Британ музейіндегі етік - Жәдігер|01 Қаңтар 2016, 00:00
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Британ музейіндегі етік

Астана. 19 наурыз. Baq.kz - Әлемдегі ең ірі мәдениет орындарының бірі Лондондағы Британ музейінің тарихы әріде жатыр. 1753 жылы негізі қаланған музейдің қорында бүгінде миллиондаған жәдігер бар. Соның бірі мына суреттегі етік.  

Өзін Катя деп таныстырған музей қызметкері біз іздеген жәдігердің Ислам залында қойылғанын айтады. Барып, көріп, суретке түсірдік. «Мен Эстониядан көшіп келдім. Лондонда тұрып жатқаныма он жылдай болды. Музейде жеті жылдан бері жұмыс жасаймын. Музейге күніге мыңдаған адам келеді. Кіру тегін. Музей қоры өте бай», — дейді ол. Катя Орта Азия елдері залында, соның ішінде Үндістан мен Қытай туралы мағлұматтар қойылған залда жұмыс істейді. Орыс тіліне судай. Орталық Азия елдерінен музейге келушілер қатары көп екенін айтады.
Қолдан тігілген аяқкиімнің жанында жазылып тұрған дерекке сүйенсек, бұл мәсі 1900 жылы жасалған. Малдың иленген таза терісінен жасалған аяқ киім әсем ою-өрнектермен көмкерілген. Қошқар мүйіз оюы, жапырақтар суреттері бар. Өкшесі биік емес. Сыртынан кебіс киюге ыңғайлы етіп жасалған. Тері қоңырға, жасылға боялған. Кебістің Балқаш көлі маңында жасалғаны жазылған.
Бұл етік туралы әлеуметтік желілерде де көп жазылды. Оны қазақтың емес, ертеде жасалған татарлардың етігі дегендер де болды. Алайда, ағылшын ғалымдарының пікірі нақты — ол қазақ жерінде тігілген етік. Ислам залында тұрған жәдігердің қасында өзге түркі тілдес елдердің де аяқ киімдері бар. Музей қызметкерлерінің айтуынша, мұнда әлемдегі ислам елдерінде ертеде жасалған 25 сыңар аяқкиім сақтаулы. Барлығы да ерекше стильде, табиғи материалдардан жасалған. Соның ішінде ең ерекшесі бір ғасырдан астам уақыт бұрын жасалған қазақ әйелдері мен ерлеріне арналған мына мәсі. Бұл жәдігерге қатысты барлық мәлімет әзірге осы ғана. Музей қызметкерлері қандай да бір дерек белгілі болған жағдайда хабарласатындарын айтып қоштасты.
P.S. Айта кету керек, өткен жылдың аяғында ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ және Қазақстандағы Британдық кеңестің бастамасымен жарияланған «Ұлттық инновациялар байқауында» жүлде алған журналистерге Лондон қаласына жолдама берілген еді. 12 наурыз күні осы байқауда түрлі номинация бойынша жеңімпаз атанған жеті журналист Ұлыбританияға аттанды. 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ,
Лондоннан


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер