АЛАШОРДА ҮКІМЕТІНІҢ ҚҰЖАТТАРЫ - Жәдігер|01 Қаңтар 2012, 00:00
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

АЛАШОРДА ҮКІМЕТІНІҢ ҚҰЖАТТАРЫ

Астана. 07 қараша. Baq.kz- Қазақ өлкесінде аса үлкен саяси маңызы алған Алашорда үкіметі туралы Тәуелсіздік жылдарынан бері ғылыми түрде терең зерттеліп жүр. Ол жайлы деректер баспа беттерінде көптеп жарияланып жатыр. Алашорда қозғалысы тарихының деректемелік негіздерінің алғашқы ғылыми жіктелу үлгісі зерттеушілер Д.Аманжолова, К.Нұрпейісов және М.Қойгелдиевтің еңбектерінде көрсетілген.

 

Зерттеуші К.Нұрпейісов «Алаш һәм Алашорда» деген еңбегінде деректерді төрт топқа бөліп көрсетеді:
1) 20-30-шы жылдарда жеке жинақтарда жарияланған деректер;
2) 1913-1918 жылдарда қазақ ұлттық баспасөзінде жарық көрген деректер;
3) Қазақстанның, Ресейдің, Америка Құрама Штаттарының, Францияның, Түркияның т.б. елдердің мұрағаттары мен кітапханаларында сақталған деректер;
4) Алаш қозғалысының Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедов, Мұстафа Шоқайұлы, Мұхаметжан Тынышбаев сияқты жетекші қайраткерлерінің жеке мұрағаттары мен жарияланған еңбектерінде кездесетін деректемелер.
Қазіргі кезде Алашорда қозғалысының қызметін жан-жақты көрсететін құжаттар жинағын жаңа деректер негізінде шығару қажеттігі және оның алынатын көздері туралы айтылуда.
Семей қаласындағы «Қазіргі заман тарихы құжаттамасы орталығының» археографы Л. Қадырова Алаш үкіметінің кеңселік іс-қағаздарының бланктері әр түрлі сипатта болғанын айтады:
1.Алашорда үкіметі мен Семей облыстық Алашорда комитеті кеңселік іс-қағаздары бланктері түсі ақ, қалың, ал Алаш әскери ұйымы штабы қолданған бланктер сары, жұқа, көлемі жағынан кішірек болып келеді;
2. Алашорда үкіметі мен Семей облыстық Алашорда комитеті бланк қағаздарының көлемі өзгермелі.
3. Бланктерде сол жағында штамптер басылған.
Штамптердегі жазулардың мәтіні қазақ және орыс тілдерінде. Ал құжатқа қойылған мөрлерде қазақ және орыс тілдерінде, арабша төте жазылған жазуларды байқауға болады. Жалпы қойылған мөрлердің түсі, сиясы күлгін, ашық көк болып келген. Алашорда үкіметінің мөрі 1918 жылдың маусым айынан қазан айына дейінгі кеңселік іс-қағаздар бланктеріне қойылған екен, ал Семей облыстық Алашорда комитетінің мөрі 1919 жылдың қыркүйек, қараша айларындағы іс-қағаздарына қойылған. Осы құжаттарға қарап Алашорда үкіметінің кеңселік іс-қағаздарының толтырылу мазмұнына сәйкес, осы үкіметтің атқарған қызметтерін көруге болады.
Тағы бір айта кететін мәселе бұл Алашорда үкіметінің ресейлік аймақтық үкіметтермен қарым-қатынас жасауы және үлкен саяси күштермен арасындағы байланысты айқындайтын деректер мұрағат қорынан табылады. Мысалы, Сібір Облыстық Кеңесі (Сібір думасы және Сібір автономиясы атауларымен де белгілі желтоқсан 1917 жыл-қаңтар 1918 жыл), Сібір Уақытша үкіметі («Уақытша Бүкілресейлік үкімет» деп аталған маусым-қазан 1918 жыл), Самара Құрылтай жиналысы мүшелерінің комитеті
(«Комуч» үкіметі, маусым-тамыз 1918 жыл ), Уфа Директориясы (қыркүйек –қараша 1918 жыл), Колчак үкіметі (қараша 1918 жыл-желтоқсан 1919 жыл) және Кеңес өкіметі (ақпан –маусым 1918 жыл). Сонымен қатар аталған саяси күштердің жергілікті бөлімдерімен арақатынастық сипатын көрсететін де - осы құжаттар.
Алаштанушы азаматтарымыздың бірі Е.Сайлаубай Семей мұрағатында сақталған құнды құжаттарды бірнеше мағыналы топқа бөліп көрсетіп жазады: 1) Алаш әскери ұйымын құру және жабдықтау; 2) Алашорда үкіметінің және жергілікті ісіндегі түрлі саяси күштермен саяси-экономикалық қарым-қатынас (облыстық комиссариат, облыстық басқарушы, облыстық земство, уездік земство, қалалық дума, т.т.); 3) Алашорда үкіметі және Қазақ облыстық соты; 4) Алашорда үкіметінің орталық және жергілікті Колчак үкіметімен арақатынастық байланысын көрсететін құжаттар. Жалпы айтқанда, Алашорда үкіметінің ең елеулі, басты бағытты мақсат-міндеттерінің бірі – ұлттық әскери жасағын (милиция ) құруды іске асырып орындау болды. Осы міндеттің шешілу жолын айқындап, зерттеуге мұрағаттағы құжаттар негіз болады. Сонымен бірге Алашорда үкіметінің кеңселік іс-қағаздарының мөрлері, штамптері басылған құжаттар көптеп саналады. Құжаттарға сүйенсек, Алашорданың кеңселік іс-қағаздарының қолданылуы 1918 жылдың маусым айынан бастап, 1919 жылдың қазан айына дейінгі уақытты қамтиды.
 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер