Астанада Жетісудың жауһар жәдігерлерінің көрмесі өтті - Жәдігер|11 Шілде 2017, 19:22
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Астанада Жетісудың жауһар жәдігерлерінің көрмесі өтті

Фото: Абзал Қалиев

ҚР Қарулы Күштерінің Әскери-тарихи музейінде М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи өлкетану музейінің «Туған өлке – тұнған тарих» атты көрмесі ашылды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Көрмеге Жетісу жерінде өткен тарихи оқиғаларға қатысты экспонаттар, өңірдегі тарихи тұлғаларға жеке-жеке арналған жәдігерлер ұсынылған. Көрме экспозициясының хронологиясы Сақ заманынан бастау алады.

Тарихи жәдігерлер көрмесінің ашылу салтанатына қатысқан Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар бұл мәдени шараның ЭКСПО-2017 көрмесіне арнайы ұйымдастырылып отырғандығын айтты.

– М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи өлкетану музейінде әр тасына басылған тарихы бар Алматы облысының жәдігерлері, батырларымыздан қалған мұралар жинақталған. Сол шежірелі экспонаттардың арасында сыртқа шығаруға болмайтын, сирек кездесетін жәдігерлерді алып келдік, - деді Жақсылық Мұқашұлы.

Жетісу жеріндегі асыл мұралардың Астана төріне жеткендігіне қуанған ҚР Қорғаныс министрлігі Бас штабы бастығының орынбасары Мұхамеджан Таласов көрме ұйымдастырушыларына ризашылығын білдірді.

– Көрменің ашылуы Астана халқы мен қонақтарына ерекше әсер қалдыратыны сөзсіз. Өйткені бүгін Жетісу жеріндегі тарихтың ізі қалған мәдени мұралар жинақталып отыр, - деді Мұхамеджан Таласов.

Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар ҚР Қарулы Күштерінің Әскери-тарихи музейіне өз тараптарынан сый-сияпат тарту етті.

– Бүгін көрмеге Алматы облысы Мұхамеджан Тынышпаев атындағы облыстық өлкетану музейі мен филиалдарының қорынан алынған 231 ерекше экспонат әкелініп отыр. Олардың арасында ешқайда шықпаған құнды жәдігерлер де бар. Атап айтқанда, Балпық бидің дулығасы бар. Оның сыртында Есік қорымынан табылған Алтын адам ескерткіші, Қазақ-Жоңғар шапқыншылығы, Шоқан Уәлихановтың өзі ұстаған тапаншасы, Қашқария сапарына барған кездегі тағынған парша белбеуі, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқан көтерілісшілердің қару-жарақтары, Ұзақ батырдың шоқпары сияқты біздің музейдің құнды жәдігерлері жеке-жеке экспонат ретінде көрмеге қойылды. «Ата-баба аңсаған мәңгілік ел» атты көркемсурет галереясын да ұйымдастырып отырмыз. Осылайша өзімізбен қоса, әр аудандардағы 19 музейде сақталған асыл мұраларды жинақтап Астана тұрғындары мен ЭКСПО қонақтарының назарына ұсынып отырмыз, - дейді Мұхамеджан Тынышпаев атындағы облыстық өлкетану музейінің директоры Рысжан Аязбаева.

Айта кетейік, Мұхамеджан Тынышпаев атындағы Алматы облыстық өлкетану музейіндегі жәдігерлердің қоры 24 мыңнан асады. Ал Алматы облысында 60 238 музей жұмыс жасаса, оның 30 мыңнан астамы негізгі қорды құрайды.

Фото: Абзал Қалиев


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер