қайта тұрмастай қылып шешуші соққы берген, Үш жүзге бірдей билігі жүрген қазақтың ең соңғы ханы. Қазақ тарихындағы орны толмас осы екі тұлғаның бір кездері бекзат иықтарына ілінген қос шапанның Астана қаласындағы «Назарбаев орталығы» мұражайы үйінен қатар орын алуы өте тебіреністі көрініс. Қос шапанның қатар орналасуының символикалық мәні үлкен деуіміздің себебі сол. Қос шапанның құны жоқ, ол тек ғасырлармен өлшенетін ғана мұра.
Дәулетқали Асауов
 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
28 Желтоқсан 2018, 20:48
Құны түскен атақ
Пікірлер