Қазақтар туралы түпнұсқалық - Жәдігер|01 Қаңтар 2012, 00:00
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қазақтар туралы түпнұсқалық

Астана. 21 қараша. Baq.kz-Парсылық тарихшы Қожа Маулан Исфахани 1458 жылы Хунджи қыстағында туған. Кейін ол Фазлаллах ал-Амин ибн Рузбехан ал-Хунджи аш-Ширази ал-Исфахани деген есіммен белгілі болды. Ғалымның 1509 жылы жазған «Михман-наме-йи Бухара» («Бұқар мейманының кітабы») атты еңбегінің кей тарауларында қазақ халқының XVI ғасырдағы тарихи оқиғаларынан да маңызды деректер келтіреді.

 

Бұл қолжазбаның маңыздысы сол, автор қазақтың жеке халық болып Ақ Ордадан бөлініп шыққан алғашқы кезеңдерінен құнды дерек береді. Ол былай дейді: «Бұрындық хан (885/1480-917/1511) – хан қазақ хандарының ішіндегі ең үлкені және ол жорыққа аттануға ұран тастағанда атымен, қаруымен 400 мың сарбаз бір мезетте жинала алады»,– дейді. Ал, енді, нақ осы Бұрындық, Қасым, Хақназар хандардың тұсында қазақ хандығы ең бір дәуірлеп тұрған заман орнағаны, соғысқа шыққанда 400 мыңға дейін қол жинай алатын қуаты болғаны тарихтан белгілі. Ол туралы тіпті көркем әдебитте, мысалы Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» 3-томдық тарихи триологиясында да жақсы суреттелгенін оқырман білер. Яғни, Қожа Маулан Исфаханидың тарихи жазбасы сол замандағы қазақ елінің нақты жағдайын айғақтап тұр.
Автор қазақтың әлеуметтік жіктелуі туралы былай дейді: «Дешті-Қыпшақтың көшпелі тайпаларының басында «ақ сүйектер» тұрды: хандар, сұлтандар, оғландар. Ал бахадүрлер, билер, тархандар және т.б жергілікті тайпалардың жоғарғы тектілері, яғни «қара сүйектердің» көсемдері»(Ахмедов 1965: 88). Бұл жерде автордың не айтпағы кез-келген қазаққа түсінікті. Яғни хандар, сұлтандар, оғландар – Шыңғысханның тұқымдары да, ал кейінгілер – қарадан шыққан атақтылар.
Қожа Маулан Исфахани көшпенділер мемлекетінің құрылысы мен принципі Шыңғысхан, Батый және Темір заманындағы қалыбын сол баяғы қаз-қалпында сақтағанын айтады. Мұнан әрі әскер құрылысын суреттейді: әскер оң мен сол қанаттан және негізгі маңдайалды шабылдаушылардан тұрды. Қарауыл сарбаздары жеке. Әскер құрылымы жекелеген ру-тайпалық бөлініс бойынша жасақталды. Соғыс жағдайында сарбаздар бүкіл қазақ иелігінен жиналды. Саны бірнеше жүздік нөкерлер тұратын тұрақты жасақтар тек хандарда, сұлтандарда және ру басшыларында ғана болды.
Көшпенділерде әр ер адам сарбаз деп саналды. Әрі әскери-көшпелі өмір салты оларды жауынгерлік өнерге әбден бейімдеп тастаған. Көшпелілердің кез-келгені ұрыс қаруларын шебер меңгерген және әбден шыныққан жауынгер. Олар өз көсемдері ұран тастағанда бес қаруын сайлап бірден атқа қонады. Соғысқа қажетті қаруларын, ауыстырып мінетін атын және азық-түлігін өзімен бірге ала келеді. Жорыққа аттанғанда көшпенділер алдын-ала барлау жүргізуге өте үлкен мән береді. Қожа Маулан Исфаханидың айтуынша, барлаушылар тек «тіл» ғана әкелмейді, сонымен қатар жаудың орналасу ерекшелігі мен жері, әскер саны, т.б өзгешеліктері мәлімет жинайды.
Парсылық тарихшының қазақтардың жаумен соғысуы туралы жазғаны да оқырманның қызығушылығын оятар деп ойлаймыз. «Қазақ ұлыстарында мынандай дәстүр бар: егер ұлысқа жататын бір руға сырттан жау шабуыл жасаса, онда ұлыстың басқа рулары бәрі қосылып ұлысқа ортақ аумақ пен мал-мүлікті, туған-туыстарын қорғап қалу үшін қолдарындағы ерекше табандылықпен, құлшыныспен және жанқиярлықпен ұрысқа түседі. Бірнеше отбасыдан тұратын немере туыстас әр буынның басында отағалары тұрады. Егер жауға тойтарыс беру үшін қазақтардың барлық күші біріксе және бір жерге жиналса.., онда оны жеңу қиын» (Ахмедов 1965: 108).
Міне, батыр бабаларымыздың жаугершілік өнерін, ауызбіршілік қасиетін сырт көз қалай суреттеген. Қазақ осы қасиеттен қашан айырылып қалған? Мүмкін, әлде бойымызда соның бір жұқанақ-жұрнағы жүрген шығар?! О баста қанда бар қасиеттің түп-тыянағы қалмай жоғалып кетуі мүмкін емес қой.
Қазіргі күні «Михман-наме-йи Бухара» үш тізіммен сақталған. Оны қолжазбалық түпнұсқалығы Өзбекстан Республикасы ҒА Әбу Райхан Беруни атн. Шығыстану институтының қолжазбалық қорында № 1414-мен сақталған. XVI ғасырдың тізімінде ақау көп. Барлығы 173 бет. Ал түпнұсқалықтың 1939 жылы Адылов жасаған көшірмесі осы қордың №5885 нөмірімен сақталған. Қазақ тарихына қызығушылық танытқан, ел өмірінің өткеніне қанығамын деген адам осы қордан қазақ тарихына қатысты көп нәрсені табары сөзсіз.
Дәулетқали Асауов


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер