«КӨЗ» - Жәдігер|01 Қаңтар 2012, 00:00
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«КӨЗ»

Астана. 14 қараша. Baq.kz-Астана қаласындағы «Назарбаев орталығы» мұражай орталығында қазақ халқының зергерлік өнеріне арналған зал бар. Онда ұлтымыздың өмір дәстүрінде ғасырлар бойынан жалғасып келе жатқан сәндік-әшекейлік бұйымдар мен әдет-ғұрыптық рәсімдерге арналған жәдігерлер жинақталған. Көрмеде 17-18 ғасырдың дүниесінен бастап күні бүгінге дейін күнделікті тұрмыста қолданылатын заттар қойылған.

 

Халық арасында түрлі бағалы тастардан жасалатын әшекейді көз немесе тас деп атайды. Мұндай метафора тегінен-тегін емес. Өйткені сырға, сақина, әйтпесе басқа да бір сәндік бұйымға салынған тас әшекей тылсым күшке ие, адамды көз тиюден сақтайды, теріс энергияны өзіне тартып алады деп сенген. Халық арасында әр тастың ерекшелігіне байланысты әртүрлі түсінік-таным бар.
Ақық (бирюза) – жүрек тынысын қалыпқа түсіріп, адамды қорғаншақ, сасқаншақ болудан құтқарады. Жауды жеңуге көмектеседі. Інжу  – ақ шел, сүйел, ноғаланы емдейді деген түсінік бар. Маржан – көз тиюден және дұға мен үшкіруден қорғайды. Кәріптас (янтарь) зоб ауруын(алқым ісу) жазады. Тана(перламутр) – меруерттен істелген құлпырмалы асыл зат) – біреудің қарғысын сөзінен қорғап, адамға өмірлік күш береді. Қазақтардың арасында, әсіресе, күмістің адам жанын тазартатын, жаңғыртатын тылсым күшіне деген сенім күшті.
Сондай-ақ, сәндік бұйымға тапсырыс беруші мен оны жасаушы шебер әшекейдің пошымы мен зеріне де үлкен маңыз берген. Мәселен, адамның балалы-шағалы болуына, өсіп-өнуіне тілектестік ниетінде «бойтұмар» пішіндес бұйымдар жасаған.Ондай бұйымға қапсырма, белбеудің айылбасын жатқызуға болады.
Ертеректе қазақтар бұйымның ой-өрнектеріне де аса маңыз берген. Мысалы, әшекей заттарына күн бейнесін салу – о бастан жасампаздық негізден бастап өнімділікті, тазарту күшін, таусылмас энергияны көрсетеді.
Қазақ зергерлері бұйымға әшекей мен өрнектер сала отырып, оның уақыттық өлшемін, бағалы тастың қасиетін ашып көрсетуге маңыз береді.  
Қазақстанда және Орта Азияда зергерлік бұйымдар ұлттық киімдердің ажырамас бір бөлшегі болды және ол әйел адамдың өмір бойғы «серігі» болды. Сондықтан сәндік бұйымдар, оның саны, металл құндылығы оның иесінің әлеуметтік жағдайы мен материалдық жағдайының өлшемі болды. Қазақ зергері үшін тас – ең алдымен, адамды түрлі пәле-жалалардан қорғап тұратын ұлы тылсым күштің қайнар көзі. Бұл жерде жалпы , тұтастай алғанда, қазақ халқының түсінігінде зергерлік бұйымдардың магиялық-қорғаныс қасиеті бар деп қабылдайтынын айта кету керек.
Мәселен, қазақ күмісті айға балайды. Баланы шомылдырғанда суға күміс тастайды. Бұл баланың күші күмістей жарық болсын деген ниеттен туған. Сондай-ақ, сұлуды суреттегенде де «қақтаған ақ күмістей ашық маңдай» деп жатады. Басқа металдарға қарағанда қазақ тұрмыстық заттарға да, әшекей бұйымдар үшін де күмісті көп қолданады. Қазақ үшін күміс ерекше күшті, ерекше таза металл. Ертеде бойжеткен қыздар мен жасөспірім бозбалалардан бастап еңкейген кәріге дейін күмістен сақина, жүзік, білезік, басқа да әшекейлер таққан. Ер қанаты – ат әбзелдерін күміспен әшекейлеген. Ер қаруы – бес қаруды күміспен күптеген. Қазақ өмірінде күмістен кейін ең көп қолданған алтын, сосын жез. Айта кету керек, бүгінде қазақ жастарының арасында күмістен әшекей тағыну, күмісті құрметтеу дәстүрі қайта жаңғырып келе жатқаны қуантады.
Зергерлік бұйымдар сәндік қызметпен бірге салт-дәстүрлік ғұрыптарды атқару үшін қолданылған.Сондықтан оның әдемілігімен, көз тартымдылығымен бірге белгілі бір идеялық-діни-танымдық формаға, қағидаларға сай жасалуына қадағалаған.
Көшпелі жұрт белдік әшекейі мен материалына аса мән берген. Белдіктің жасалу түрі мен материалына қарай өз орнымен қолданылған, әр түрлі аталған. Той-салтанатқа тағатын белдік басқа да, аңға шығатын, күнделікті тұрмыста тағынатын белдік басқа. Ерлердің белдігіне қарағанда әйел белбеулері барынша нәзіктікті паш етіп, қымбат тастармен көмкерілген.
Сөз соңында айтарымыз, қазақ зергерлік дәстүрі – бұрынғыдан, сақ-ғұн замандарынан келе жатқан зергерлік өнердің жаңартылған түрі. Бағалы тастардың тылсым күшіне сену де сол замандардан қалған дүниетаным.
Дәулетқали Асауов

 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер