Қаракерей Қабанбайдың қолтырмашы - Жәдігер|24 Тамыз 2016, 17:40
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қаракерей Қабанбайдың қолтырмашы

Алакөлдің айналасында, әсіресе Шығыс өңірінің Үржар ауданына қарасты Жарбұлақ, Қарабұлақ ауылдарында Қаракерей Қабанбай батырдың бірқатар ұрпақтары тұрады. Оларды шежіремен жөн сұрасқанда Қожақұл елі деп атайды. Қожақұл – «Хан батыр», «Дарабоз» атанған әйгілі Қаракерей Қабанбай батырдың әкесі.

Міне, осы Қабанбайдан тараған ұрпақтың қолында қас батырдың тұ­тынған заттары әлі күнге дейін қастерлі дүние ретінде сақталып келеді. Мәселен, Қарабұлақ ауылының тұрғыны, мал дәрігері болып еңбек ететін Жұмай Жын­сановтың шаңырағында батыр ба­баның қолтырмашы сақталған екен. Жұмайды ауылдастары «Ормаш» деп таниды. Ормаштың әкесі Мұхаметқалидың, анасы Манардың да руы – Қожақұл. Оның ішінде Қабанбайдың Кішкентай Сырымбет деген бұтағынан тарайды.

Жуырда батыр бабаның қолтырмашын көрудің сәті түсті. Үй иесі ақ бәтестен ті­гіл­ген қалтаға таспиқпен бірге салынған жә­дігерді кебеже сандықтан алып шықты. Мәпелеген жәдігерден атадан балаға мұраға қалып келе жатқан қастерлі дүние екенін байқайсыз. Біз де қас батырдың ұлы денесін қорғаған қолтырмашты аялай ұстап, айналдыра қарадық. Төңкергенде ортасы сәл шұңғылдау, сыртынан дөңестеу болып келетін дөңгелек табақ іспетті екен. Болаттан құйылған қолтырмаштың бір жақ шеті айдың қиығы сияқты кертіліп жасалған. Шамасы, шебер ат үстіндегі ұзақ жорықта қолтықты қажамау жағын ескерген секілді. Сауытқа берік жіппен бекіту үшін қолтырмашты жағалай он екі тесік түсіпті.

– Бұл қолтырмаш Қабанбай атамыздың жорыққа киген сауыт-сайманының бір бөлігі. Қолтығының астынан киілетіндіктен «қолтырмаш» аталған. Әкемізден естуімізше, қарсы келген жаудың сілтеген найзасын тайдыру, қабырға мен қолтықтың астын жау жарағынан қорғау мақсатында жасалған. Мұны әкем Мұхаметқали Жынса атасынан алып қалған екен. Жынсаға Көксеген, Итжан, Шоңмұрын, Пұшық, Монтыш деп жалғасатын арғы бабаларымыздан жеткен. Қабанбай атамыз қайтыс болғанда сауыт-сайманы мен ұстаған дүниесін жақын ағайындары бөліп алыпты. Біздің аталарымызға осы қолтырмаш тиген. Бала күнімде үлкендердің үйге осы қолтырмашты іздеп келетіні есімде. Өйткені, ел ішіндегі шошынған, қызып ауырған, көзіне ақ түскен немесе бала көтермеген кісілер қолтырмашты басына жастап ұйықтаса, дертіне шипа тауып жататын. Бүгінде үлкендердің қатары сиреді. Кейінгі жастар батыр бабамыздың бұл қасиетті дүниесін біле бермейді, – дейді Ормаш Мұхаметқалиұлы.

Қолтырмашты осыдан бір-екі жыл бұрын Астанадағы Қабанбай батыр кесенесіне сұраған екен. Алайда ұрпақ­тары бабадан қалған мирас ретінде өз әулеттерінде сақтағанды жөн көріпті. Соңғы жылдары Қаракерей Қабанбай батырдың дулығасы Алматы облысының Үшарал ауданынан, дәрет алған шылапшыны Қытайдан табылған болатын. Батыр бабадан қалған асыл мұра қатары осылайша толығып келеді.

egemen.kz


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер