Дала күнтізбесі: Қазақтардың табиғатпен етене байланысы - Жәдігер|02 Тамыз 2016, 10:07
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Дала күнтізбесі: Қазақтардың табиғатпен етене байланысы

Қазақ халқы атамзаманнан бері аттың жалы, түйенің қомында жүріп, байтақ даланың ұлы өркениетін жасады. Қарына найза іліп, санына садақ байлап, батыстан шығысқа, оңтүстіктен солтүстікке көшіп-қонып жүріп-ақ табиғат анасының қыр-сырын, мінезін меңгеріп, тілдесе білді.

Далақы көшпенділер өркениетінің байыбына бару үшін – арнайы ғылыми-зерттеу институтының айналысар жұмысы десек артық болмас еді. Көнекөз қариялардың аспанға қарап-ақ жеті қараңғы түнде адаспай көш бастап, дала сырын меңгеруі кімді болмасын таңдандырмай қоймайды. Төменде қазақы астрономияның жілігін шағып, майын ішіп жүрген зерттеушілердің бірі Түркістан Қайысбайұлының материалын ұсынып отырмыз.

Қазақтың табиғат жөніндегі білімдері мен жыл есебін шығару қағидалары

Кіндігі сахарада кесілген қазақ халқы ұзақ ғасырлар бойы ұлан-байтақ кең далалы аспан асты, табиғат құшағында мал шаруашылығы мен шұғылдана жүріп аспандағы күн, ай, жұлдыздардың қозғалысын бақылап, жыл мен маусымдардың ауысуы, күн мен түннің ауысуы, айдың жаңалануы сияқты табиғат құбылыстарында белгілі заңдылық барын сезінді, әрі осы құбылыстар жер бетіндегі ауарайында да түрлі өзгерістерді тудыратындығын білді.

Сонымен адамдар арасында зерделі аспан әлемі жөніндегі мамандар, есепшілер жарыққа шықты. Олар қазақтың байырғы жыл есебі, айдың тоғыс есебі мен жұлдыз есебін қалптастырып, оны ұрпақтан- ұрпаққа жалғастырып, кемелдендіріп отырды. Осы жыл есебі арқылы жылдарды, маусымдарды, айларды айырумен бірге, жер бетіндегі ауарайы өзгерісінен алдын ала болжал жасайды. Соған сәйкес, өздерінің мал шаруашылық өндірістік қимылдарын орналастыратын болды. Мысалы, жайлауға қашан көшу, күзеу, қыстауларға қашан бару, күйекті қашан байлап, қашан алу, малды қай кезде төлдету және қой қырқу, пішен шабу, егін егу, соғым сою сияқты толып жатқан өндірістік жұмыстардың уақытын белгілеу мен осы мезгілдегі түрлі табиғат, ауарайы өзгерісінен алдын ала болжал жасап, соған сай дайындық қамында болып отырды. Егер осы есептерден жаңылыс болса, онда ауыр апатқа, шығынға ұшырайтыны сөзсіз. қазақ халқының аспан әлемі, табиғат жөніндегі білімдері мен жылдар есебін төмендегідей бір қанша жақтан жинақтауға болады.

Жыл мен маусым

Қазақ жыл есебінде жаз бен қыстың бір-біріне ауысуын бір жыл санайды, бір жылда 12 ай, төрт маусым (төрт тоқсан), 48 апта, 360 күнге айырады. Осы жылдардың айналып келуіне қарай 12 жылды бір мүшел санап, оның айналу ретіне қарай хайуандардың атымен тышқан, сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңыз жылдары деп атаған. Жыл мүшелерінің қайталап айналып келуіне қарай адамдардың жасын айыруға, адамдар өміріндегі елеулі белеңдерге көңіл бөлуге пайдаланудан сырт, сол бір хайуан атымен аталған жылдардың қатты-жұмсақ, жайлі-жайсіз болуына немесе ауарайы өзгерісіне қарай сол жылғы малды қоныстарға жайлап орналастырып, қыс өткелінен аман өтудің дайындықтарын істеп отыратын болған. Өйткені кейбір мүшел жылдардың жылы жайлы, жазы шөпті, қысы жұмсағырақ өтеді. Апат аз болады. Ал, кейбір мүшел жылдары жайсыз болып, жазы қуаңшылық, қысы қарлы-боранды, суық болып, мал мен адамдарға қатты тиеді. Тіпті, мал қырғындалып апат туылады. Сондықтан есепшілер мүшел жылдардың айналып келу алдында болжам жасап, алдын ала қамдала бастайды. Адамдадың «жылан ысқырып шығады», «жылқы осқырып кіреді», «жылқы жылың ілгері» дейтін тәмсілдері сол жылдардың сипатына қаратылса керек.

Бір жылды наурыз айы (бірдің айы), көкек айы (сәуір), мамыр айы, маусым айы, шілде айы, тамыз айы, қыркүйек айы (мизан), қазан айы, қараша ай, желді айы (желтоқсан), қаңтар айы, ақпан айы, (үштің айы) деген түрлі аттар мен атап 12 айға, бір жылдың әр бір үш айын бір маусым (тоқсан) деп, бір жылды төрт маусымға бөлген. Мысалы, жаз маусымы – шілде, тамыз, қыркүйек (мизам), күз маусымы – қазан, қараша, желтоқсан айлары, қыс маусымы – қаңтар, ақпан, бірдің айы, көктем маусымы – көкек, мамыр, маусым болады.

Қазақ мал шаруашылығы өмірінде осы маусым, айларды айыра білу мен олардың айналып келу райын бақылай білуі адамдардың тіршілік тұрмысы мен малдың өндірістік жұмыстарын орналастырып, маусымға қарай қоныстарына қондырып, жазда күйлендіріп, қыстан аман өткізуде төтенше реалдық маңыз алады. Сондықтан, қазақ халқы осы айлардың келетін мезгілі мен ауарайына қарай оларға түрліше сипат берген. Мысалы, бірдің айын (наурыз айы), бірішек айы, сүрінің айы және қасқырдың жерік айы, көкек айын (сәуір) көк ішек айы, шөпек айы, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер айы, елдің қыстаудан көшетін айы, мамыр айын май ішек, төлдем айы, маусым айын май піспек айы, шілде айын үркердің жерге түскен, үркерсіз айы, мизам айын қыркұйек, күйек байлайтын, орма масақ айы, қазан айын күзем айы, қараша айын жамау-жасқау айы, желді айын (желтоқсан) тоқты тоймас, шөміш кеппес, қаңтар айын соған айы, ақпан айын (үштің айы) күштің айы, қасқырдың үйік айы деген сияқты сипаттар мен бейнелейді.
Есепшілер жаз есебін күн мен түннің көктемгі теңелу күнінен (наурыздың 22 күні) бастайды немесе үркер төмен түсіп таразы жұлдызы туғанға дейінгі аралықты жазға жатқызады. Ал, қыс есебін күн мен түннің екінші теңелуі –екінші тоғыс мизамнан (тамыздың 2 күнінен) есептеп яғни, сүмбіле жұлдызы туып үркер көкке көтерілген уақытты қысқа жатқызады.

Қазақ жыл есебінде жылдың басы бірдің айы немесе наурыз айы деп санайды. наурыздың бірінші күні (21 немесе 22 күні) күн мен түн теңеліп қыстың суығы қайта бастайды. Қазақ халқы сол күнді «самарқанның көк тасы еріген күн», «ұзақ ұшып келген күн», «жыл басы жылқышы торғай, (наурыз көк) келген күн», «көк құт (өсімдік) көзін ашқан күн», «ұлыстың ұлы күні – ұлыс күн» деген сияқты көптеген жақсы сөздер қалтырған.

Наурыздың алғашқы күні (қызыр түні) «береке басынан басталады», «жыл бойы ақ мол, дән тасқын-тасқын, жауын-шашын көп болсын» деп үй сайын қысқы сақтаған сүрілерін бидай, арпа, тары, бұршақ тағы басқада дәндерді дайындап, қазан-қазан көп көже істеп, қыдырып ішіп, сол жылға, елге жақсылық тілеп, «Ұлыс береке берсін, төрт түлік ақты болсын, жыл басы жақсы болсын» деген сияқты тілектер айтысып масайрайтын болған. Сонымен бұл дәстүр қазақтың наурыз мерекесіне айналып, әр жылы осы күнді мерекелеп отыратын болған.

Есепшілер наурыз күні қар жауса «Нұр жауды, туар жыл жақсы болады» деп есептейді. Наурыз күні жауған қар үстіне құмалақ тастағанда қар бетінде қалса, көктем 40 күн кешігеді, егер құмалақ қар бетіне бармақ бойы батып кетсе көктем ерте туады деп межелейді екен.

Қазақ есепшілері күн мен түннің қысқару, ұзаруын да бақылап, «шілде де күн шыл адым қысқарады» (шілденің 22-інен бастап қысқаруы), «қаңтарда күн қарға адым ұзарады» (қаңтар айының 22-інен бастап ұзаруы) деп есеп жасайтын болған. Мұндай күн мен түннің теңелуін, қысқаруын, ұзаруын дұрыс межелеу адамдардың тұрмысы мен өндіріс жұмысында реалдық маңызға ие. Әрине, сол бір ғылым-техника дамымаған дәуірлерде, адамдардың әлем жөніндегі танымдарында дүдәмал жақтарының болғандығы шындық. Мысалы, күн айналып, шығыстан шығып, батыстан батады, жаңа ай батыстан туып, батыстан батады, жер айналмай, тек күн мен ай ғана қозғалады-мыс. Әлем жөніндегі бұл сырларды қазіргі заманғы астрономия ғылым мамандары әлде қашан ашып тастаған.

Жершарында не үшін төрт маусым (мезгіл) – көктем мезгілі, жазы ыстық, күзі салқын, қысы суық болады? Күн, жер, ай қайсысы қайсысын айналады? айдың толуы мен жаңалануы қалай болады? қазіргі заман астрономия ғылымының түсіндірінде: жер өз өсін айналу мен бірге күнді айналады, яғни жершары орбита жазықтығы мен 33.66 градустық бұрыш жасап күнді айналады. Күнді айналу барысында жер өсінің қиғаштық бағыты мүлде өзгермейді. Сондықтан, күн нұрының түсу центрі жыл бойында жер шарының өңтүстік беті мен сөлтүстік бетіне жөткеліп тұрады делінген.

Біз жершарының солтүстік жарты бетіне орналасқандығымыз үшін, жаз маусымында (әр жылдың маусымының 21немесе 22 күніне) күн нұры жер шарының сөлтүстік жарты бетінің 27.23 градустық ендігіне түседі. Ал, жаз маусымы өткеннен кейін күн нұры біртіндеп жер шарының өңтүстік жарты бетіне қарай ауытқып өңтүстік ендік 23.27 градусқа түседі де, солтүстік жарты шарда қыс болады. Әр жылы желтоқсанның 21-22- күні).

Осыдан кейін күн нұры қайтадан жер шарының солтүстік жағына (бетіне) ауысып, қыс пен жаз екі жарты шарда осылайша қайталанып отырады. Бір жылда күн нұры екі рет екваторда нөл градусқа түсіп көктем, күз маусымдарына ауысып, жыл бойы төрт маусым барлыққа келіп, олар өзара ауысып тұрады. Маусымдардың ауысуы табиғат дүниесінің гүлденуі мен адамдардың тіршілігі үшін өте маңызды әлемдік құбылыс.

Әлем тылсым әрі шексіз, әлемде миллиондаған планеталар (аспан денелері) бар. Ал күн – құс жолы жүйесіндегі бір тұрақты жұлдыз. Осы құс жолы жүйесінде шамамен 200 миллиарт жұлдыздар бар. Бізге таныс әрі жақын түрі жершары мен ай, осылардың барлығы дөңгелек орбита бойы мен бір бағытта күнді айналып қозғалады. Осылайша жер күнді шәмамен 366 күнде бір рет, ал, жер өз өсін 24 сағатта (бір тәулік) бір айналып шығады. Ай жершарын 30 күнде бір рет айналады.

Күн мен ай

Ертедегі адамдар күн мен айға сиынып келгендігі шындық. Сондай-ақ, күн мен айдың қимыл өзгерісіне қарай сол жылды, сол айды, күн ертеңінің ауарайында қандай өзгеріс болатындығын да болжай білген. Бұл болжалдарын қазірге дейін өзінің тұрмыс тіршілігі мен өндіріс жағдайы үшін пайдаланып келеді.

Күн сары қызғылданып, ыстық, шаңқиып шықса, сол жылы құрғақшылық, ал күн күңгірттеніп, қораланып солғын көрінсе, ол жылы жауын-шашынды болады. Күн сәуле шашып шықса, ол сол жылдың жақсы, молшылық болуынан дерек береді. Мысалы, есепшілердің тәжірибесінде: «Ертеңгі күн құлақтанса, еліңді жау шапқандай қорық, кешкі күн құлақтанса, келінің ұл тапқандай қуан» деп мақалдайды. Расында, күн құлақтанып шықса, не боран, не аяз болады. Күн құлақтанып бататын болса, ауарайы жылыға бейім болатындығы даусыз. «Ай қораланса, атаныңды сайла, күн қораланса күрегіңді сайла» деп ауарайында өзгеріс болатындығына болжал жасап сақтық жасайды.

Егер, жаңа туған ай шалқақ болса, онда сол айдағы ауарайы жайсіыз болып, ол қыс маусымына тура келсе, сол ай қатты суық, жаз маусымына тура келсе қатты ыстық болатындығын болжайды.

Егер, қыс күндері бұлт желге қарай көшсе, онда кешікпей қар жауғаны, бұлт ортасынан ыдыраса, ауа райының бұзылайын дегені, бұлт шетінен ыдыраса, онда ауа райының оңалуы, және оңтүстіктен ұзақ соққан жел бағытын өзгертіп, шығыс жақтан соғар болса ауа райы жақсарады. Ал оңтүстіктен соққан жел бағытын өзгертіп, батыстан соғар болса, ауарайы бүлінді дей бер деп бөлжайды.

Егер бұлт көкжиектен будақ-будақ өркештене көтеріліп, іле-шала көрінбей кетсе, онда қатты жел тұрып, қақаған аяз болмақ. Егер бұлт өркештенген күйі көтеріле берсе, қар қалың болмақ деп болжау жасайды.

Көктемнің алғашқы жаңбырында күн күркіресе, шөп шүйгін шығады. Егер жаз құйынды болса, қыс аязды болады. Жаз найзағайлы болса, қыс малға жәйлі болады, қыс күндері қар жауып тұрып, артынан тұйықсыз шайдай ашылған күнді «алдамшы күн» деп, оның артынан қатты боран болатындығына болжап, малдарын қорадан жай өрістету, жақын өріске жаю сияқты сақтық жасайды.

Қазақ халқы «күн тұтылу» мен «ай тұтылуын» ертеде байқай алған, әрі осы кездегі өзгерісті де қорытқан. Сондықтан «ай мен күн тұтылса, не би өледі, не түйе өледі» деп ырымдап бір жайсыз жағдайдың болатындығы жөнінде мөлшер жасайды.

Айдың толуы мен айдың жаңалануы жөнінде ғылым мынадай түсіндіреді: айдың толуы мен жаңалануы заңды құбылыс. Бұл күн, жершары және ай осы үш аспан денесінің бірін-бірі айналу барысында бір түзуге келіп, өзара көлеңкеленуінен болады.

Ай айналып, күн мен жершарының аралығына келген кезде, айдың күнге қараған беті жарық болады да, жершарына қараған беті қараңғы болады. Сонымен адамдар айды көре алмайды, түн қараңғы болады. Бұл кезде қазақ календары бойынша «жаңа ай» немесе «ай басы» делінеді.

Айдың орны өзгеріп, жершары мен күннің қарсы жағына өтіп, оның жершарына қараған бетіне күн нұры түсіп, ай беті жарық болғанда, сүттей жарық ай көрінеді, әрі осы мезгілдегі түн жарық болады. Бұл мезгіл «толған ай» делініп, қазақ календары бойынша айдың 15-і немесе 16-ына тура келеді. айдың 15-і жарық, 15-і қараңғы дейтініміз міне осылайша келіп шыққан. Жаңа ай мен ескі ай арасын, яғни, екі айдың өзара ауысу аралығын «өлара» дейді. Осы ай арасындағы өлара кезіндегі ауарайы өзгергіш, жауын-шашын көп болады. Қазақ халқы айдың өларасы мен жаңа айдың тууына өте мән береді. Алғаш ай орақтанып көрінген күні айға қарап: «Жаңа ай жарылқа, ескі ай есірке» деп тілек тілеп бетін сипау әдетке айналған.

Қазақ халқының ежелден жаңа туған айды ерекше еске алып, оған тілек білдіріп, ай өларасында ерекше сақтық етуі ешқандай негізсіз емес. Қазіргі заман астрономия ғылымында, жаңа ай мен толға айдың жер бетіне болған тартылыс күші ең күшті болатындығын, осы мезгілде ол ауа райына зор ықпал көрсетумен бірге адамдарға да әсер етіп, адамдардың басы ауыратын, ұйқысы қашып, мазасыздану сияқты жәйсіз жағдайларды тудыратындығы анықталған.

Жұлдыз есебі

Ертеде телескоп сияқты аспан әлемін бақылайтын аспап болмаған жағдайда, қазақ халқы жәй көзбен үнемі бақылау арқылы аспандағы көптеген жұлдыздарды танып, ат қойып, орнын белгілеп, олардың қозғалыс бағытын күзеткен. Мысалы, темірқазық, жеті қарақшы, шолпан, ақ бозат, көк бозат, үркер шоқ жұлдызы, марыс, есекқырған, қызыл жұлдыз, алтын жұлдыз, құйрықты жұлдыз, ақпа жұлдыз, таразы, сүмбіле жұлдызы қатарлылар. Осы жұлдыздардың шығу уақыты, қозғалыс бағытын бақылап, оны адмдардың тіршілік қимылы мен мал шаруашылық көші-қон, өндірістік жұмысында пайдаланды.

Бүкіл қазақ баласына мәлім, сол жұлдыздардың ішінде темірқазық тұрақты, ең жарық жұлдыз болып, оның екі жанында бірі ашық, бірі күңгірттеу «ақбоз ат» пен «көкбоз ат» деген екі қосалқы жұлдыз тұрады. Осы темірқазық жұлдызы ертедегі қазақ халқының бағдар айыратын астраномиялық компасы болған. Түнгі көші-қон, жолаушы жүру, жортуылдың барлығында соған қарап бағытын айырып отыратын болған.

Қазіргі астраномия ғылымында темірқазық жұлдызы солтүстік жарты шардың пулюс нүктесінен бір градустай шалғай орында солтүстікте тұратындығын белгілеген. Ал темірқазық жұлдызының шығысында шөміш тәрізді жеті қарақшы жұлдызы тұрады. Оның сабы темір қазық жұлдызына әр сағатынан он бес градус, алты сағатта тоқсан градус бұрыш жасап жылжиды. Міне, осы заңдылығына қарай оны аспан сағаты ретінде түнгі күзетте, жаугершілік кезде түнгі жортуыл және басқада қимылдардың бәрінде уақыт белгілеу үшін пайдаланған.

Ертеде қазақ халқының тарихында жетіқарақшы жұлдызы туралы мынадай аңыз болған: Жеті қарақшының атаманы Қыран қарақшы үркердің қызы Үлпілдекті аламын деп әбігер болып, Үлпілдек аспанға шығып кеткенде, оны ұстауға сол ауылдың бір батыр жігітінің екі атын мінбесе алмайтын болыпты. Сонымен сол атты ұрлауға алты жолдасын ертіп шыққан екен. Жетіқарақшының алдыңғы төрт жұлдызы жол бастаған төртеуі, артындағы үшеуі олардың жолдастары екен. Сонда күзетші қорыққанынан ақбоз аты мен көкбоз атын бір қазыққа байлап, көз шырымын алмай күзетіп отырған екен. Соңында аттарды ала алмай таңда атып кетіпті-мыс.

Міне, осы аңыз арқылы жұлдыздардың бір-бірімен байланысы, орны, формасы суреттеледі. Қорытып айтқанда, қазақ халқы жетіқарақшы жұлдызының жылжуына қарап бағдарын айыратын, әрі уақыт белгілей алатын болған. Сондықтан қазақ ұлты : «Жетіқарақшыны таныған адам, айсыз қараңғы түнде бағытынан адаспайды» дейді. Шолпан жұлдызын да маңызды жұлдыз деп қарайды. Оны кешкі шолпан, және таң шолпаны деп екіге бөледі. Таң шолпанын «Болпан» деп те атайды. Сахара адамдары ежелден шолпан жұлдызының көтерілуі мен ондағы өзгерісіне қарап, түнгі уақытты белгілейтін, жылдың жақсы-жаман болуын бақылайтын болған.

Малшылар кешкі шолпан көрінісі мен өрістегі малдарын қайтарып қоралайтын, таң шолпаны көрінгенде таңның атуы деп уақыт айырады. Малшылар көші-қонда таң шолпаны көрінісі мен таң салқынында үйлерін жығып көшуге әзірленеді. Жолаушы жүруде шолпан туа жолға шығып, болпан туа қайтып келуі керек – деп уақыт белгілеп жүреді.

Шолпан жұлдызы көтерілгенде жарқырап, ашық көрінсе, сол жылы шөп қалың, жыл жақсы болады. Ал шолпан жұлдызы күңгірттеніп, солғын көрінсе сол жылы жердің көктеуі нашар, тақыр, жыл жайсыз, тіпті, құрғақшылық жұт болуы мүмкін деп межелейді екен. Есепшілердің тәжірибесінде әр 8 жылда бір рет шолпан жұлдызы күңгірт, солғын көрінеді дейді. Ауыр жұт көбінде осы жылдарда болады деседі. Сондықтан шолпан жұлдызы солғын, күңгірт көрінген жылдары жыл жақсы болмас па екен деп ерекше сақтық дайындықтар жасаған.

Үркер шоқ жұлдызы (алты үркер) да маңызды жұлдыз. Үркер мен айдың жүру бағыты ұқсас, екеуі де шығыстан батысқа қарай жылжиды. Көріністе үркердің жылжуы айдың жылжуынан баяу көрінеді. Осы барыста үркер әр айда бір рет айдан озып шығып отырады әрі бір рет бір аумаққа келеді. Ай мен үркердің қатарласып келіп, үркердің көрінбеуі – мұны айдың тоғауы дейді. Осыдан айдың тоғыс есебі шыққан. Әр айдың тоғайтын күндері тұрақты болып, дағды бойынша әр айдың тақ күніне тура келеді. Үркер маусымның біріне тоғап, жерге түседі де, осы беті мен 40 күн жерде жатады. Бұл кезде түнгі аспаннан үркерді көруге болмайды, яғни шілде айында мүлдем көрінбейді. Мұны «қырық күн шілде» деп атаған. Тек, мизам айында ғана үркер көтеріледі.

Не үшін «үркерлі айдың бәрі қыс, үркерсіз ай жаз» делінеді немесе үркер қыс айларында көрініп, жаз айлары көрінбейді?

Оның себебі – жаз шығып, күн жылына үркер күн мен бірге туып, бірге батады да, күн бата көкжиектің астына түсіп кететіндіктен күндізгі жарықта оны көре алмаймыз, ал қыс маусымында көкжиектен қараңғыда көтерілгендігі үшін көре аламыз. Сонымен үркердің көтерілуін байқаған малшылар «Ойбай-ау, үркер көтеріліп қалыпты, қошқарлар бас көтеретін уақыт болыпты» десіп, қошқарларға күйек байлап, қой ішіндегі тоқты қошқарларды айыра ғастайды. Сонымен, жаз маусымының өтіп күз маусымының басталған есебі қасалады. Ал үркердің онан әрі көтерілуін бақылап, үркер төбеге келді, қыс ортасы болды деп, үркердің өзгерісіне қарай қыс, жаз маусымдарының ауысуын, қатысты мал шаруашылық жұмыстарды орналастырып отыратын болған.

Таразы жұлдызы мен сүмбіле жұлдыздары жыл есепшілерінің бақылауынан қағыс қалмаған. Сондықтан ел ішінде «Таразы туса, таң салқын бидәй, тары піседі»,

«Сүмбіле туар сүмпиіп,

Ат семірер құнтиып,

Таразы туса таң суыр,

Сүмбіле туса күн суыр» – деген тәмсіл қалған. Себебі таразы жұлдызының тууы шілденің соңындағы жеміс-жидек пен егіннің пісетін кезіне тура келеді.

Ал сүмбіленің тууы тамыздың соңғы жартысы мен қыркүйектің бастапқы кезіне тура келеді. Осы кезде шөп пісіп, шық түсіп, жылқы малының шыбын-шіркейден жаны жай тауып, ет алып, қоңыр күздің келе жатқан нышаны байқалады.

Жұлдыздардың түсіе қарап, «Қыста жұлдыз шаңқиып тұрса ертеңінде аяз болады, жазда шаңқиып тұрса ертеңінде ыстық болады, жұлдыздар жыпылықтап тұрса боран соғады» деген өмір тәжірибесін қортындылаған.


Айдың тоғыс есебі

Қазақ есепшілері үркердің айдың қасына келуін немесе ай мен үркердің бір аумаққа түсуін айдың тоғауы дейді. Ол мынадай тәртәппен болады.

Бірінші күні тоғайды, екінші күні ауыл үй қонады, үшінші күні озып шығады. Әр айдағы ай мен үркердің қозғалысын бақылау арқылы тоғас есебі жарыққа шыққан. Қазақ ай есебі бойынша әр айдың тоғайтын күндері тұрақты болып, дағды бойынша айдың тақ күндеріне тоғайды. Нақтап айтқанда, әр айдың тоғауы қаңтарадың 11 күні, ақпанның 9 күні, бірдің айының 7 күні, көкектің 5 күні, мамырдың 3 күні, маусымның 1 күні тоғайды да, шілдеде үркер жерге түсіп, содан кейін тамыздың 21 күні, мизамның 19 күні, қазанның 17 күні, қарашаның 15 күні, желтоқсанның 13 күні тоғайды. Айдың тоғыс кезінде үркер мен ай бір-бірінен алыс болса, «Бұл екеуі бір-біріне қырбай қабақ болған екен, қырсығы мал мен жанға тимесе игі еді» деп қауіптенетін.

Егер үркер мен ай жақын келсе, «бұл екеуі жараса қалған екен, мал мен жанның жағдайы жаман болмас» деп жақсылыққа жоритын болған. Қазақ есепшілері, үстегі айдың қайсы ай екенінен жаңылса болғаны, тоғыс есебі арқылы үркерді бақылап, үркер мен айдың тоғауына қарап сол айды айырып алады.

Амал есебі

Сахарада мал шаруашылық тұрмысында мал төлдету, жайлауға көшу, шөп шабу, қой қырқу, күйек байлау және күйек алу сияқты әр алуан жұмыстардың өзіндік заңды мезгілдері болады. Амал есебі осыған сай жарыққа шыққан. Сондай-ақ, амал есебі әр айдың мезгілдік мал-жанға жайсыз, ауарайы өзгергіш күндеріне де қаратылған. Сондықтан қазақ есепшілері амал арқылы есеп жасап, әр мезгіл әр айдағы өндірістік кезеңдермен ауарайы жағдайын, жұртқа алдын ала хабарлап отыратын болған.

Амал есебі әр айдың құрамына сіңдірілген. Қазақ есебінде бір амал алты күн, әр айда екі амал, он екі айда жирма төрт амал болады. Бұл амалдарды – отамалы, құралай, саратан-зауза, қос мырза-қос ағайын, киіктің матауы, тақпан, боқырау, әз, сарша, қара дауыл, қауыс, ақырап, сар тамыз т.б. деп атаған. Әр айда келетін амалдар туралы ел аузында түрлі аңыздар да болған. Қазақ жыл есебінде, отамалы көкек айының 11-інде кіріп, 17-інде шығатын амал.

Отамалы кіргенде күн жылынып, қар ериді, жақсы жылдары ат көзінен шөп келген мезгілдерде болған деседі. Бірақ, қыстың зәрі отамалында шығатындықтан, отамалы желсіз- борансыз өтпейді. Егер отамалы қарсыз қара жерге келсе, онда соңынан қатты суық болады деп сақтық жасайды. Отамалы туралы мынадай бір аңыз қалған.

Ертеде байдың бір отамалы деген қойшысы болған екен, ол есеппен күн қайыра біледі екен. Көкек айының мәлім бір күні, «Байеке, қойды бүгін дала жайылысына шығармайық, ауарайы бұзылатын сияқтанады. Қойдың қыстан титықтап шыққан кезі, малыңнан айырыласың» десе, бай оның сөзін тыңдамай, керісінше «Сен тоғышарлық істеп отырсың, көкек айындағы қайдағы қарлы боран», – деп Отамалды зорлап қойды жайылысқа шығарып жібереді. Сол күні Отамалының болжағанындай ауарайы бұзылып, үш күн, үш түн қатты боран соғыпты. Алдындағы қой ығып кетіп, бірақ қырылыпты. Отамалы да қойдан қалмайын деп жүріп, үсіп өліпті. Сонымен көкек айының осы боранды суық мезгілін «Отамалы» деп атап кеткен екен.

Саратан-Зауза амалы маусым айында келеді. Әдетте маусым айында күн жылынып, түйе күзей бастайды. Бірақ, кей жылдары маусым айында аурайында тұтқиыл өзгерістер болады. Тәжірибелі малшылар саратан-зауза амалы кіретін мезгілінде, «Жабу астында жан қалады, жан қалмаса жал қалады» деп мініс аттары мен сауын сиырларын жабулап, малын ықтасын жерге қайырмақтап сақсынады.

Саратан-зауза жөнінде ертеде мынадай аңыз болған екен. Асылы, саратан түйенің аты, Зауза бір қыздың аты екен. Күндердің бірінде маусым айы кіріп, күн жылынған бір күні Зауза қыз сары атанын қомдап, жалаң киім мен отын әкелмекші болып шығып кетеді. Сол күні ауарайы тұтқиыл өзгеріп, алай-дүлей қарлы боран соғып, саратан мен Зауза қыз да далада үсіп өледі. Сонымен, маусым айының осы өзгерісі көп мезгілін солардың атында «саратан-зауза» амалы деп атаған екен. Қазақ амал есептерінде «Наурыз болмай әз болмайды, әз болмай, мәз болмайды, әздің кіргенін қой біледі, зерек қойшы біледі, сәуір болмай тәуір болмайды», – деп амалдарға түрліше сипаттама берген.

«Қос мырза қос ағайын, киіктің матауы, қазанның қара дауылы, құралайдың қоңыр салқыны» қатарлы амалдар кіргенде туатын ауарайы өзгерістерін алдын ала есептеп, мал-жанын қорғау жағында түрлі сақтық амалдарын жасап отырған.

Дайындаған: Ұларбек Дәлейұлы


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер